Accessibility links

Ақтөбеде спорт мектебінде оқушы қаза тапты. "Әлімжеттік көрсеткен" екі бала ұсталды


Бейтарап сурет.
Бейтарап сурет.

Ақтөбеде Есет батыр атындағы спорт мектебінің оқушысы Бексұлтан Әбубәкірдің қазасынан кейін екі күдікті қамалды. Оның бірі – 9-сыныптың, екіншісі – мектеп жанындағы колледждің 21 жастағы оқушысы. Күдіктілердің екеуі де Бексұлтан Әбубәкірмен бір жатақханада тұрған.

Ақтөбе полициясы 14 жастағы оқушының қаза болу дерегі бойынша "Бұзақылық", "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабымен іс қозғалғанын хабарлады. Ал Есет батыр атындағы спорт мектебінің басшылығы мен мұғалімдері "Міндеттеріне адал қарамау" бабымен тергеле бастаған.

Ақтөбелік 14 жастағы Бексұлтан Әбубәкір 11 сәуір күні Есет батыр атындағы спорт мектебінің жатақханасында мерт болған.

- Кешкі тоғыз жарымдар шамасында Бексұлтанның тәрбиешісі хабарласып, балаңызды жедел жәрдем алып кетті деді. Пойызда кетіп бара жатыр едім. Дереу әкесіне хабар бердім. Жолдасым жедел жәрдем ауруханасына барса, балам кетіп қалыпты, - дейді марқұм баланың анасы Зоя Базарбаева.

Алдын ала ақпарат бойынша, 8-сыныпта оқитын он баланы жоғарғы сыныптың оқушылары жатақхана бөлмесіне кіргізіп алып, "әлімжеттік жасаған".

Бексұлтан – егіздің сыңары. 6-сыныптан соң егіз ұл Есет батыр атындағы спорт мектебіне түсіп, сол жерде оқып жүрді. Екеуі де еркін күрестен спорт шеберлігіне кандидат.

- Ұлдарым оқитын интернатта ер балаларға әлімжеттік жасалды екен дегенді бұрын да еститінбіз. Бірақ Бексұлтан мен Ерсұлтан ешқашан үйге шағым айтып келген емес. Кешегі әлімжеттікті ұлым Ерсұлтан өз көзімен көрген. 9-сыныптың оқушысы Бексұлтанның кеуде сүйегінен тепкен. Шалқалай құлаған ұлым сол жерде бірден жан тапсырған, - дейді егіз ұлдың әкесі Қайрат Қалназаров.

Бексұлтанның құлаған сәті дәліздегі видеокамераға түсіп қалған.

Есет батыр атындағы спорт мектебінің директоры Қайрат Ажбағамбетов спортшы балалар арасында әлімжеттік жоқ деп санайды.

- Менің осы мектепке келгеніме екі ай болды. "Дедовщина" бар дегенді естіген емеспін. 11 сәуірде жоғарғы кластың балалары мен төменгі кластың балалары төбелесіп қалған. Не үшін, қалай болғанын тергеу анықтайды. Тәрбиешіге хабарласқанымда бала құлап қалды, жүгіріп бардым, төбелес көрген жоқпын, жедел жәрдем алып кетті деді. Менің білетінім – осы, - дейді директор.

Туыстары Бексұлтан Әбубәкірді жексенбі, 14 сәуірде ақтық сапарға шығарып салды. Ата-анасы ұлдарының денсаулығында ешқандай кінарат болмағанын айтып, Бексұлтанға әлімжеттік жасағандардың қатаң жазалануын талап етіп отыр.

Қазақстанның жасөспірімдер арасында топ болып төбелесу, әлімжеттік жиі болып тұрады. ЮНИСЕФ дерегінше, Қазақстанда мектептегі балалардың 66%-ы кемсітушілікке тап болады, 44%-ы әлімжеттікке ұшырайды, 24%-ы басқа балаларға кемсітушілік көрсетеді.

Қазақстанда мектептегі әлімжеттік басылмай тұр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:04 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG