Жүз жылдық фильмдер Ресейге оралып жатыр

Сағынай КӘРІМ
1908 жылы түсірілген "Стенка Разин" фильмінен көрініс.

1908 жылы түсірілген "Стенка Разин" фильмінен көрініс.

АҚШ кәсіпкері Стивен Крамс 1917 жылғы Октябрь революциясына дейін Санкт-Петербург киностудиясында түсірілген 350 дыбыссыз фильмді Ресейге сыйға тартты. Бұлардың арасында «жоғалып кетті» деп есептелген кино жауһарлары да болуы мүмкін.

Америкалық кәсіпкер, Флоридадағы Magna-Tech Electronic кино технологиясы фирмасының президенті Стивен Крамс патшалық Ресейде түсірілген 350 дыбыссыз фильмді Санкт-Петербургтегі «Ленфильм» киностудиясына осы жылдың соңына дейін беріп болады.

Бұл оқиғаны кішігірім ғажайыпқа теңеген Ресейдің кино мамандары «сирек кездесетін бірталай туындыларды осылардың арасынан табармыз» деп үміттеніп отыр.

– Бұл – сенсация. Бұл – біздің кинематография тарихымыздың тұтас бір бөлігін қайта тірілтетін өте маңызды оқиға. Революцияға дейін түсірілген 300 фильмнің табылуы тұтас бір континетті тапқанмен бірдей, – деді Мәскеу кино музейінің директоры және фильм тарихшысы Наум Клейман.

ФИЛЬМДЕРДІҢ ҒАСЫРЛЫҚ САПАРЫ

Magna-Tech Electronic фирмасының президенті Стивен Крамстың айтуынша, бұл коллекциялар Самуэль Кипнис есімді Ресей эмигрантына тиесілі болған.

Фильм жинаудың құмарпазы Кипнис азамат соғысы кезінде Ресейден қашып шығып, Майамиге орныққан. Ол жинаған киноларын Майамидегі жергілікті

1908 жылы түсірілген "Стенка Разин" фильмінен көрініс.

1908 жылы түсірілген "Стенка Разин" фильмінен көрініс.

кинотеатрда Ресей эмигранттарынан құралған азғантай аудиторияға жиі-жиі көрсетіп отырған. Ол 1982 жылы өмірден озған соң фильмдері Флорида университетіне тапсырылған.

– Университеттін өрт шалған соң өртенуге бейім жұқа пленкаларға түсірілген фильмдердің иесі боп шыға келдім. Оларға аздап от тиген. Фильмдерді одан ары ол жерде сақтай беру өте қауіпті болды. Олардың жарамсыз боп қалатын түрі бар. Сосын мен оларды құтқарып қалдым. Бұл 1980 жылдар болатын, – дейді Стивен Крамс.

Крамс содан бері бұл фильмдерді алғаш Майамидегі, кейін Атлантадағы үйінде сақтаған.

Ол таяуда Ресейге жасаған сапарынан соң «киноларды «Ленфильмге» қайтарып беру керек» деген ойға келген. Стивен Крамс «Ленфильм» – бұл фильмдерді сақтауға ең қолайлы жер әрі мұралар мұнда бағаланады» деп біледі.

«РЕСЕЙ КИНОСЫНЫҢ ТАРИХЫ»

«Крамстың сыйын Ресей бағалайды» деу – жеріне жеткізіп айтпағандық болар еді.

Патшалық Ресейде түсірілген фильмдердің 70-80 пайызы жоғалып кеткен не болмаса Совет үкіметінің басшылары оларды «буржазиялық өнер» деп жойып жіберген. Стивен Крамс сыйлаған коллекция – нағыз қазына.

– 350 фильм сол замандағы үлкен коллекцияны құрайды. Ол кезде фильм өндірісі өте шектеулі болған. Бұл коллекция біздің кино тарихымыздың маңызды кезеңін баяндайды, – деді продюсер Андрей Сигле «Ленфильмның» өнімдерін көрген соң.

Ресейдің тұңғыш кино өндірісі 1896 жылы Санкт Петербургте ашылған. Бұл елдегі тұңғыш дыбыссыз фильмдер 19-ғасырдың соңында, өдетте жәрмеңке кезінде жалға алынған драма театрларында немесе басқа аудиторияларды көрсетілетін.

Еуропа мен Американың фильмдері бас кезінде театрларды жаулап алғанымен, Ресей кинолары олардан шапшаң оза бастаған.

Ең бірінші дыбысты Ресей киносы 1908 жылы түсірілді. 10 минуттық ол фильм Степан Разин туралы болған.

Ресейдің тұңғыш толық метражды дыбыссыз фильмі (ұзақтығы 100 минут) «Оборона Севастополя» («Севастополь қорғанысы») деп аталды. Қырым соғысы кезінде қоршауда қалған Севастополь жайлы тарихи драмалық бұл фильм 1911 жылы Екінші Николай патшаның Ялтадағы сарайында алғаш рет көрсетілген.

Кипнистің жинаған кино коллекциясы Ресей кино өнерінің алғашқы кезеңінен біраз мәлімет беретін сияқты.

– Бұл – шежіре. Қазір ертедегі киноларды қарапайым кино деп қана емес, кейіннен дамып, өркендеген өнердің негізі деп білеміз. Сондықтан да оның маңызы өте зор, – деді Мәскеу кино музейінің директоры Наум Клейман.

ХАЛІ МҮШКІЛ «ЛЕНФИЛЬМ»

Крамс киноларды ешқашан тексеріп көрмеген. Осының өзі «біржола жоғалдыға» саналған мұралар табылуы мүмкін» деген үмітті күшейте түсті.

Олардың ішінде атақты актириса Вера Холодная түскен фильмдер де бар. Холодная өзінің қысқа ғана ғұмырында кем дегенде 50 киноға түскен. Бірақ олардың көбі бүгінге аман жетпеген.

Кино мамандары Крамс берген фильмдердің арасынан Александр Ханжонков сияқты алғашқы режиссерлардың туындылары да табылып қалар деп отыр.

"Ленфильм" киностудиясының белгісі.

"Ленфильм" киностудиясының белгісі.

Ханжонков «Оборона Севастополя» фильмін түсіргенде қосалқы режиссер болған; фильмге Александр Дранков, Петр Чардинин немесе Василий Гончаров та қатысқан.

Алайда «Ленфильм» жалғыз өзі Крамс берген фильмдерді қалпына келтіріп, сандық сапаға көшіре алмайды. Ресейдегі ірілігі жөнінен екінші киностудия ретінде танымал болғанымен, «Ленфильм» соңғы жылдары қарызға батқан. Қазір бұл студия банкрот боп жабылудың аз-ақ алдында тұр. «Ленфильмнің» айтуынша, олар бір ғасыр бұрынғы киноларды өңдеп, көрерменге ұсыну үшін Ресейдің мемлекеттік кино архивінен жәрдем сұраған.

Қосымша мақалалар ӘЛЕМ / Ресей
Back to top