Accessibility links

"Санкция соққысы бізге де тиді". Ресейдің Украинаға басқыншылығы Қазақстанға қалай әсер етті?


Ресей басқыншылық жасаған Украинаны қолдап, соғысқа қарсы митингіге шыққан адамдар. Алматы, 6 наурыз, 2022 жыл.
Ресей басқыншылық жасаған Украинаны қолдап, соғысқа қарсы митингіге шыққан адамдар. Алматы, 6 наурыз, 2022 жыл.

Тура бір жыл бұрын, 2022 жылғы 24 ақпанда Ресей Украинаға қарсы кең көлемді соғыс бастады. Кремль "арнаулы әскери операция" деп атайтын соғыс ондаған мың адамның өмірін жалмап, миллиондаған адамға қайғы-қасірет әкелді. Әлемнің дамыған елдері Ресейге санкция салып, соғыстан қашқан украиндер де, ресейліктер де босып кетті. Агрессор мемлекетпен көрші әрі экономикалық байланысы тығыз Қазақстанға да соғыс кері әсер етті – халықтың тұрмыс деңгейі төмендеді, алайда деколонизация процесін жылдамдатты.

СОҒЫСТЫҢ БІР ЖЫЛЫ

– Дәл қазір Украина бізді, қазақтарды біріктіріп жатыр. Бәріміз Украинаның кебін киюден қорқамыз, егер бірікпесек, жойылып кететінімізді түсіне бастадық, – деді Ресейдің Украинаға басқыншылығына қарсы былтыр наурызда Алматыда өткен акцияға қатысушылардың бірі.

Украинаны қолдау акциясы Алматыда 2022 жылғы 6 наурызда – Ресей бастаған соғыстың 11-күні өткен еді. Шараға бірнеше мың адам жиналды. Бұл Қазақстанда биліктің келісімі бойынша, соғысқа қарсы өткен алғашқы әрі әзірге жалғыз митинг болды. Кейін елде тағы да осындай акция өткізгісі келген белсенділерге жер-жерде әкім рұқсат бермей қойды.

Алматыдағы акцияға қатысқандар Ресей бастаған соғысты айыптады. 24 ақпан, 2023 жыл

Украинаны қолдап, соғысқа қарсы бейбіт акция өткізу туралы әкімдікке бірнеше рет өтініш айтқанымен, биліктің келісімін ала алмағандардың арасында белсенді, Алматы қалалық мәслихаты депутаттығына кандидат Равкат Мұхтаров та бар. Былтыр көктемде Мұхтаров белсенді Әйгерім Шадеевамен бірге Астанада бейбіт митинг өткізгісі келетіні туралы сегіз рет өтініш жасаған, бірақ әкімдік келісім бермеген.

Ақырғы рет Мұхтаров 25 ақпанда соғысқа қарсы митинг өткізгісі келетіні туралы Алматы қаласы әкімдігіне өтініш тапсырған, билік бұл жолы да рұқсат етпеді. Алматы әкімдігінің бұл шешіміне келіспеген Равкат Мұхтаров арыз жазған, бірақ қазір оның шағымын әлгі шешімге қол қойған шенеуніктер қарап жатыр. Сондықтан жуық арада белсенді әкімдіктің үстінен сотқа шағым түсірмек.

Алматы тұрғыны "шенеуніктердің логикасын түсіну қиын" дейді. Әкімдік халықты жұмылдыра алатын тақырыпта кез келген қарсылық акциясын өткізуге жол бермеуді көздейтін шығар деп топшылайды ол. Бірақ сонымен бірге, егер келісім берсе, Қазақстан билігімен қарым-қатынасы жақсы Кремльдің шамына тиіп кете ме деген қауіппен бас тартып отырған болуы да мүмкін деп есептейді.

– Жұрттың тағы да жиналып, Ресейді, Путинді және Ресей сыртқы істер министрлігін сынап-мінегенін қаламайтын шығар. Халық жиналмай-ақ қойсын деген шешіміне бірнеше мың адам қатысқан былтырғы митинг де себеп болуы мүмкін деп ойлаймын. Бәлкім, бір кісідей жұмылып, Украина халқымен бірге екенімізді көрсетіп, ынтымағымыз жарасқанын қаламайтын болар, – дейді Равкат Мұхтаров.

Оның пікірінше, Қазақстан қазір "анаған да, мынаған да жағам" деген саясат ұстанып отыр, бірақ одан опа тауып жатқаны шамалы. Белсенді Ресейдің Украинаға жасаған басқыншылығына қатысты Қазақстан билігінің ұстанымына келіспейді және оны соғысқа қарсы митинг өткізудің маңызын білдіретін басты себептердің бірі ретінде атады.

– Ресейге ашық бойкот жариялауға шамамыз жетпейтінін және шағын ел екенімізді білемін. Бірақ Қазақстан президенті Ресей президентінің қолын алу үшін сол елге баратыны маған ұнамайды. Бұған қоса, Ресеймен қауымдасу жайлы әңгімелер мен 2023 жылды орыс тілі жылы деп жариялау да көңілден шықпайды. Ол Қазақстан халқының ұстанымына мүлде қайшы деп ойлаймын. Сондықтан біздің осы туралы мәлімдеуіміз өте маңызды. Бізді, Қазақстан халқын Ресейдің саясаты мен ол бастаған соғысты қолдайтын қатыгез қасапшыға теңегенін қаламаймын, – деп түсіндірді алматылық белсенді өз көзқарасын.

Астананың Украинадағы соғысқа қатысты позициясы қаншалықты айқын әрі нық?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:29 0:00

Oyan, Qazaqstan! қозғалысын қолдайтын Дархан Шәріп соғысқа қарсы акцияларға (әкімдік келісім бермеген) қатысқан, полиция оны Ресейдің Алматыдағы консулдығы алдынан екі рет ұстап әкеткен.

Белсенді "дәл қазір Украинаның орнында Қазақстан болуы әбден мүмкін" еді, сондықтан тым болмағанда митингілер өткізіп, Украина халқына қолдау білдіру қажет деп санайды. Шәріп митинг өткізуге тыйым салудың түбі ой-пікірін жеткізгісі келетін адамдарды "радикал" әрекетке итермелеуі мүмкін екенін айтты.

– Біздің билік бұлталаққа салмай, бұл соғысты айыптауы керек, одан басқа жол жоқ деп есептеймін. Ядролық қаруы бар көршің халықаралық құқықты бұзып, басқа елге шабуылдап жатқанда, еліміз соғысқа қарсы ұстанымын айқын білдіруі керек деп білемін. Ал қазіргідей түлкібұлаңға салуы маған мүлде түсініксіз, – дейді Шәріп.

Украинада бронежилет өндіріп жүрген қазақстандық Мәдина Каттер
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:37 0:00

САЯСИ БОПСА МЕН ИНФЛЯЦИЯ

Батыс елдері Қазақстан сияқты үнсіз қалған жоқ, Ресейдің Украинаға басқыншылығын бірден айыптап, агрессорға қарсы жаңа санкциялар салуды құптады. Ірі компаниялар мен брендтердің көбі Ресейдегі жұмысын доғарып, өкілдіктерін жапты, тауар жөнелтуді тоқтатты. Осыдан кейін бүкіл әлемде сарапшылар Ресей экономикасы көп ұзамай күйрейді деген болжам айтты. Бірақ олай болмай шықты. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, Ресейдің жалпы ішкі өнімі сарапшылар болжағандай 15 пайыз емес, 2,1 пайыз төмендеді. Ал инфляция 11,94 пайызға тең болды.

Есесіне соғыс салдары Ресейдің басты сауда әріптестерінің бірі Қазақстанға қатты әсер етті. Ел экономикасы қиындыққа кезікті. Былтыр инфляция 20 пайыздан асып кетті, бұл Ресейдегіден екі есе көп. Ал шенеуніктер болса дәл сол кезеңде Қазақстан экономикасы 3,1 пайыз өсті деп ресми түрде мәлімдеді.

Қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев неге мұндай жағдай қалыптасқанын былай түсіндірді:

– Ресей экономикасына бағытталған санкция соққысы Еуразия экономика одағына мүше өзге елдерге де тиді. Бәріміз "сыбағамызды" алдық. Қысқасы, нысанаға Ресейді алғанымен, соққы толқыны ЕАЭО-ға тарады. Біз де "дәмін таттық". Және солай болатын жөні де бар еді. Неге дейсіз ғой? Өйткені Қазақстан экономикасы Ресейдікіне барынша тәуелді. Қазақстанға импорттың үштен бірі, әйтпесе одан да көбі Ресейден келетін. Сол себепті санкциялар сала бастағанда бізге айтарлықтай үлкен соққы болды.

Сарапшы соғысқа дейін Ресей билігі бүкіл логистика жолдары мен аймаққа келетін тауарларды түгелдей өз қолына шоғырландыруға тырысқанын айтып берді. Сол себепті Батыс елдері көлемді санкциялар салуға кіріскеннен кейін барлық логистика жүйесі жарамсыз болып қалды, ал Қазақстанға Ресейді айналып өтетін басқа логистика жолдарын табуға көп уақыт жұмсауға тура келді, ол процесс әлі жалғасып жатыр.

– 2022 жылдың (көпшілік байқаған) бір қорытындысы – McDonald`s Қазақстаннан кетті. Иә, Қазақстан санкцияға ілінген жоқ. Алайда логистиканың күйреуі, оған қоса, Ресейге бірінен соң бірі салынып жатқан бітпейтін санкциялар мен шектеулер, сайып келгенде, жаңағы McDonald`s сияқты компанияның Қазақстанда жұмыс істеуіне мүмкіндік қалдырмады, – деді Арман Бейсембаев.

Бұдан бөлек, соғыс басталғаннан кейін Ресей Қазақстанды өз ыңғайына иліктіру үшін саяси бопса қолдана алатынын көрсетті. Сарапшының пікірінше, оған мысал – былтыр Каспий құбыр желісі консорциумының (КҚЖК) мұнай құбырына байланысты болған жағдай.

– КҚЖК жылға жуық уақыт құр тұрды ғой. Неге олай болғанын түсінеміз. Себебі тек саясатқа тіреледі: біресе бомба тауып алдық деді, біресе дауыл тұрды дейді немесе тағы бір сылтау айтты. Сөйтіп, Тоқаев Ресейге барғанша ырың-жырыңға салып қойды. Екі аптадан кейін КҚЖК жұмысы толық жанданды, – деп еске алды Бейсембаев.

Сарапшы Ресейде президент Владимир Путин "ішінара мобилизация" жариялағаннан кейін Қазақстанға ағылған мигранттар елдегі жалға берілетін тұрғын үй нарығына әсер еткенін де айтты. Сол кезден бастап жалға берілетін пәтер бағасы шарықтап, екінің бірінің шамасы жете бермейтін деңгейге өсті.

"ҚОҒАМ ЭВОЛЮЦИЯСЫНА СОҒЫС ТҮРТКІ БОЛДЫ"

Алматы қалалық мәслихаты депутаттығына кандидат Равкат Мұхтаров Ресейдің Украинаға қарсы бастаған соғысы Қазақстанның экономикасында ғана емес, басқа да салаларда осал тұсы көп екенін аңғартты деп есептейді.

– Соғыс барлығына, соның ішінде біздің өмірімізге де әсер етті. Біз Ресейге экономика ғана емес, мәдени тұрғыдан да тәуелді күйде екенбіз – әртістер, кино, дубляж мәселесі, осының барлығы Ресей мен орыс тіліне қатты тәуелді екенімізді аймандай етіп көрсетті. Бұл біздің ең осал тұсымыз деп ойлаймын. Осыдан 8-9 жыл бұрын Украинада да дәл осындай мәселелер туындағаны шүбәсіз, – деген ойын бөлісті Мұхтаров.

Бірақ бұл соғыс қазақстандықтарды "мықты жағымыз қайсы, қоғам ненің төңірегіне бірігіп, ұйыса алады" деп ойлануға түрткі салды деп есептейді белсенді.

– Қазақ тілін ұмыт қалдырғанымызды ұқтық. Төл мәдениетіміздің қадірі мен құнын дәл қазір, біреудікіне көз алартып, өзінікін алға тартқан басқа мемлекет оны жанжалға ілік ретінде пайдаланып қалуға тырысып жатқан шақта жете түсініп отырмыз. Кейінгі бір жылда өз мәдениетіміздің түп-тамыры мен құндылығының маңызын зердеге тоқыдық деп ойлаймын, – деді Мұхтаров.

Қазақстан қоғамы кейінгі бір жылда едәуір есейді, өзара тіл табысуға, өзгенің пікіріне құлақ түруге талпыныс бар деген пікірге белсенді Дархан Шәріп те қосылады.

– Қоғамда "басымызға күн туып, осындай жағдайға тап болсақ, қайтер едік? Қазір жағдайымыз неге осал?" деген сауал төңірегінде талқы үнемі болады. Тіл, сепаратизм, кімдік, отарлау тарихы сынды мәселелер көтеріледі. Бұрын жұрттың көбі мұндай нәрселер жайлы ойламайтын. Сондықтан адамдарға қайғы-сор әкеліп, экономикадағы дағдарысқа себеп болған бұл соғыс кілең теріс жағы бола тұра біздің қоғамның эволюциясына түрткі салды, – деп қорытты Шәріп.

Украинаны қолдап, соғысқа қарсы өткен бейбіт митингіде тұрған адам. Алматы, 6 наурыз, 2022 жыл.
Украинаны қолдап, соғысқа қарсы өткен бейбіт митингіде тұрған адам. Алматы, 6 наурыз, 2022 жыл.

"БІРІЗДІЛІК ЖОҚ"

Ресейдің Украинаға басқышылығын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та, үкімет те әлі күнге дейін ашық айыптаған жоқ. Тоқаев пен елдің сыртқы істер министрлігі Қазақстан "жанжалды дипломатиялық жолмен", яғни БҰҰ жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына сүйеніп шешу маңызды деп білетінін бірнеше рет мәлімдеген.

Бірақ солай бола тұра, Қазақстан билігі Украинадағы соғысқа байланысты бірізді ұстанымда деп айтуға келмейді. 2022 жылғы мамырда БҰҰ жанындағы адам құқықтары жөніндегі кеңесте Ресей армиясының Украинада жасаған әскери қылмыстары мен адам құқықтарын аяққа таптағанын тергеу туралы қарарға дауыс берген кезде Қазақстан қалыс қалды. Былтыр қазанда Украинаның Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарын аннексиялап алған Ресейді айыптаған қарар дауысқа қойылған кезде де әлгі жағдай қайталанды. Ал оның алдында, маусым айында Тоқаев Қазақстан "Донецк халық республикасы", "Луганск халық республикасы" деп өзін-өзі жариялап алған "квазимемлекеттік" құрылымдарды мойындамайтынын мәлімдеген.

Былтыр қарашада Ресейден Украинаның пайдасына репарация өндіріп алуға үндейтін қарар дауысқа салынған кезде де Қазақстан дипломаттары қалыс қалды. 2022 жылғы желтоқсанның ортасында БҰҰ Қырым мен Севастопольде адам құқықтары бұзылғаны туралы қарар қабылдағанда, Қазақстан қарсы дауыс берді. Ол құжатта Ресей соғысты тоқтатсын және Украина аумағынан әскерін алып кетсін деген талап айтылған.

Кейінірек Қазақстан сыртқы істер министрілігінің ресми өкілі Айбек Смадияров өз елі Украинаның егемендігі мен жерінің тұтастығын қолдайтынын, жанжалды бейбіт жолмен реттеуді құп көретінін айтты. "Ал қарсы дауыс беруінің себебі – Қазақстан бұл мәселе БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде қаралғаны жөн деп есептейді" деп түсіндірді шенеунік.

Қазақстан дипломаттары екі ел арасындағы қарулы жанжалды бейбіт жолмен реттеудің маңызы жайлы былтыр жыл бойы үнемі мәлімдеп жүрсе де, билік елде өз азаматтарына соғысқа қарсы бейбіт акция өткізуге рұқсат бермеді.

2022 жылғы 24 ақпанда Ресей күштері Украинаға кең көлемді шабуыл бастаған. Үш күннен асырмай Киевті басып алуды көздеген Кремль бұл соғысты "фашистер" мен "неонацистерге" қарсы "арнаулы әскери операция" деп атады. "Жеңіске тез жеткізетін шағын соғыс" жалғасып жатқанына жыл толды. Осы кезеңде Кремль көрші елге ашқан соғыстың мақсаты туралы риторикасын да өзгерткен, қазір ол Ресей армиясының "Ресейді қорғауы" маңызды екенін айтып жүр.

Ресей пропагандасы "Отанды қорғау үшін басқа елге басып кіріп, соғыс жүргізгені қалай?" деген сұраққа жауап іздемейді. Былтыр күзде Кремль "ішінара мобилизация" жүргізіп, 300 мың адамды әскерге алды. Ал ең аз деген есеп бойынша, 500 мыңнан 700 мыңға дейінгі шамада ресейлік мобилизациядан қашып, елден кеткен.

Екі тарап соғыс шығыны туралы әртүрлі дерек келтіреді. Мысалы, Украина өз жағынан 10 мыңнан 13 мыңға дейін адам қаза тапты, өлген немесе ауыр жараланған ресейліктер саны 135 мыңнан асты деп айтып жүр. Ал Ресей қорғаныс министрлігі былтыр 21 қыркүйекте жариялаған есебінде 5937 сарбазы қаза тауып, Украинаның 100 мыңнан астам адамы өлгенін мәлімдеген.

Норвегия жүргізген есепте 100 мың украин сарбазы қаза тапқан я жараланған деп көрсетілген. АҚШ сарапшылары бұл соғыста Ресей жағынан өлген және жараланған адам саны 200 мың шамасында дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG