Accessibility links

Жарты жыл соғыстан кейін Путин әскер қатарын көбейтуді тапсырды. Мұның себебі неде?


Украинадағы соғысты қолдауға арналған марш кезінде сапта тұрған жауынгерлер. Волгоград, шілде айы 2022 жыл.
Украинадағы соғысты қолдауға арналған марш кезінде сапта тұрған жауынгерлер. Волгоград, шілде айы 2022 жыл.

Ресейдің Украинадағы басқыншылық соғысы әлі жалғасып жатыр. Сарапшылар Ресей әскері Украинаға басып кірген алты айда Совет одағының Ауғанстанда он жыл соғысқандағы шығынына пара-пар шығын көрді дейді. Бұған Ресей президенті Владимир Путиннің армия қатарын толтыру туралы бұйрығының қандай қатысы бар?

Алты ай бұрын Украинаға басқыншылық жасаған Ресейге сарбаздар жетіспей жатыр.

Ресей әскерінің осы жарты жыл ішіндегі шығыны туралы деректер әртүрлі. АҚШ, Ұлыбритания мен Батыс елдерінің барлау қызметі Ресей жағынан қаза тапқандар мен жараланғандар саны 70-80 мыңға жетті дейді.

Ресей командирлері мен жасақтаушылар әскер қатарын толтыру үшін бірнеше ай бойы баяу болса да, кең ауқымды науқан жүргізді.

Мемлекеттік телеарналар эфирден еріктілерге «арнайы әскери операция» туралы ақпарат беретін телефон нөмірлерін көрсетті. Депутаттар әскерде келісімшартпен жұмыс істейтіндердің жас шектеуін алып тастады. Жұмыс іздеуге арналған сайттарда «жалақысы жақсы, жеңілдігі бар келісімшартпен істейтін қызметкерлері керек» деген хабарландыру толып тұр. Шенеуніктердің Ресейдің сексеннен астам өңірінде «еріктілер батальонын» құрғысы келетіні, жекеменшік компаниялардың келісімшартқа отырған жағдайда тұтқындардың қамау мерзімі қысқартылады деп айтқаны, соғысқа қатысуға тыйым салынған әскери қызметкерлерді келісімшарт уақытын созуға мәжбүрлеп жатқаны хабарланды.

Бірақ Кремль мен қорғаныс министрлігі мобилизация жариялаған жоқ. Бұл қадам ресейліктердің соғыс пен Кремль айтқан себептерге үнсіз бас шұлғуын тоқтататын еді.

25 тамызда Ресей президенті Владимир Путин ресейліктерді соғысқа тарту үшін кішкентай болса да, маңызды қадам жасады.

Кремль сайтында жарияланған жарлықта Путин қарулы күштердегі әскери қызметкерлер санын 1,15 млн адамға жеткізуді тапсырды.

Жарлық 1 қаңтарда күшіне енеді. Қарулы күштердің жалпы саны бес жылдан соң алғаш рет өзгергелі отыр. Бұл шешімді Кремль де, Путин де, қорғаныс министрлігі де түсіндірген жоқ.

«Украинадағы соғыста Кремль негізінен адам санына қатты алаңдап отыр» деді Стокгольмдегі Швед қорғаныс университетінің ғылыми қызметкері Оскар Йонссон.

«Бұл ресми санды арттырудың әртүрлі амалдарын.. уақытшадан бұрын, тұрақты етудің, сондай-ақ жалпы мобилизацияны болдырмаудың амалы секілді» деді ол.

Украин саперлары мина қойылған жерлерді іздеп жатыр. Жанында өлген орыс солдаттары жатыр. Харьков түбіндегі Вильховка елді мекені. 9 мамыр 2022 жыл.
Украин саперлары мина қойылған жерлерді іздеп жатыр. Жанында өлген орыс солдаттары жатыр. Харьков түбіндегі Вильховка елді мекені. 9 мамыр 2022 жыл.

Жарлық бойынша қарулы күштердегі қызметкерлердің жалпы санын 2 млн адамға жеткізу көзделіп отыр. Бірақ олардың саны азаматтық тұлғалардың емес, жаңа сарбаздардың есебінен артады.

СОҒЫС ҚҰРБАНДАРЫ

Басқыншылыққа дейін Батыс сарапшылары Ресей қарулы күштерінің саны шамамен 850-900 мың екенін айтты. Ресми деректерде бұл сан бір миллионнан асады деп келтірілген. Соғысқа дейінгі деректерде Ресейдің басқыншылық жасамас бұрын Украинамен шекараға 170 мыңнан астам солдатын әкелгені айтылады.

Басқыншылықтың алғашқы айларында Ресей күштері бірнеше жерде жойқын жеңіліс тапты. Украина әскерінің қарсылығына тап болып, Киевті басып ала алмады.

Ресей әскері Мариуполь портты қаласын бақылауға алып, қаланың көп бөлігін жермен жексен етті.

Содан кейін Ресей командирлері «жедел үзіліс» алып, әскері мен техникасын Киев маңы мен Донбасстағы аудандардан шығарып, командалық құрылымды қайта ұйымдастырды. Бұл бәсең қадам біртіндеп жетістікке жетеледі.

Кейінгі кездері Донбасстағы әскери әрекеттер бәсеңдеп, соғыс Украинаның оңтүстігіне ойысты. Украинаның Херсон мен Запорожье облыстарында Ресей әскеріне қарсы шабуыл жасайтыны айтылып жүр.

Сонымен қатар Ресейдің соғыс алаңында проблемаға тап болғаны, атап айтқанда, адам шығыны артып, қару-жарақтардың істен шыққаны, сарбаздардың соғысудан бас тартып жатқаны, тіпті, кей бөлімдердің бір-бірімен тайталасқа түскені айтылды.

АҚШ пен Еуропа елдері берген заманауи қуатты қару-жарақ Украина әскеріне Ресейге жойқын соққы жасауға көмектесті дейді сарапшылар.

Ресей соғыстағы адам шығыны туралы деректі соңғы рет наурыздың аяғында жариялады. Қорғаныс министрлігі 1351 адамның қаза тапқанын мәлімдеді. Содан бері еш дерек жарияланған жоқ.

Елді мобилизациялап, әскер жасындағы ер адамдарға елден шығуға тыйым салған Украина да көп адамын жоғалтты. Өткен аптада Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы 24 ақпаннан бері 9 мыңнан астам әскери қызметкердің қаза тапқанын мәлімдеді. Бұл көрсеткіш нақты болмауы мүмкін.

Путиннің жарлығы мен әскер қатарын толтыруға тырысуы Кремльдің Украинада ұзақ соғысуға дайын екенін көрсететіндей дейді Норвегиядағы қорғанысты зерттеу орталығының әскери сарапшысы Тор Букквол.

«Бірақ бұл жарлықты мобилизация жасамай әскер санын толтыру амалы ретінде қарастыруға болмас па?» деп жазды ол электронды хатында. «Әзірге оған адамдарды ресми түрде соғысқа баруға мәжбүрлеу идеясы ұнамайтындай әсер қалды. Оларға әртүрлі амалдармен қысым көрсетіп, ақшамен қызықтыруға болады, бірақ бүкіл елге басқа таңдау жоқ екенін айтуға болмайтындай».

Ондаған мың сарбазды дайындап, қару-жарақпен қамтып, ұйымдастыру қажет болатындықтан, Ресейдің адам тарту және дайындау инфроқұрылымының мобилизацияға шамасы келмейтін шығар дейді Букквол.

«Қазір қолда бар бөлімдердегі қызметкерлер санын үнемі арттыру оңай шешім болып отырған шығар» деді ол.

137 мың адамға арттыру керек деп айтылған сан бір жылдағы әскерге шақырылғандар санына сай келеді дейді Йоннсон. Ресей заңына сәйкес, 18-27 жас аралығындағы ер адамдар бір жыл әскерде болуы керек. Жыл сайын көктем мен күзде әскерге шақыру науқаны болады.

Кремль бұл жарлықты адам тарту шараларының бәріне құқықтық негіз қалыптастыру үшін жасаған болуы мүмкін деді Лондондағы Royal United Services Institute сарапшысы Ник Рейнольдс.

«Ресейдің қарулы күштерінің санын арттыруға барынша тырысып жатқаны анық. Әскери тәжірибесі бар ардагерлер мен резервтегілер, халықаралық күзет қызметінде істегендер шығынның орнын толтырады деп үміттеніп отыр» деді ол.

Кремль мобилизацияны әлі де қауіпті қадам санайды деді Рейнольдс.

Киімінде еш белгі жоқ өлген солдат. Украина жағы орыс солдаты екенін айтады. Харьков маңы, 24 ақпан 2022 жыл.
Киімінде еш белгі жоқ өлген солдат. Украина жағы орыс солдаты екенін айтады. Харьков маңы, 24 ақпан 2022 жыл.

Міне, сондықтан адам санын арттыру үшін Луганск пен Донецк облыстарында да әскерге шақырту басталды. Бұл облыстар 2014 жылдан бері Ресей бақылауында. Рейнольдс танымал «Вагнер тобы» компаниясы түрмеде отырған тұтқындарды соғысқа тарта бастағаны туралы дерек шықты дейді.

«Адам санын арттыру үшін осы шаралар әлі де басымдыққа ие болып отыр» деді ол. «Бірақ соғыстың жақын арада аяқталмайтыны да бір фактор болып отыр. Болашақта бәрі өзгеруі мүмкін».

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG