Accessibility links

Тәжікстан СІМ Ресей елшісіне наразылық нотасын жіберді


Ресейдің Тәжікстандағы елшісі Семён Григорьев
Ресейдің Тәжікстандағы елшісі Семён Григорьев

Тәжікстан сыртқы істер министрлігі "Ресей аумағындағы тәжіктерге жағымсыз көзқарастарға, олардың құқығы мен бостандығы жаппай бұзылғанына қатты алаңдаушылық білдіріп", 29 сәуірде Ресейдің Душанбедегі елшісі Семен Григорьевке наразылық нотасын жолдады.

Ресей тарапы әзірше бұған реакция танытпады, бірақ екі күн бұрын Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова шетел азаматтарының Ресей шекарасында біраз тұрып қалғаны, атап айтқанда, Ресей–Қазақстан құрлық шекарасындағы мәселелерге "Крокус Сити Холл" концерт залындағы терактіден кейін қауіпсіздік шаралары күшейтілгені себеп деп мәлімдеді.

Қазір Ресей–Қазақстан шекарасында және Мәскеу әуежайларында Тәжікстанның жүздеген азаматы Ресейге өте алмай тұр.

"Мұндай шектеу тек Тәжікстан азаматтарына қатысты қолданылып жатыр, бұл Тәжікстан–Ресей қатынастарының рухы мен дәстүрлеріне түбегейлі сәйкес келмейді" делінген нотада.

Захарова "мұндай қадамдар уақытша сипатқа ие және келуші адамдардың ұлтына қарамастан қабылданып жатыр" деді.

Тәжікстан мен Ресей — стратегиялық серіктестер. Тәжікстан бірқатар аймақтық ұйымдар құрамында көп жағдайда Кремль әрекетін қолдайды. Ресейдің шетелдегі ең ірі әскери базасы Тәжікстанда орналасқан.

26 сәуірде Тәжікстан сыртқы істер министрлігінде Ресей елшісі Семен Григорьевпен кездесу өтіп, онда басқа мәселелермен қатар Тәжікстан азаматтарының кейінгі бірнеше аптада Ресей шекарасынан өту кезінде көрген қиындықтары талқыланды.

27 сәуірде Тәжікстан СІМ мәлімдеме жасап, өз азаматтарына Ресейге бармауға кеңес берді.

26 сәуірде Тәжікстанның бірнеше азаматы Внуково әуежайына келген жүздеген тәжік азаматының әуежайда ұсталып, Ресейге кіре алмай жатқанын хабарлады. Оның себебін оларға ешкім түсіндірмеді дейді.

22 сәуірден бастап Ресей-Қазақстан шекарасының бейтарап аймағындағы "Сагарчин" пунктінің жанында тәжік нөмірі бар ондаған көлік тұрып қалды. Жүргізушілер Азаттықтың Тәжік қызметіне видео жіберіп, тәжік нөмірі бар 180-ге жуық көлік Ресей аумағына кіруге рұқсат күтіп тұрғанын хабарлады. Орынбор облысындағы бақылау-өткізу пунктінде тәжік азаматтарынан мұқият жауап алынып жатқаны айтылды.

Ресей мемлекеттік құрылымдарының Орталық Азия елдерінен шыққан мигранттарға қысым көрсетуі Мәскеу іргесіндегі "Крокус Сити Холл" концерт залындағы терактіден кейін күрт өскені байқалады. Бұл іс бойынша айыпталушылардың басым бөлігі — Тәжікстан азаматтары.

Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы ксенофобиялық агрессияның күшеюіне және Ресейдегі тәжік мигранттарының құқықтары бұзылуына алаңдаушылық білдірді.

HRW терактіден кейінгі аптада көші-қон заңнамасын бұзған мигранттарға қарсы сот ісінің саны 70 пайыз өскенін анықтады.

Жыл сайын жүздеген мың Тәжікстан азаматы нәпақа табу үшін Ресейге барады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG