Accessibility links

"Көшуге дайынбыз". Ресейдегі қазақтардың мобилизация жариялағаннан кейінгі ахуалы


Ресейдің Орынбор өңірінен Қазақстанға өту үшін шекарада кезекте тұрған адамдар мен көліктер. Ақтөбе облысы, 22 қыркүйек 2022 жыл.
Ресейдің Орынбор өңірінен Қазақстанға өту үшін шекарада кезекте тұрған адамдар мен көліктер. Ақтөбе облысы, 22 қыркүйек 2022 жыл.

Жеті айдан бері Украинаға шабуылдап жатқан Ресей президенті Владимир Путин 21 қыркүйекте "ішінара мобилизация" жүргізу жөнінде жарлыққа қол қойды. Іле-шала Ресей халқы жаппай шетелге ағылып кете бастады деген ақпарат тарады. Әлеуметтік желідегі видеоларға, Азаттық тілшілерінің деректеріне қарағанда, шекарадан Қазақстанға қарай өтіп жатқандар өте көп. Кей деректер бойынша, Ресейде 1 миллионға жуық қазақ тұрады. Олардың қазіргі көңіл-күйі қандай? Мобилизация туралы жарлықты қалай қабылдады? Азаттық Ресей қазақтарымен хабарласып, қазіргі ахуалды сұрады.

"БІР ІНІМ ҚАЗАҚСТАНҒА, БІРЕУІ ТҮРКИЯҒА КЕТТІ"

33 жастағы Гүлбарам Шақатова (аты-жөні өзгертілді) Санкт-Петербург қаласында тұрады. Балалары кәмелетке толмаған. Әпкесінің бір баласы – Түркияға, бір баласы Қазақстанға кеткен. Гүлбарамның айтуынша, бұған дейін Украинадағы соғысқа қала жастарын шақыра қоймаған. Жергілікті қазақтар арасында да соғысқа кеткен ешкім болмаған.

– Бір інім – Қазақстанға, біреуі Түркияға кетті. Үшіншісі Қазақстанға бүгін аттанбақ. Қазір әуежайда отыр. Кеше президенттің мәлімдемесінен кейін бәріміз абдырап қалдық. Есімізден танып, уайымдап, не істеп, не қоятынымызды білмедік. Негізінде, кеше жездем мен әпкем екеуі Астанаға, тойға кетіп бара жатқан еді. Аяқ астынан осындай хабар келді де, баласын да алып кетті, – деді Гүлбарам Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, әпке-жездесі баласын соғыс біткенше Қазақстанда қалдыруды ұйғарған.

Гүлбарам "Ресейдегі қазақ жастары қазіргі соғыстың мән-жайын толық түсінбейді" деп есептейді. Сөзінше әпке-жездесі Қазақстанға алып кеткен жиені де "жарты жылға соғысқа барам да қайтамын" деп жүрген. Қазақстанға күшпен жіберген. Ол айналасындағы таныстарының барлығы кәмелет жасынан асқан азаматтарды Ресейден сыртқа, шамасы келгені Түркияға, болмаса Қазақстанға жіберіп жатқанын айтты. Қазір Қазақстанға ұшатын ұшаққа билет те тапшы дейді ол.

Санкт-Петербургте бейресми есеп бойынша 13 мыңға жуық қазақ тұрады.

Ресейліктер Қазақстанға қашып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:55 0:00

"ҚАЗАҚСТАН КЕРІ ҚАЙТАРА МА ДЕП ҚОРҚАМЫЗ"

Ал Омбы облысындағы ауылдардың бірінде тұратын Қадырғали Жайықбаевтың (аты-жөні өзгертілді) сөзінше, Путин мәлімдемесінен кейін Қазақстанға шұғыл кетіп қалған жастар көп. Бірақ жергілікті тұрғындар Қазақстан кері қайтарып жібере ме деп қорқады.

– Кешеден бері ел іші дүрлігіп жатыр. Мен ауыл ақсақалдары алқасының жетекшісімін. Бізден ақыл сұрап келіп жатқандар да, алды-артына қарайламай кетіп қалғандар да бар. Бұрын әскерде болған азаматтар қазір Қазақстанға барса, келісім бойынша Ресейдің сұрауымен олар кері қайтарады екен. Біздің азаматтар осы жағынан қорқақтап отыр. Сондықтан барған жігіттерге тезірек Қазақстан азаматтығын беріп жіберсе. Қазірдің өзінде Украинадан 40-қа жуық азаматымыздың мәйіті келді. Бейбіт заманда бұл бізге оңай тиіп отырған жоқ, – дейді ол.

Қадырғали ақсақал көп жыл мемлекеттік қызметте істегенін, елге белгілі адам екенін айтып, сондықтан нақты мекен-жайын көрсетпеуді өтінді. Өзі де бала-шағасын Қазақстанға жіберіпті.

– Көп жастар Қазақстанға кеткісі келеді. Бірақ қандас туралы бағдарламаларың дұрыс жұмыс істемейді (Қазақстан үкіметінің шетелдегі қазақтарды қайтару бағдарламасы – ред.). Мәселен Ресейде орыстарды қайтару бағдарламасы бар. Егер көшетін болсаң барған жерінде бірден пәтер беріп, азаматтығын, жүргізуші куәлігін қолма-қол реттеп береді. Балаларын балабақшаға орналастырып, мамандығына сай қызметке тұрғызады. Оған қоса ай сайын қосымша қаржы беріп отырады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Астанадан 200 шақырым жерден жер сұрадық. "Басқа ештеңе керек емес. Жер берсеңдер болды, Омбы қазақтарын көшіріп, өзіміз орналасайық" деп. Бірақ жер бермеді. Үйді де, тіршілікті де өзіміз ұйыстырып алар едік, – дейді қария.

Астрахань облысында тұратын 33 жастағы Данияр Бексейіт (аты-жөні өзгертілді) жергілікті жерде мемлекеттік қызметте істейді. Ол кешеден бері жастар топ-тобымен кетіп жатқанын растады. Айтуынша, айналасындағы таныстары мен достары түгелге жуық кетіп қалған. Кәмелетке толмаған төрт баласы барын айтқан Данияр "қорқып отырмын" дейді.

– Запастағы офицермін. Бізді алдымен шақырады. Жағдайды бағамдап, бақылап отырмын. Шақыру алдымен бізге келеді. Естуімше біз жақ (Ресей – ред.) шекараны жауып, өткізбей жатыр. Ертең не болатынын білмеймін. Бәлкім бір амалын тауып Қазақстанға кетіп қалатын шығармын, – деді ол.

Данияр телефоны тыңдалатынын айтып, бізбен тек мессенджер арқылы ғана сөйлесті. Оның сөзінше, жергілікті қазақ жастары арасында соғыста қаза тапқандар көп.

"КІМ ҮШІН ӨЛГЕНДЕРІН ДЕ БІЛМЕЙДІ"

Ал самаралық Тілеуғайша Ақбаеваның (аты-жөні өзгертілді) айтуынша, ол тұратын қаладан үдере көшіп жатқандардың ішінде таныс қазақтар жоқ. "Біз өзі асықпайтын жұртпыз ғой. Ертең басымызға түскенде ғана қозғаламыз" дейді ол.

Отбасында үш қызы бар, ал жұбайы денсаулығына байланысты әскерге жарамсыз деп танылған, сол себепті де Тілеуғайша мобилизация отбасына кері әсерін тигізбес деп үміттенеді. "Біз емес, Қазақстандағы туыстарымыз уайымдап, "не істеп отырсыңдар, тез қайтыңдар" деп ұрсып жатыр" дейді ол.

– Шынымды айтсам, бәрі "мобилизация болады, қазақтардың балаларын соғысқа әкетіп жатыр" деп шошып жүр. Бірақ көшеміз деп жүрген қазақ жоқ. Бір-бірімізден сұрап жатырмыз ғой. Ал анау шекарада тұрғандар орыстар мен басқа ұлттар болар. Олардың көбі Қазақстанда тұратын туыстары мен таныстарына кетіп жатыр. Біз әзірге осында қала тұрамыз. Көреміз, – дейді ол.

Ресей армиясымен келісімшартқа отырып, әскери қызмет атқаруға үгіттейтін жарнаманың қасынан өтіп бара жатқан адамдар. Санкт-Петербург, 20 қыркүйек 2022 жыл.
Ресей армиясымен келісімшартқа отырып, әскери қызмет атқаруға үгіттейтін жарнаманың қасынан өтіп бара жатқан адамдар. Санкт-Петербург, 20 қыркүйек 2022 жыл.

Тілеуғайшаның сөзінше, Самарада келісімшартпен Украинадағы соғысқа барып, қаза тапқан қазақтар бар. "Соғыста қаза тапқандар кім үшін өлгенін де білмейді" деген ол майданға кетуге әлеуметтік жағдай, мұқтаждық басты себеп дейді.

– Әскери борышын өтеуге кеткендер соғысқа қатысқан жоқ. Қайтып келді. Соғысқа кеткендердің бәрі [Ресей армиясымен] келісімшартқа отырған жігіттер ғой. Ақша үшін кетті. Тіпті, 40-тан асқан кісілер де кетті. Жұбайым "ақша табымын деп анау да кетті, мынау да кетті" деп замандастарын айтып отырады. Әрине, бұл дұрыс емес қой. Не үшін соғысып жатқандарын білмейді. Кредит пен ипотекадан құтылудың жолы біреудің жеріне кіріп, соғысу, сонда өлу емес қой, – дейді Тілеуғайша.

Ол Путиннің агрессиялық саясатын қолдамайтынын, бірақ қарсылық та білдіре алмайтынын жасырмады.

Азаттық тілшісі сөйлескен Ресейдің Қазақстанмен жапсарлас Челябинск және Орынбор облыстарында тұратын қазақтар жергілікті жерде дүрбелең болып жатқанын, қазақтар көшуге дайындалып отырғанын айтады.

"Қазақстан сырттан келетін қазақтардың азаматтығын Ресейдегідей жылдам дайындап беретін болса және мамандығына сай қызмет тауып берсе, бәрі барар еді" дейді. Олар Қазақстандағы қандастарды көшіріп алу бағдарламасын "басы бар, аяғы жоқ" деп сынайды.

Биыл 24 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин "Украинаны денацификация және демилитиризация жасаймыз" деген желеумен "арнайы әскери операция" бастаған. Халықаралық қауымдастық Мәскеудің бұл шешімін "агрессия" деп бағалап, Кремльге үсті-үстіне санкция салды.

Осы соғыс барысында Ресей Украинаның шығысындағы біраз аймақты басып алды. Алайда қыркүйек айынан бастап Украина қарулы күштері елдің шығысындағы кейбір ауданды Ресей әскерінен азат етіп жатыр.

Полиция мобилизацияға қарсы наразылық акциясына шыққан азаматты ұстап жатыр. Санкт-Петербург, Ресей, 21 қыркүйек 2022 жыл.
Полиция мобилизацияға қарсы наразылық акциясына шыққан азаматты ұстап жатыр. Санкт-Петербург, Ресей, 21 қыркүйек 2022 жыл.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, соғыс кезінде 6 мыңға жуық бейбіт адам қаза болған. Қаза тапқан жауынгер санына байланысты әртүрлі дерек бар. Украина қарулы күштерінің мәліметі бойынша, олар 9 мыңдай сарбазынан айрылған. Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу мобилизация жариялаған күні берген сұхбатында 5937 әскери қызметкер қаза тапты деді. Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің есептеуі бойынша, Ресей бұл соғыста 25 мыңдай сарбазынан айырылған.

Шойгудың айтуынша, "ішінара мобилизация" барысында Ресейден әскерге 300 мың адам шақырылмақ. Бірақ кей сарапшылар әскерге бұдан да көп адам шақырылады деп болжайды. Ресейдің түкпір-түкпірінде соғысқа қарсы наразылықтар өтіп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG