Accessibility links

Қытай басшысына қарсы дауыс берген адам «табылмады»


Қытайдың жаңа басшысы Си Цзиньпин (ортада). Пекин, 29 қыркүйек 2012 жыл.
Қытайдың жаңа басшысы Си Цзиньпин (ортада). Пекин, 29 қыркүйек 2012 жыл.

Independent басылымы Қытай коммунистік партиясының мүшелері елдің жаңа саяси жетекшісін сайлағанда оған қарсы жалғыз адамның дауыс бергенін жазады. Бірақ әлі күнге оның кім екені мәлім емес.

Мақала Independent («Индепэндент») басылымына наурыздың 15-і күні шықты.

«МИЛЛИАРДТЫҢ ІШІНДЕГІ ЖҮРЕК ЖҰТҚАН ЖАЛҒЫЗ АДАМ»

Independent «Си Цзиньпин он жылға Қытай Халық Республикасының (ҚХР) бас хатшысы болып сайланды» дей келе, «оның Қытай басшысы болатыны әуелден-ақ күмәнсіз еді» деп жазады.

Жаңа басшы сайланғанда партияның барлық мүшесі ду қол шапалақтағанымен, конгресстің бір мүшесі ғана жаңа басшыға риза болмаған сияқты. Independent дерегі бойынша, Си Цзиньпинді 2 мың 952 адам қолдап дауыс берген. Үш адам қалыс қалып, бір адам қарсы болған.
Жаңа сайланған Қытай басшысы Си Цзиньпин (оң жақта) бұрынғы басшы Ху Цзиньтаомен қол алысып тұр. Пекин, 14 наурыз 2013 жыл.
Жаңа сайланған Қытай басшысы Си Цзиньпин (оң жақта) бұрынғы басшы Ху Цзиньтаомен қол алысып тұр. Пекин, 14 наурыз 2013 жыл.

Бақылаушылардың айтуынша, Қытайдың Twitter-ге ұқсас Weibo деген әлеуметтік желісінде қарсы дауыс берген жалғыз адамның кім екенін сұрастырған сауалдар көбейген. Цинь Даюань есімді қолданушы: «Қарсы дауыс берген кім? Кім де болса жүрек жұтқан біреу болса керек» деп жазған.

MC-Mark_Flghter есімді тағы бір интернет қолданушы: «Меніңше бір адам түймені байқамай басып жіберген шығар» деп сенімсіздік танытқан. Іле–шала пікір жазушылар үнсіз қалып, артынша олардың жазбалары желіден өшіп еткен.

«ДИССИДЕНТТЕР АЗАЙЫП КЕТТІ»

Басылымның жазуынша, Қытайдағы бас хатшы сайлауында бұған дейінде диссиденттер болған екен. Мысалы Си Цзиньпин алдыңғы басшы Ху Цзиньтаомен салыстырғанда көбірек дауыс жинаған болып шықты. 2003 жылы бүкілқытайлық халық өкілдері конгресі Ху Цзиньтаоны сайлағанда 2 мың 937 адам оны қолдап, төрт адам қарсы дауыс берген. Одан бөлек, төрт адам қалыс қалып, 38 адам мүлде қатыспаған.

Мақала авторының пікірінше, Си Цзиньпин 98,8 пайыз дауыс жинағанымен, қуанышын білдірмеуге тырысқан. Ху Цзиньтао оны құттықтап қолын қысқан кезде ғана ол аздап жымиған. Сайлау аяқталған соң ешкімге сөз берілмеген.
Мао Цзэдун Қытай Халық Респбуликасын жариялап тұр. Қытай, 1 қазан 1949 жыл.
Мао Цзэдун Қытай Халық Респбуликасын жариялап тұр. Қытай, 1 қазан 1949 жыл.

Independent Cи Цзиньпиннің өмір жолы жайлы да аз-кем ақпарат берген. Жаңа басшының әкесі Си Чжунсюнь жас кезінде белсенді революционер және партизан тобының басшысы болған. Қазір 59 жасар Cи Цзиньпинді «билікті әкесінен мирасқа алып қалған Қытай коммунистік партиясының ханзадаларының бірі» деп атайды.

Си Чжунсюнь Мао Цзэдуннің қырына ілігіп, қуғындалғанда Си Цзиньпин тоғыз жасар бала еді. Олар отбасымен шаңы шығып жатқан Шэньси өлкесіне жер аударылған. Сол кезде кішкентай Си Ляньцзияхэ ауылындағы үңгірде жеті жыл тұруға мәжбүр болған.

«БИЛІК ЕКІНШІ РЕТ БЕЙБІТ ТҮРДЕ АУЫСТЫ»

70 жасар Ху Цзиньтао Қытайды он жыл басқарған соң, билік тізгінін Си Цзиньпиннің қолына ұстатты. Автордың зерттеуінше, ҚКП 1949 жылы билікке келгелі екінші рет мемлекет басшысы бейбіт жағдайда ауысқан.

Автордың дерегінше, мәдени революция кезінде (1966-1976) және 1989 жылы билік ауысқанда үкіметке қарсы әрекеттер болған. Үкіметтің режиміне қарсылық білдіріп, 1989 жылы Тяньаньмэнь алаңына шыққан жас демократтарды билік күшпен басқан еді.
Қытайдың жаңа басшысын сайлауға келген делегаттар. Пекин, 8 қараша 2012 жыл.
Қытайдың жаңа басшысын сайлауға келген делегаттар. Пекин, 8 қараша 2012 жыл.

Си Цзиньпин кешегі партия жиналысында «Қытай халқын жаңартқысы келетін арманы» жайлы айтты. Енді бүкіл әлем жаңа басшының осы арманын қандай жолмен жүзеге асыратынын бақылайтын болады.

Мақала авторы сонымен қатар болашақта аты-жөні белгісіз қарсы дауыс берген кісінің өмірде бар адам екеніне күмән келтіреді. Себебі Қытай коммунистік партиясының барлық бюллетендері жасырын саналады. Автор мақаласын «Сондықтан, қарсы дауыс берген адам Си Цзиньпиннің өзі болып шығуы да ғажап емес» деп аяқтаған .
XS
SM
MD
LG