Accessibility links

Жайық деңгейі қауіпті шамадан асып, қолдан тұрғызылған бөгетті бұзып өтті


Орал қаласының іргесіндегі Стеновик саяжай алабының тұрғындары тасқын су ағызып әкеткен адамды құтқарып қалды. Тұрғындар өз күшімен тұрғызған қарабайыр дамбыны 21 сәуірде су бұзып кетті. Видеодан скриншот.
Орал қаласының іргесіндегі Стеновик саяжай алабының тұрғындары тасқын су ағызып әкеткен адамды құтқарып қалды. Тұрғындар өз күшімен тұрғызған қарабайыр дамбыны 21 сәуірде су бұзып кетті. Видеодан скриншот.

Жексенбі, 21 сәуір күні Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Орал қаласын кесіп өтетін Жайық өзенінің деңгейі көтеріліп, қауіпті межеден – 8,5 метрден асты. Сол күні қатты екпінмен келген су Орал қаласының шағын ауданы – Зачаганск деп аталатын саяжайдың маңайында тұрғызылған бөгетті бұзып кетті. Құтқарушылар мен полицейлер саяжай тұрғындарын шұғыл әрі күштеп эвакуациялады. Ал Жайықтың деңгейі әлі де көтеріліп, су астында қалған үй саны көбейіп барады.

СУ ҚАУІПТІ ДЕҢГЕЙДЕН АСТЫ

Қазір Орал қаласына барған адамға аймақта төтенше жағдай (ТЖ) режимі жарияланғанын аңғартатындай қандай да бір белгі байқалмайды. Қазақстанның батысындағы, шамамен 360 мыңнан астам тұрғыны бар шағын қалада халық қоңыр тірлік кешіп жатқан әдеттегі көрініс: біреулер серуендеп жүр, біреулер жұмысқа бара жатыр, енді бірі кинотеатрды бетке алған, тағы біреулер сауда жасап жатса, енді бірі сенбілік ұйымдастырып жатыр.

Тек Шаған өзені жағасындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағына (бұрынғы Киров атындағы саябақ) 10 күннен бері сырттан барған жай адамды кіргізбейді. Бір жарым апта бұрын Шаған өзені жайылып, саябақты толық шайып кеткен. Қазір саябақ ішінде жұмысшылар қайықпен жүзіп жүр.

Қаланың тағы бір көрнекі жері – 1941-1945 жылдардағы соғыста қаза тапқандардың құрметіне қойылған ескерткіш – Стела Жайық өзенінің ортасында қалған. Оралдықтар Стеладан өзенге қарай түсетін баспалдақтың бойымен су қаншалықты жоғары көтеріліп бара жатқанын видеоға түсіріп, күн сайын әлеуметтік желіге салып отыр.

Назарбаев даңғылы бойындағы қазынашылық мекемесінің алдындағы құм толтырылған қаптар. Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы. 2024 жылғы сәуір. Фото авторы - Мәлика Жұмағалиева.
Назарбаев даңғылы бойындағы қазынашылық мекемесінің алдындағы құм толтырылған қаптар. Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы. 2024 жылғы сәуір. Фото авторы - Мәлика Жұмағалиева.

Тасқынмен нағыз күрес қаланың сыртында жүріп жатыр. Орал қаласының ортасынан және маңайынан үш өзен – Жайық, Шаған және Деркөл ағып өтеді. Әр өзеннің жағасында саяжайлар бар. Бағасы арзан болғандықтан, саяжайдағы шағын үйлер көпшіліктің тұрақты баспанасына айналған. Міне, сол үйлерді қазір жайылған өзен суы басып алған. Онымен қоймай су қаланың өзіне жақындап келеді.

21 сәуір күні таңертең Жайық күрт көтеріліп, өзеннің Орал қаласын кесіп ағып жатқан бөлігінің деңгейі қауіпті межеден – 8,5 метрден асып кетті. Өлшеу барысында су 24 сантиметр көтеріліп, 8,52 метрге дейін жеткені белгілі болды. 22 сәуірде таңертең су тағы 10 сантиметр көтерілді.

"Жайық деңгейі тағы көтерілуі мүмкін. Осыған байланысты елді мекен тұрғындарын су келгенше күтіп, уақыт оздырып отырмай, жақын маңдағы эвакуация пункттерін немесе туыстарының үйін паналауға шақырамын", – деді брифинг барысында БҚО ТЖД ресми өкілі Нұржан Төлеуіш.

Қатты екпінмен қалаға ағылған су Орал қаласының шағын ауданы – Зачаганск саяжайының маңайына тұрғызылған бөгетті бұзып өтті. Судан қорғану үшін топырақтан үйіп салған бөгет бірер минутта су астында қалды. Су қарқынының күшті болғаны сонша, үйін күзетіп қалған кейбір адамдар ағып кете жаздады.

Әлеуметтік желі, мессенджерлерде тараған видеоларда екпіні қатты ағын су жағаға шығуға жанталасқан ер адамдарға бой бермей әкетіп бара жатқаны көрінеді. Биіктеу жерге шығып кетуге тырысқан адамдар бірінің қолынан бірі ұстап, бір-бірінің қауіпсіз жерге өтуіне көмектесіп жатыр.

"Стеновик" саяжай алабының тұрғындары ағысы қатты судан қауіпсіз жерге өту үшін бірін-бірі жетектеп келеді. Орал қаласы, 2024 жылғы 21 сәуірде түсірілген видеодан скриншот.
"Стеновик" саяжай алабының тұрғындары ағысы қатты судан қауіпсіз жерге өту үшін бірін-бірі жетектеп келеді. Орал қаласы, 2024 жылғы 21 сәуірде түсірілген видеодан скриншот.

Тағы бір кадрда жергілікті тұрғын батпақта жүретін трактормен саяжайдағы бір үйден айналып өтпек болған кезде үлкен толқынмен бетпе-бет келіп, көлігі судың астында қалып қойғанын айтады. Көлік ішінде отырған адамдар шалт қимылдап, трактордың төбесіне шығып үлгерген.

КҮШТЕП ЭВАКУАЦИЯЛАУ ЖӘНЕ БАҚ ӨКІЛДЕРІНЕ САЛЫНҒАН ТЫЙЫМ

Зачаганск шағын ауданында алты саяжай су астында қалған. Орал ТЖ басқармасының мәліметі бойынша, бұл ауданда 190 отбасы тұрақты тұрып жатқан. Ауданда 820 үй бар.

"Қазіргі уақытта полиция департаментімен бірлесіп [тұрғындарды] күштеп эвакуация жасап жатырмыз", – деді 21 сәуірде Орал ТЖ басқармасының бастығы Амангелді Ешмұханов. Оның сөзінше, бұған дейін саяжай алабының кей тұрғыны эвакуациядан бас тартып, үйін тастап кетпейтінін мәлімдеген.

Кейінірек баспасөз қызметі тек "Стеновик" саяжайының бір өзінен 585 адам эвакуацияланды деп хабарлады.

Орал тұрғындары биліктен көмек сұрайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:21 0:00

Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысы ТЖ департаменті әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы бұдан былай баспасөз өкілдеріне "су басу қаупі бар аймақтарда" жұмыс істеуге тыйым салынатыны жөнінде ақпарат таратты. Ведомство өңірде жарияланған жергілікті ауқымдағы ТЖ режимін алға тартып, журналистердің "денсаулығына алаңдағандықтан тыйым салып отырмыз" деп түсіндірді.

"БАҚ өкілдерінің су басқан және су басу қаупі бар аймақтарда болуы және белсенді жұмыс істеуі олардың өмірі мен денсаулығына (...) қатер төндіреді. Өміріңіз бен денсаулығыңызды қорғау мақсатында қауіпті аймақтар мен су басып жатқан аудандарға кіруге тыйым салынады", – деді Батыс Қазақстан облысы ТЖ департаменті бастығының орынбасары Қанат Қарабалаев 20 сәуірде.

Бұған қоса ол су басқан аудандарды әуеден дронмен түсіруге тыйым салынады деп мәлімдеген.

Кейін, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, аса қауіпті жерлерге шығуға "БАҚ өкілдеріне ғана емес, еріктілер мен үй иелеріне де" тыйым салынғаны белгілі болды. Әкімдік те, полиция департаменті де мұндай тыйым қандай заң нормаларына сүйеніп салынды деген сұраққа жауап бермеді.

"АҒЫС ҚАЙЫҚТЫ ӘКЕТЕ ЖАЗДАЙДЫ"

Орал қаласы маңындағы ерекше өсімдіктер тәлімбағына топан су ентелеп келді. Шаған өзені бойындағы осы жерде алманың 200-ден астам түрі, 200-ден астам жүзім түрі өсетін. Тәлімбақтың негізін қалаған Қайрат Кәрімов қазір табиғатта сирек кездесетін ағаштарды сақтап қалуға тырысып жүр.

Тәлімбақты 31 наурызда су баса бастаған, әлі келіп жатыр.

– 31 наурыз күні су тасыды. Лезде жетіп келді. Шаған жақтан келген су. Сосын аздап қайтты. Ал қазір енді Жайықтан келіп жатыр. Мен сол жақтан келе жатырмын, қазір балықшы етігін киіп алып жүру мүмкін емес, қайықпен ғана қатынауға болады. Бақ қоршауының биіктігі 2,5 метр еді, қазір ол да судан көрінбей қалды, – дейді Қайрат Кәрімов.

Орал қаласы маңындағы Исаев атындағы ерекше өсімдіктер тәлімбағы суда қалды. Оның негізін қалағандар қазір бақтағы алма мен жүзімнің сирек кездесетін түрлерін сақтап қалуға жанталасып жатыр.
Орал қаласы маңындағы Исаев атындағы ерекше өсімдіктер тәлімбағы суда қалды. Оның негізін қалағандар қазір бақтағы алма мен жүзімнің сирек кездесетін түрлерін сақтап қалуға жанталасып жатыр.

Қазір Кәрімов жұбайымен бірге алма ағашының сирек кездесетін түрлерін сақтап қалу үшін жанталасып жатыр. Жеміс ағашының кейбір түрі тек осында, Орал тәлімбағында ғана кездеседі. Ол үшін қайықпен бақты аралап, су астынан көрініп тұрған алма бұтақтарын кесіп алып жүр.

– Генофондты сақтап қалу үшін екі күн бойы шыбық кесіп шықтық, ал қайықпен жүзу өте қиын, өйткені ағыс әкете береді. Біз бұтаққа жармасамыз, ал ағыс бізді тартқылайды. Енді бақшаның ішіндегі ағысты елестетіп көріңіз. Бірдеңені суретке түсірейік десек, қалтамыздан телефон шығарғанша, ағыс айдап әкетіп, ағаштарға апарып соғады, – дейді Қайрат Кәрімов.

ЗООБАҚТАР МЕН ЖАЗҮЙЛЕР

Орталық саябақтың жанында орналасқан Жас натуралистер станциясындағы хайуанаттар бағы да ішінара суда қалды. Жануарлардың барлығы дерлік ол жерден шығарылды. Орталық директоры Фатима Кержикова қазір хайуанаттар бағында пума, аю мен бұғы ғана қалды дейді. Тасқын басылмаса, оларды да кез келген уақытта эвакуациялаймыз деп отыр.

Шаған өзеніне су әлі келіп жатыр, оған қоса суда қалған саяжайлар саны да ұлғайып барады. Бұл аудандарда тасқынның екінші толқыны басталған. Әкімдік су алты метрге дейін көтерілсе, Оралдағы саяжайлар суға кетеді деген, бірақ қазір су деңгейі 9 метрге жақындап келеді.

Саяжай аумағындағы кейбір үйлерді сәуір айының басында-ақ су алған. Мысалы, Самал шағын ауданы тұрғындары тасыған суға тосқауыл қоюды талап етіп, биліктен әлі көмек күтіп отыр. Дәл осындай жағдай жақын маңдағы "Вагонник" саяжайында да болды, ондағы жұрт өз бетімен бөгет салып, оны нығайтып жатыр.

Саяжай тұрғындары барлық күш қаланы қорғауға жұмылдырылып жатыр дейді. Биліктің қала бөлігін саяжайдан бөліп, жол бойына құм үйінділерін төсегенін көрген халық осылай деп топшылайды.

– Күні-түні бөгет салып жатырмыз, қарттар да, әйелдер де, ер адамдар да – бәрі осында. Екінші толқын келіп, үйіміз суға кете ме деп бәріміз уайымдап жүрміз. Бірақ әкімдік бізден теріс айналды. Қаптарға топырақ толтырып, жол бойына төсеп, бізді қаладан бөліп тастады, – деп шағынды "Вагонник" саяжайының тұрғыны Жансая Мамедова (есімі өз өтінішімен өзгертілді).

Орал тасқынның екінші толқынына дайындалып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:09 0:00

Әйел өзі тұратын саяжай аумағына қауіп төніп тұрғанын, бірақ ТЖ сол күйі көмекке келмегенін және бекіністің бәрін өз қалтасынан ақша шығарып жасағанын айтты. Ол билік жылдам қимылдағанда тасқыннан аман қалуға болар еді дейді.

– Олар су көп келетінін алдын-ала білді және барлық күшті тек қаланы, тіпті су жете алмайтын жерлерді қорғау үшін бекініс жасауға жұмсады. Мамандар айтқандай, оның орнына өзеннің сол жағына арықтар, су бұрғыштар салуға болар еді ғой. Сонда су сағамен ағып, ойпаттарға қарай жылыстап кетер еді. Ал олар болса, қалаға бөгет салып, саяжайлар көмексіз қалды. Бізде ешкімнің ісі болған жоқ, біз батып кетсек те оларға бәрібір, – дейді Жансая Мамедова.

ТЖ департаменті қапқа құм толтырып, қалаға бөгет салуды жалғастырып жатқанын айтты. Қазір, ресми мәлімет бойынша, 3294 саяжай үйі суда қалған. Облыста барлығы 13,8 мыңнан астам адам эвакуацияланған, оның 2,3 мыңы уақытша паналау пункттерінде.

22 сәуірде Қазақстан үкіметінің баспасөз қызметі Батыс Қазақстан облысына және Оралдың өзіне Маңғыстау және Ақтөбе облыстарынан, Астана мен Алматыдан тағы 500 әскери қызметкер мен құтқарушы жіберілетінін хабарлады. Қазір өңірде 17 мыңға жуық адам жағалауды нығайтып жұмыс істеп жатыр.

Тасқынның екінші толқынына дайындалып жатқан ауыл
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:54 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG