Accessibility links

Тбилисиде билік партиясы "шетел агенті" туралы заңды қолдап митинг өткізді


"Шетел агенті" туралы заңды қолдау митингісі.
"Шетел агенті" туралы заңды қолдау митингісі.

Грузия астанасы Тбилисиде биліктегі "Грузия арманы" партиясы ұйымдастырған "шетел агенті" туралы заңды қолдау митингісіне жүз мыңға жуық адам қатысты.

Партия "Шетел ықпалының ашықтығы туралы" заң жобасына қатысты оппозициямен таласта қолдау алу үшін жақтастарын митингіге шығуға шақырды. Грузия парламенті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған. Билік қарсыластары оны "шетел агенті туралы заң" немесе "орыс заңы" деп атайды.

Митингіде премьер-министр Ираклий Кобахидзе мен парламент төрағасы Шалва Папуашвилиден бөлек, "Грузия арманы" партиясының негізін қалаушы, партияның құрметті төрағасы қызметін атқаратын миллиардер Бидзина Иванишвили сөз сөйледі. Ол жақтастарына бұрынғы президент Михаил Саакашвили мен оның "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясының "билікке оралуына жол бермеуге" уәде берді. Иванишвили "Батыстағы белгілі бір күштер" Грузияны жаңа соғысқа итермелеуге дайын "халыққа қарсы күштердің" мүдделерін қолдады деп айыптады.

Митингіде бюджеттегі ұйымдарда істейтін қызметкерлер де көп болды. Мұны билік жасырмады: парламент вице-спикері Мамука Мдинарадзе бірнеше күн бұрын "жалпыұлттық жиналыс" туралы жариялап, "бюджет қызметкерлерінің" де өз пікірін білдіруге құқығы бар деп мәлімдеді.

29 сәуір таңертеңнен бастап оппозициялық телекомпаниялар Грузияның бірнеше өңірінен репортаж жүргізді, онда мұғалімдер, балабақша тәрбиешілері, муниципалитет қызметкерлері автобустарға отырып, ел астанасындағы "митингіге" бара жатты.

Танымал кинорежиссер Георгий Хаиндрава Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында митингіге "Грузияның мемлекеттік егемендігін қорғауға және елде төңкеріс жасаудан сақтауға" келгенін айтты.

Цотне Иванишвили митингіде. 29 сәуір, 2024 жыл.
Цотне Иванишвили митингіде. 29 сәуір, 2024 жыл.

Мұның алдында оппозиция митингісі өтті, ол кезде полиция бірнеше рет көзден жас ағызатын газ шашты. Арнайы қызметтер парламент ғимаратының қақпасын жауып тастады. ІІМ қызметкерлері митингіде бір ғана адамды қамауға алды, ол — НАТО-дағы еуринтеграция және интеграция жөніндегі бұрынғы мемлекеттік министр Алексий Петриашвили. Оны "полицияның заңды талаптарына бағынбады" деп, хаттама толтырды. Петриашвилиге айыппұл салынуы мүмкін немесе әкімшілік қамауға алынады.

29 сәуірде заң мәселелері жөніндегі парламент комитетінде заң жобасының екінші тыңдауы өтті. "Лело" оппозициялық партиясының депутаты, Грузияның ЕО-дағы бұрынғы елшісі Саломе Самадашвили оны комитет төрағасының бұйрығымен "ережені бұзды деп" залдан күшпен шығарғанын хабарлады.

"Бұл заң қабылданар болса, Грузия ЕО-мен визасыз режимді жоғалтып алу қаупі бар деп айтуға тырыстым, бірақ мені шығарып жіберді" деді Саломе Самадашвили Азаттыққа берген жауабында.

Талқы кезінде оппозиционерлер билік партиясындағы әріптестеріне олардың сілтемесі формасы жағынан ұқсас болғанмен, мәні мен мақсаты келмейді деді, айтуларынша, АҚШ, Франция және басқа демократиялық елдердің заңдары Грузияға мүлдем қолайсыз.

Олардың сөзінше, Батыс мемлекеттеріне қарағанда Грузияда биліктің ауысуы және тәуелсіз сот жүйесі сияқты демократия институттары әзірше жоқ. Оппозиционерлер осыған байланысты бұл заң Ресейдегідей азаматтардың бостандығын шектеп, қуғын-сүргін мен қысымды күшейтеді деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG