Accessibility links

"Шекарадан асқан бойда қолымызға кісен салды". Шыңжаң түрмесінде болған қырғыз қыздың әңгімесі


Қытайда туып-өскен қырғыз қызы Шыңжаңда көрген қорлығы мен Қырғызстандағы қиын тағдыры туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне әңгімелеп берді. Ол тарихи отанында жаңа өмір бастау үшін отбасымен байланысын үзуге мәжбүр болған. Қазір Қырғызстан азаматтығын алған бойжеткен әлі де Қытай билігінің қудалауынан қорқып, қауіпсіздігіне алаңдайды.

Айгүл (кейіпкердің қауіпсіздігі үшін аты-жөні өзгертілді) Қытайдың Қызылсу-Қырғыз автономдық облысында туып-өскен. Жеті жыл бұрын Бішкекке барып, оқуға түскен. Ол кезде Шыңжаң Ұйғыр автономиясында мұсылмандарды қазіргідей қудалау жоқ еді.

Қытайдағы мұсылмандардың өмірін 2016 жылға дейін және кейін деп екіге бөлуге болады. 2016 жылға дейін қырғыздар Қырғызстанға емін-еркін барып, тарихи отанына жиі қатынап тұратын. 2017 жылдан бастап өңірдегі мұсылман халықтарын қудалау басталған.

− 2017 жылы Қытайдың [Бішкектегі] елшілігі бізді алдап, Торугарттағы шекараға апарды. Олар "тексеріске көмектесіңіздерші" деп шақырды. Біз не дейміз? Бардық. Бірақ автобуспен Торугарттағы шекарадан өткен бойда, қолымызға кісен салып, басымызға қапшық кигізіп, бір жаққа алып кетті.

Айгүлдің айтуынша, осыдан кейін оны бір айға тұтқындап, "қайта тәрбиелеу лагеріне" жіберген.

− Олар мұны "лагерь" дейді, бірақ шын мәнінде әлгі жер нағыз түрменің өзі. Шағын бөлмеде 10-15 қыз-келіншек тұрады. Еденге жұқа мата төсеп, соның үстінде ұйықтайтынбыз. Бөлменің іші сыз болды. Кілең қырғыз әйелдің ортасына түстім. Арасында кәмелет жасына толмаған қыздар да бар. Олардың телефонын тексергенде Қытайда тыйым салынған WhatsApp, Instagram және Telegram сияқты қосымшалар табылыпты. Қырғызстанда, Қазақстанда оқитын студенттер де болды. Олардың еш жазығы жоқ, тек шетелде оқыған немесе телефонына әртүрлі қосымша жүктеген адамдар. Қосымшаларды өшіріп тастаса да, архивте сақталып қалады екен.

Шыңжаңдағы лагерьде отырып шыққан қазақ ақыны
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:48 0:00

"ОНДАЙ ТАМАҚТЫ ИТКЕ ДЕ БЕРМЕЙТІН ШЫҒАР"

Айгүл лагерьде сыз жерде ұйықтап, қайнаған судан басқа ештеңе ішпеген тұтқындардың көбі ауыра бастағанын айтады. Түрмеде тұтқындарды ұрып-соғып, қорлау қалыпты дүниеге айналған. Айгүлдің де бүйрегі суықтап, әлі күнге осы сырқатынан зардап шегіп жүр.

− Құдай басқа салмасын… Бөлмеде шелек тұрады, бәрі соған дәрет сындырады. Тамақтың орнына қара суға шөп қайнатып, соны береді. Ондай тамақты итке де бермейді ғой. Сыз еденде отыра бергеннен бүйрегім ауыра бастады, ауруымнан әлі күнге жазыла алмай жүрмін. Лагерь қызметкерлері балағаттап, ұрып-соғады. Мен де таяқ жедім. Лагерьде қырғыздар жұмыс істейді. Бәрімізді 5.30-да тұрғызып, Қытайдың әнұранын айтқызады, кейін бір-екі сағатқа түрменің ауласына серуенге шығарады. Күні бойы Қытай билігін мақтайтын мәтіндерді оқып, жаттаймыз.

Айгүл бір айдан кейін бостандыққа шыққан. Оған айып тағуға негіз болар күмәнді ақпарат табылмаған. Айгүл лагерьде тағы қанша жазықсыз адам қамауда отырғанын білмейді. Оның айтуынша, қырғыздар тұратын бір ғана Ақши ауылының өзінде 10 мыңға жуық адам түрмеге жабылған. Олардың біразы үйіне оралған, ал кей азаматтар әлі де қамауда отыр. Тұтқындардың арасында Қырғызстанға танымал ғалымдар, жазушылар мен ақындар да бар.

Айгүл бостандыққа шыққаннан кейін Қырғызстандағы оқуын жалғастыруға рұқсат алған. 2018 жылы Қытайға барып, ата-анасымен қауышқан. Үйінде жүргенде оны бірнеше рет тергеуге шақырып, әртүрлі ақпарат сұраған.

− Қысым көрсетілді, бірақ түрмеге әкетпегендеріне қуандым. Тергеуде "Намаз оқисың ба?" "Қырғызстандағы таныстарың дінге жақын ба?" деп сұрады.

"МАҒАН КӨМЕК КЕРЕК"

2018 жылы Қытайдан келгеннен кейін Айгүл Қырғызстанда қалуға бел буған. Ол Қырғызстан азаматтығын алуға өтініш беріп, төлқұжатын екі жыл күткен. Азаматтығын ауыстырғаннан кейін Қытайда қалған ата-анасымен және жақын туыстарымен араласу мүмкіндігінен айырылған.

Жақында Айгүл әжесімен телефонмен сөйлесіп, отбасы қудалауға ұшырап жатқанын естіген.

− Пандемия кезінде қатты ауырып қалдым. Бірақ жақындарыммен байланыса алмадым. Кейін сөйлесіп, Қытай азаматтығынан бас тартамын деп шештім. Анам тиісті органдарға хабар берді. Олар анамнан "Қызыммен араласпаймын, ақша жібермеймін, барлық байланысымды үземін. Сөзімде тұрмасам, жауап беруге дайынмын" деген түсініктеме жаздырып алыпты. Жақында әжеммен сөйлесіп, үйіне полиция келгенін, "түрмеге алып кетеміз" деп қорқытып, телефонын тексергенін естідім.

Қазір Айгүл Бішкекте мемлекеттік органдардың бірінде мамандығы бойынша жұмыс істейді. Өзі білім алған оқу орнының жатақханасында тұрады. Ол Қырғызстанда жүрсе де қауіпсіздігіне алаңдайтынын, жалақысы күнкөріске жетпейтінін, материалдық көмекке зәру екенін айтады.

− Бұрын туыстарым ақша жіберіп тұратын. Жұмыстан 10 мың сом (125 доллардай – ред.) жалақы аламын. Оның 5 мың сомын жатақханаға төлеймін. Қытайдың қайта тәрбиелеу лагерінде отырып тапқан ауруымнан емделуім керек. Ақшам ештеңеге жетпейді. Жатақханадағы бөлме дұрыс жылымайды, былтыр қыста құрбымның үйінде тұрдым. Жатақханадан шығарып жібере жаздады, жалынып, әзер қалдым. Қазір көмекке мұқтажбын.

Айгүл Бішкекте тұратын қытайлық қырғыздар бір-бірімен жақын араласудан қорқатынын, олардың арасында Қытай үкіметінің тыңшылары болуы мүмкін екенін айтады.

2017 жылдан бастап Қытайда түркітілдес мұсылман халықтар қудалауға ұшырап жатқаны жөнінде ақпарат тарады. Қытай билігі жергілікті ұйғыр, қазақ, қырғыз азаматтарын "қайта тәрбиелеу лагерьлеріне" жіберіп, төлқұжаттарын тартып алып, үйқамаққа отырғызған. Кейінгі жылдары Шыңжаңдағы аз ұлт өкілдері түрмеге түсуден қорқып, Қытайдан қашқан.

Батыс елдері мен АҚШ Қытай Коммунистік партиясының саясатын сынап, Шыңжаңдағы қудалауды "геноцид" деп атайды. Пекин куәгерлер түрмеге теңейтін лагерьлерді экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мақсатында құрылған "кәсіби дайындық орталығы" деп таныстырып, өзіне тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарады.

Қыркүйектің басында БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комиссары Мишель Бачелет қызметінен кетер алдында Қытай Шыңжаң өңірінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылман халықтарының құқығын бұзған, Пекиннің бұл әрекетін “адамзатқа қарсы қылмыс” деп бағалауға болады деген мәлімдеме жасады.

31 тамызда жарияланған 48-беттік баяндамада "геноцид" сөзі қолданылмаған. Бірақ бұл құжат кейінгі жылдары куәгерлермен сұхбат негізінде жарияланған тәуелсіз зерттеулер мен Қытайдың мемлекеттік құжаттарындағы Шыңжаңдағы аз ұлт өкілдерін жаппай түрмеге жабу деректерін растайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG