Accessibility links

Әжуаға төзбеген Қытай Apple-ге қысымды күшейтті


Гонконг қаласындағы Apple таңбасының жарығы компанияның негізін қалаушы Стив Джобс қайтыс болған күні өшіп тұрды. Қытай, 6 қазан 2011 жыл.
Гонконг қаласындағы Apple таңбасының жарығы компанияның негізін қалаушы Стив Джобс қайтыс болған күні өшіп тұрды. Қытай, 6 қазан 2011 жыл.

Оған себеп - жұрттың Apple құрылғылары арқылы интернетке кіріп, үкіметті келеке етуі.

Financial Times («Файнэншл Таймз») басылымы бұл туралы мақаланы сәуірдің 4-і күні жариялады. Мақала авторы - Джамиль Андерлини.

«ЖЕКПЕ-ЖЕК»

Мақалада Қытай билігінің Apple фирмасына мемлекеттік БАҚ арқылы ақпараттық шабуыл жасағаны, компанияны «қытайлық тұтынушыларды менсінбейді, тәкәппарлық көрсетеді» деп айыптағаны айтылған.

Автордың хабарлауынша, «Үш апталық шабуыл ақыры Apple-ды кешірім сұрауға мәжбүр еткен».

Андерлини «Бұдан шығатын қорытынды: әлемдегі алып фирманың бірі Apple Қытайдың коммунистік партиясымен қақтығысты қаламайды. Бірақ осы екі алыптың жекпе-жегі қоғамдағы саяси мәселеден хабар беріп тұр» дейді.
Қытайдағы Apple дүкенінің алдында кезекке тұрған халық қозғалысын полиция реттей алмай жатыр. Пекин, 13 қаңтар 2012 жыл.
Қытайдағы Apple дүкенінің алдында кезекке тұрған халық қозғалысын полиция реттей алмай жатыр. Пекин, 13 қаңтар 2012 жыл.

Автордың ойынша, «Қытай коммунистік партиясы миллиардтан аса халықты «Ұлы қорған» ішінде қамап ұстауға шамасы келгенімен, интернетті дәл олай бақылай алмайды. Әсіресе Twitter-ге ұқсас Қытайдағы Weibo әлеуметтік желісінің үкіметке бағынбауы, бұқара халықтың Apple фирмасының өнімдеріне құмартуы Қытай билігінің қитығына тиген.

«БӘРІ ПАРТИЯНЫҢ АРҚАСЫ»

«Біздің Apple-ді жақсы көруіміз оның барлық әрекеттерімен келісеміз деген сөз емес. Apple бізге Қытайдағы арсыз (мемлекеттік) бұқаралық ақпарат құралдарын әжуа етуге мүмкіндік берді» дейді Қытайдың технология компаниясының директоры Вань Тао.

Financial Times (FT) «Қытай қалаларындағы орта тап өкілдерінің саяси сауаты төмен» деп жазады. Автордың дерегіне қарағанда, олар «қоғамдағы жаңалықтың бәрін 1989 жылы Тяньаньмэнь алаңында демонстранттарды басып-жаншу арқылы халықты саясатқа араластырмай, елдің баюына жол ашқан коммунистік партия жасап жатыр» деп ойлайды.

Джамиль Андерлинидің пікірінше, «Қытайдағы мемлекеттік қадағалаудың аз да болса әлсіреуіне жаңа технологиялар үлес қосып жатыр. Соның бірі - Apple фирмасының өнімдері».
Си Цзиньпиньнің Қытай басшысы болып сайланбай тұрған кезі. Қытай, 23 ақпан 2000 жыл.
Си Цзиньпиньнің Қытай басшысы болып сайланбай тұрған кезі. Қытай, 23 ақпан 2000 жыл.

FT жазуынша, «Бұдан ілгеріде Қытайда әлеуметтік желі қатаң бақыланатын. Онда үкіметті сынаған ақпарат шыға қалса, бақылаушылар дереу өшіріп тастайтын».

Бірақ басылым «Соңғы төрт-бес жылда Қытайда интернет қолданушылар саны күрт өсті. 2012 жылы олар 564 миллионнан асты. Қазір әлеуметтік желіде үкіметті сынайтын ақпараттар тасқыны тым көп. Технологиялық құралдар дамыған сайын әлеуметтік желілерде үкіметті сынап-мінеп, басшыларды әжуалайтын үрдіс күшейіп кетті» дейді.

FT дерегі бойынша, қазір Қытай интернетінде әртүрлі сайқымазақ ойындар мен видеоматериалдар көп. Бірақ олардың ерекшелігі - көбі үкімет басшылары мен партия саясатын келеке етеді.

«ПАРТИЯ IPAD-ҚА «СОҒЫС» АША МА?»

Автор «Twitter, Facebook және iPad сияқты жаңалықтар Қытай үшін бір заманда СССР-де сәнге айналған джинс сияқты болып тұр. Сондықтан Қытай үкіметі Twitter мен Facebook-ті түбегейлі жауып тастады. Партия iPad-тың да жолын қиюды жоспарлап жатуы мүмкін» деп болжайды.
iPad қарап отырған қытайлық. Пекин, 6 маусым 2012 жыл.
iPad қарап отырған қытайлық. Пекин, 6 маусым 2012 жыл.

FT «Себебі соңғы бірнеше жылда үкімет пен партияға қарсы шығу жаппай үрдіске айналды. Үкімет басшылары желіде талқыланып жатқан тақырыптарға қарап, «бақылауды уыстан шығарып алған жоқпыз ба?» деп алаңдап отыр» дейді. Автордың пікірінше, «Коммунистік партияның халық пікірімен санаспай, БАҚ-ты тұншықтыра беруі бұқара халықтың жаппай әлеуметтік желіге көшуіне ықпал еткен».

«РЕЖИМ МЫСҚЫЛДАН ҒАНА ҚОРҚАДЫ»

Автордың жазуы бойынша, «Барлық авторитарлық режимдердің басшылары мысқыл-әжуаны көтере алмайды. Қытай басшылары оппозиция мен көтерілістен аса қатты сескенбейді. Есесіне мазаққа ұшырап, келеке болудан қорқады. Қытай басшылары жұмысты жақында қызметтен кеткен Ху Цзиньтао сияқты «үйлесімді қоғам», «ғылыми даму» сияқты әдемі ұрандармен атқарғанды жақсы көреді. Қытайдың жаңадан сайланған саяси жетекшісі Си Цзиньпин де билікке келмей жатып «Қытай арманы» деген жаңа ұран тастады. Бірақ оны жұрт жүйелі ұғым ретінде қабылдай алмай, әбден келеке етті».

Weibo желісінің танымал белсендісі Пань Цайфу өз парақшасына «Мен бір күні біз де таза ауа жұтып, таза су ішіп, химикат қосылмаған көкөніс жейтін шығармыз деп армандаймын. Бұлар - биологиялық қажеттілік және адамның басты құқықтары. Осыларға қол жеткізе алмай отырып «Қытай арманы» жайлы айтудың өзі күлкілі» деп жазды.
XS
SM
MD
LG