Accessibility links

"Нұр-Сұлтанның сұрауымен". Франция Мұхтар Әблязовты қамап, қайта босатты


Қазақстандық бұрынғы банкир, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов. Париж, Франция, 15 желтоқсан 2016 жыл.
Қазақстандық бұрынғы банкир, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов. Париж, Франция, 15 желтоқсан 2016 жыл.

Франция билігі жақында осы елден саяси баспана алған қазақстандық оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовты Қазақстан үкіметінің сұрауымен ұстап, ол екі тәулік абақтыда отырып шықты. Нұр-Сұлтан Әблязовты "ірі көлемде қаржы жымқырған" деп айыптайды, саясаткер оны жоққа шығарады.

Франция соты Қазақстан үкіметінің сұрауы бойынша қазақстандық бұрынғы банкир, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың ісін қарамақшы. Бұл ақпаратты Әблязовтың адвокаты Жерар Чолокиянның сөзіне сүйенген AFP агенттігі хабарлады.

Жақында Франциядан саяси баспана алған 57 жастағы Әблязовты Қазақстан билігі "ірі көлемде қаржы жымқырды" деп айыптайды. Ол бұл айыптауды теріске шығарып, үкімет өзін саяси себеппен қудалап отыр дейді.

2009 жылдан бері Еуропада тұрып жатқан Мұхтар Әблязов осы аптаның басында Францияда екі тәулік қамауда отырып шыққаны туралы бейсенбіге қараған түні Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазды. Айтуынша, оны 5 қазанда ұстап әкеткен.

"Бәрі шытырман оқиғалы [фильмдегідей] болды. Сол баяғы Қазақстан билігінің ісі. Тіпті екі тәулік түрмеде отыруыма да тура келді. Үш күн бойы күрестім. Енді бір жақсы жаңалығым бар. Мен қайта бостандыққа шықтым. Ертең (8 қазан - ред.) тікелей эфирге шығып, бәрін айтып беремін" деп жазды Әблязов.

Оның Facebook-тегі парақшасында түрменің алдында түсірілгенге ұқсайтын екі сурет жарияланған. Онда Әблязовты қарсы алып тұрған үлкен қызы мен ұлы бейнеленген.

Жерар Чолокиянның AFP агенттігіне хабарлауынша, Қазақстан оппозициялық саясаткердің үстінен іс қозғап, оны "7,5 млрд доллар жымқырды" және "сенімді ақтамады" деп айыптап отыр.

"Париж прокуратурасына Қазақстаннан шағым келіп түскен, оны қабылдаудан бас тартуына да болушы еді, [бірақ олар]ақымақтық жасап, оны француздың тергеу сотына тапсырған" деді адвокат AFP агенттігіне.

Қазақстан билігі Мұхтар Әблязовтың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын айтып, 2017 жылы Парижге сұрау жолдаған. Нұр-Сұлтан оны "БТА банкінен 7,5 млрд доллар жымқырған" деп айыптайды. Әблязов аталған банкті мемлекет иелігіне алған 2009 жылғы ақпанның соңына дейін басқарған.

Мұхтар Әблязовқа Қазақстанмен бірге Ресей мен Украина да іздеу жариялаған. Бұл елдер бұрынғы банкирді миллиардтаған доллар ақша жымқырған деп айыптайды.

Қазақстан билігі Әблязовқа қарсы шағымды Францияның заң ережесіне сүйеніп берген. Франция өз аумағында жүрген шетелдік азаматты басқа елде қылмыс жасаған немесе құқық бұзған деген айып таққан тарап "саяси себеппен қудалап отыр" деп тапса, онда оны экстрадициялаудан бас тартып, оның ісі Франция сотында қаралады.

2016 жылы Париж Әблязовты "саяси себеппен" сұратып отыр деп тауып, оны экстрадициялаудан бас тартқан.

Француздың Le Monde басылымының жазуынша, Францияның паналату мәселесі жөніндегі ұлттық соты (CDNA) биыл 29 қыркүйекте Мұхтар Әблязов туралы шығарған қаулысында "Қазақстан тарапынан [оған] қысым жасалғанына" және "пана берумен айналысатын органға сыртқы агенттердің ықпал етпекші болғаны анық байқалғанына" байланысты қынжылыс білдірген. Газет Франция соты Әблязовтың босқындар мен азаматтығы жоқ адамдарды қорғау жөніндегі басқарманың шешіміне берген апелляция шағымын бірнеше ай бойы қарағанын жазған. Басқарма Әблязовқа баспана беру бас тартқан болатын.

Әблязовтың заңгері Бота Жәрдемәлі 4 қазанда CNDA Әблязов туралы шешімді "Қазақстан билігінің Франция басшылығына жасаған күшті саяси қысымына, [қазақстандық] режимнің ұйымдастырған халықаралық лоббиіне, лас PR істеріне, қолдан жасалған айыптауларына, манипуляция мен француз соты жүйесіне жасаған қысымына қарамастан" қабылдады деп мәлімдеген.

Мұхтар Әблязов Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты сынайды.

2018 жылы қарашада Қазақстан соты Әблязовты "2004 жылы Тұран-Әлем банктің басшысы Ержан Тәтішевті өлтіруге тапсырыс берді" деген айыппен сырттай өмір бойына соттаған.

2017 жылы Қазақстан билігі Әблязовты "ақша жымқырды", "қылмыстық топ құрды" деген айыппен 20 жылға бостандығынан айыруға сырттай үкім шығарған.

Әблязов бұл айыптардың барлығының "саяси астары бар" деп мойындамайды.

Қазақстан көп жылдан бері Әблязовты елге экстрадициялауға күш салып келеді. 2011 жылы Мұхтар Әблязов Ұлыбританиядан саяси баспана алған. Кейін Қазақстанда Әблязовқа қарсы сот басталған тұста, 2014 жылы Ұлыбритания одан саяси босқын мәртебесін қайтарып алған.

2013 жылы Франция Украинаның талабымен Мұхтар Әблязовты ұстаған. 2014 жылы қаңтарда француз соты Әблязовты Ресей мен Украинаға экстрадициялау туралы шешім шығарды. Францияның кассациялық соты ол үкімді тоқтатты. 2015 жылы қыркүйекте Франция премьері Мануэль Вальс Әблязовты экстрадициялау туралы бұйрыққа қол қойды. Алайда 2016 жылы желтоқсанда Франция мемлекеттік кеңесі Мұхтар Әблязовты Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойып, оны абақтыдан босатты.

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін елде алғаш болып бизнес бастағандардың бірі Мұхтар Әблязов 1990 жылдардың соңында сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың командасында жұмыс істеді. Әуелі ұлттық компанияны, кейінірек энергетика, индустрия және сауда министрлігін басқарған. 2000 жылдардың басында Әблязов елге демократиялық өзгерістер қажет деп мәлімдеген жас шенеуніктер мен бизнесмендерді біріктірген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының негізін қалаушылардың бірі болды. Сол кездегі премьер-министр Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаевтан ҚДТ-ға қолдау білдіргендерді үкіметтен аластауды сұрады. Кейінірек билік ҚДТ-ны талқандап, оның негізгі қайраткерлері – Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әблязовты жемқорлық айыбымен соттаған. Құқық қорғаушылар ҚДТ-ның абақтыға қамалған екі жетекшісін саяси тұтқын деп жариялаған. Алты жылға бас еркіндігінен айырылған Әблязов түрмеде бір жыл отырғаннан кейін, Назарбаевқа рақымшылық туралы өтініш жазып, 2003 жылы мамырда билік оны түрмеден босатқан.

Кейінгі үш жылда Мұхтар Әблязов Қазақстан билігін сынайтын іс-әрекетінде интернетті белсенді пайдаланып жүр. Ол өзі құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) оппозициялық қозғалысының қызметі мен елдің түрлі қалаларында наразылық акцияларын әлеуметтік желінің көмегімен үйлестіріп, саяси мәлімдемелерін тұрақты жариялап отырады. 2018 жылы Қазақстан соты тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент 2019 жылғы наурыздағы қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Құқық қорғаушылар ҚДТ туралы сот шешімі еш жерде жарияланбағанына назар аударады. Қазақстан билігі қозғалысты жақтайтындарды қудалап, қысым көрсетеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG