Accessibility links

Сирия: үш сценарий


Сирия президенті Башар Асад. Париж, 9 желтоқсан 2010 жыл.
Сирия президенті Башар Асад. Париж, 9 желтоқсан 2010 жыл.
Сириядағы жағдай шиеленісіп барады. Башар Асадты айыптаушылар қатары да артып келеді. Кеше, 16 тамызда Ислам конференциясы ұйымы Асадтың көтерілісшілерді аяусыз басып-жаныштағанын айтып, Сирияның ұйымға мүшелігін тоқтатты.

Азаттық радиосының Вашингтондағы тілшісі Голназ Есфандиаримен сөйлескен сарапшылар Сириядағы жағдайдың алдағы уақытта қалай өрбитініне қатысты үш түрлі болжам жасады.

БІРІНШІ СЦЕНАРИЙ: АСАД ТАҚТАН ТАЙЫП, ХАОС ОРНАЙДЫ

Президент Башар Асадтың режимі құлаған жағдайда Сирияның көп ұлтты, түрлі ағымдарға бөлінген халқы өзара қақтығыстарды бастауы ықтимал. Діни ағымдар арасындағы зомбылық азаматтық соғысқа ұласып кетуі де ғажап емес.

Кезінде АҚШ Мемлекеттік департаментінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия бойынша барлау департаментінің директоры қызметін атқарған, осы күні Таяу
Сириядағы қақтығыстан құрбан болған адамдар. Дамаск, 1 тамыз 2012 жыл.
Сириядағы қақтығыстан құрбан болған адамдар. Дамаск, 1 тамыз 2012 жыл.
Шығыс институтында ғылыми зерттеумен айналысатын Уэйн Уайт:

– Сирияда діни ағымдар арасында айырмашылық көп. Қазір билікте тұрған саны аз алауит тобы биліктен айрылып, халықтың 70 пайызын құрайтын сүнниттерге жол беруі мүмкін. Бұған қоса халықтың 10 пайызын құрайтын христиандар осы кезге дейін Асад режимін сылбыр да болса қолдап келді. Демек, біз таяуда экстремистік және байсалды топтардың арасындағы айырманы айқын байқаймыз. Аймақтар арасындағы алауыздықтың, этностық және діни топтар арасындағы өзара «есеп айырысу» әрекеттерінің куәсі боламыз, – деп болжайды.

Сарапшылардың айтуынша, азаматтық соғыстың дүрмегімен Сирия бірнеше автономиялық ауданнан тұратын анклавтарға, тіпті тәуелсіз мемлекеттерге ыдырап кетуі ықтимал. Башар Асадтың алауит тайпасы биліктен шеттетілген соң Дамаскіден кетіп, Сирияның батысындағы атамекеніне қайта орнығуы мүмкін. Таулы аймаққа бекінген бұл мемлекет ішіндегі мемлекет билікті бір қолға шоғырландырып, маңайындағы «жауларына» қарсы ұрысқа килігуі де ықтимал.

Француздың «Греммо» зерттеу институтының директоры, Сирия жөніндегі маман Фабрице Баланченің айтуынша, алауиттер тобына сырттан көмек беретіндер табылады.

– Ресейдің Абхазияға көмек көрсеткені сияқты, Ресей мен Иран жағалаудағы алауиттер мемлекетіне жәрдемдесуі мүмкін. Ресей сол арқылы Тартустағы әскери
Башар Асадты жақтаушылардың жиыны. Дамаск, 7 мамыр 2012 жыл.
Башар Асадты жақтаушылардың жиыны. Дамаск, 7 мамыр 2012 жыл.
теңіз базасын сақтап қалады. Бұл Иран үшін де тиімді, себебі ол осы арқылы Жерорта теңізіне ықпалын жүргізеді және шағын мемлекеттің көмегімен Ливандағы «Хезболланы» қолтығынан демеп отырады, – дейді француз сарапшысы.

Асадтың кезінде біраз әлсіреп қалған күрдтер де қайта жұмылып, тәуелсіздік үшін күресті бастауы ғажап емес. Күрд жалауының көтерілуі Анкараны қатты қобалжытары анық. Себебі бұл жағдайда «Күрдістан жұмысшылар партиясы» Түркияға қарсы әрекеттерін үдетіп, Түркияның өз ішіндегі күрдтерді желпіндіруі мүмкін.

Тамыздың басында Түркияның сыртқы істер министрі Ахмет Дауытоғлы Ирактың күрдтер мекендеген аймағына сапар шегіп, Ирак күрдтерінің көсемі Масуд Барзанимен Сириядағы күрд автономиясы мәселесін талқылаған еді. Енді Дауытоғлы Барзанимен арадағы уағда бойынша Сириядағы билік вакуумының арқасында автономия мәселесін көтеру әрекеті екі ел (Ирак пен Түркия) үшін де қауіпті деген қағидаға арқа сүйейді.

Сирияның бөлшектенуі көрші елдердегі тұрақтылыққа қатер төндіреді. Ливандағы сүнниттер мен шиитер арасында қақтығыс қаупі күшейеді. Асадтың кетуі Иранның аймақтағы басты стратегиялық одақтасының жойылуы деген мағынаны білдіреді. Иран оппозиция өкілдерімен орнатқан байланысынан мейлінше көп пайда түсіріп қалуға тырысады. Сириядағы хаостың басталуы Сауд Арабиясы, Иран және Түркия арасындағы алауыздықты арттырады.

Сирияда он сегіз айдан бергі ұрыс кезінде 17 мың адам опат болды. Жағдайдың әрі қарай ушығуы құрбандарды тіпті көбейтеді. Көршілес Ливан, Иордания және басқа да елдерге үдере көшкен босқындар саны еселене түседі.

Ықтималдығы: Сарапшылардың көпшілігі Асад режимінің құлайтынын анық білетінін, мәселе – оның қашан құлайтынында екенін айтады.

ЕКІНШІ СЦЕНАРИЙ: АСАД КЕТІП, ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТАНАДЫ

«Сирия азаттық армиясы» президент Башар Асадты тақтан тайдырып, түрлі оппозциялық топ өкілдерінен құралған өтпелі үкімет құрады. Қазірдің өзінде Сирияның ұлттық кеңесі деп аталатын оппозициялық күш құрылымы Түркия
Хомс қаласындағы қираған үйлер. Сирия, 27 шілде 2012 жыл.
Хомс қаласындағы қираған үйлер. Сирия, 27 шілде 2012 жыл.
жерінде отырып-ақ осы шараны бастап кетті. Осының нәтижесінде өтпелі үкімет әзір тұрған конституция мен сайлау туралы заңды күшіне енгізіп үлгереді.

Халықаралық аренада Башар Асад режимін қолдағандар біраз беделінен айырылады, бұлар үшін мұның қайтарымы болады. Нью-Йорктегі Сыртқы қатынастар кеңесінің Таяу Шығыс бойынша маманы Эд Хусейннің айтуынша, бұл жағдай Иран басшылығына қатты әсер етуі мүмкін.

– Мүбәрәктің, Каддафидің, Бен Әлидің режимдері құлағаны сияқты Асад режимі де биліктен кетсе, бұл Иран халқына үлкен жігер беріп, олардың Махмуд Ахмадинежад пен Аятолла режиміне қарсы бас көтеруіне ықпал етеді. Олар да Батыс қолдау білдірген бүлік жеңіске жетсе, бұл бір жаңа үрдіс қалыптастырды деп санайды, – деді сарапшы.

Ал Таяу Шығыс институтының сарапшысы Уэйн Уайттың айтуынша, Башар Асадтың тақтан таюы Иран үшін өте жаман сценарий болмақ, себебі оның аймақтағы ықпалы кеміп, «Хезболлаға» көмек беру мүмкіндігі азаяды.

– Бұл – Иран «Хезболланы» қару-жарақпен қамтамасыз етуде қиындыққа ұшырайды деген сөз. Себебі осы кезге дейін қару Дамаск халықаралық әуежайы арқылы тасымалданып келді. Ливандағы шииттерге қолдау көрсеткені үшін алауиттермен алауыз, әрі Иранға тісін қайрап жүрген жаңа күштер бұл тасымал жолын бірден жауып тастайтыны айқын, – дейді Уэйн Уайт.

Дьюк университетінің профессоры, саясаттанушы Брюс Джентелсонның ойынша, іс бұлай болса, «Хезболла» да, Ресей де жапа шегеді.

– «Хезболла» Сириядағы үлкен қамқоршысынан айырылады. Олар сондай-ақ
Ливандағы "Хезболлах" ұйымы басшысы Хассан Насраллах (сол жақта), Сирия президенті Башар Асад (ортада), Иран президенті Махмуд Ахмадинежад. Дамаск, 26 ақпан 2010 жыл.
Ливандағы "Хезболлах" ұйымы басшысы Хассан Насраллах (сол жақта), Сирия президенті Башар Асад (ортада), Иран президенті Махмуд Ахмадинежад. Дамаск, 26 ақпан 2010 жыл.
Ливан халқының алдында да беделінен айырылып жатыр. Себебі бұл топ ондаған жылдар бойы қантөгісті тоқтатпай отыр және әрекеттері Ливанның шекарасынан тыс аймақтарға таралып барады, – дейді Брюс Джентелсон.

Сарапшының болжауынша, «Асад режимі құласа, Ресейдің Сирияға салатын инвестициясы тоқтайды. Мәскеу Ларакиядағы әскери-теңіз базасынан айырылады әрі қару-жарақ келісім-шарттарынан түсетін пайдадан қағылады. Бұл Ресей үшін үлкен апатпен пара-пар.

Ықтималдығы: Сирия оппозициясы тым шашыраңқы және байсалды әрекет ете алатын басшылары жоқ. Сондықтан коалиция құрылу ықтималдығы аз, әрі және өтпелі үкіметтің ың-шыңсыз құрыла салуы да неғайбыл.

ҮШІНШІ СЦЕНАРИЙ: АСАД ОРНЫНДА ҚАЛАДЫ

Башар Асад бүлікшілерді жеңіп, сатқындарды басып, жеңіске жетеді. Ол Сирия армиясының қолдауының арқасында бүлікшілерді аяусыз қырып-жою арқылы наразылықты басуға күш салып келеді. Асад химиялық қару қорын бақылауда ұстап отырғандықтан оған сырттан шабуыл жасауға ешкімнің батылы бармайды. «Сирия азаттық армиясының» жауынгерлерін жазалау шаралары режимге қарсы шыққандарды ел аумағынан тысқары жаққа қашып, бой тасалауға не астыртын әрекетке көшуге мәжбүр етеді.

Бірақ президент Башар Асад қазір кісі қызығарлық жағдайда емес. Ел ішінде радикал исламшылдардың арыны қатты. Өкімет халықаралық қауымдастықтан
Президент Башар Асадтың суретіне қарап тұрған адам. Дамаск, 6 тамыз 2012 жыл.
Президент Башар Асадтың суретіне қарап тұрған адам. Дамаск, 6 тамыз 2012 жыл.
бөлініп, құрсауда қалған. Түрлі санкциялардың кесірінен ел экономикасы аса ауыр халде тұр.

Башар Асад режимінің басты қолдаушысы және оған дипломатиялық, экономикалық тұрғыда үлкен көмек көрсетіп отырған ел – Ресей. Ал Иран араб әлеміндегі жалғыз одақтасы – Сирияға қолдау білдіріп, Батыс жақтаған көтерілістердің барлығы режимнің құлауымен аяқтала бермейтінін дәлелдеуге тырысып бағуда.

Ықтималдығы: Сарапшылардың көбі Башар Асадтың билікте қалуы неғайбыл екенін айтады. Бірақ бұл сценарийді ешкім жоққа шығара алмайды.

Француз маманы Фабрице Баланченің айтуынша, Башар Асад екі жағдайда билікті сақтап қалуы мүмкін: а) «Сирия азаттық армиясы» бөлініп кетсе не Башар Асад билігімен келіссөздерді бастаса, ә) Сауд Арабиясы мен Катар «Сирия азаттық армиясын» қолдауды тоқтатуды ұйғарса.

ЕКІ ҚАУІП

Сириядағы оқиғаны саралаған мамандар екі қауіп бар екенін айтады. Бірінші қауіп – радикалдық топтардың күшеюі. Сарапшы Эд Хусейннің айтуынша, «әл-Қаида» ұйымы Сирияда қайта бас көтеріп келеді, Башар Асад билікте қалсын-қалмасын алдағы уақытта олар мұндағы ықпалды күштердің қатарына кіруі ықтимал.

Екінші қауіп – химиялық қарудың белгісіз адамдардың қолына өту қаупі. «Бұл қарулар өздерін «әл-Қаидамен» байланыстырып жүрген діни экстремистік топтардың қолына өтсе, халықаралық қауымдастық үшін өте қауіпті болмақ. Немесе қазіргі басшылар ажал қаупі төніп тұрған сәтте бұл қаруды «Хезболлаға» тапсырып кетуі де ықтимал.

– Химиялық дәрі қосылған зымырандар мен артиллериялық снарядтар олардың қолына түссе, бұл Израильге үлкен қатер төндіреді, – дейді сарапшы Уэйн Уайт.
XS
SM
MD
LG