Accessibility links

Майра Назарбаеваның құдалығы мен қымбат жүзік


Малайзия премьер-министрінің зайыбы Росмах Мансор. Freemalaysiatoday.com сайтынан алынған скриншот. 19 наурыз 2013 жыл.
Малайзия премьер-министрінің зайыбы Росмах Мансор. Freemalaysiatoday.com сайтынан алынған скриншот. 19 наурыз 2013 жыл.

Малайзия премьер-министрінің зайыбы туралы кітап шыққанын Free Malaysia Today басылымы хабарлады. Онда Мансордың қызына Майра Назарбаеваның құда түскені де жазылған.

«Росмах Мансордың өмірбаяны» деген кітаптың шыққаны туралы наурыздың 19-ы күні Free Malaysia Today басылымы мақала басты. Росмах Мансор - Малайзия премьер-министрі Наджиб Тун Разактың зайыбы.

«СЫЙЛЫҚТЫ АЛМАЙ ҚОЮ ЭТИКАҒА ЖАТ»

Мақала авторы «кітапта Мансордың құны 24 миллион доллар тұратын алмас жүзігі бар екені жазылған» дейді.

Малайзиядағы оппозиция өкілдері екі жыл бұрын осы қымбат жүзікке қатысты дау көтерген. Бірақ Росмахтың пікірінше, премьер-министрдің әйеліне ресми кездесулерде берілетін қымбат зергерлік бұйымдар мен сыйлықтарды қабылдау - қалыпты жайт.

Автор Росмахтың мына пікірін келтіреді: «Шетелдік қонақтардың естелікке сыйлық әкелуі – қатардағы оқиға. Ондай сыйлықтардың ішінде жүзік, сағат, білезік, басқа да зергелік бұйымдар бар. Кейбір тартулар өте қымбат және арнайы тапсырыспен жасалған».
Майра Назарбаеваның freemalaysiatoday.com сайтына шыққан суреті. Freemalaysiatoday.com сайтынан алынған скриншот.
Майра Назарбаеваның freemalaysiatoday.com сайтына шыққан суреті. Freemalaysiatoday.com сайтынан алынған скриншот.

Басылымның дерегі бойынша, 180 беттен тұратын «Росмах Мансордың өмірбаяны» деген кітапты бұрынғы премьер-министр Махатхир Мохамад бастырған. Кітаптың авторлары - Сити Рохаия Аттан мен Норайни Разак.

Мақалада Росмах Мансордың сөздерінен үзінділер келтірілген. «Бізге біреулер сыйлық бергенде оларды алмай қою этикаға жат. «Маған қонақтар мынадай сыйлықтар тарту етті» деп жар салып, оларды жұртқа көрсетіп жүрудің де еш қисыны жоқ. Ол мақтаншақтық болады. Шын жүректен сыйланған сырға, білезіктерді тағып жүрем. Ажарыңды аша түсетін әдемі бұйымдарды құр босқа қорапқа салып, сақтап қоюдан не пайда?» дейді.

Премьердің жұбайы «кей кезде өз ақшама да қымбат бұйымдар мен сәнді көйлектер аламын» деген. Ол жайында кітапта Росмахтың «Онда тұрған не бар? Әйел адам ретінде, қала берді елбасының зайыбы ретінде көркем киінуге міндеттімін. Егер сәнденіп, сұлу болып жүрмесем, басқалар сынайды. Күтінбесем, мазаққа ұшырап, ракият халқына сөз келеді» деген пікірі берілген.

«ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚҰДАЛАР»

Free Malaysia Today оппозиция басшылары 2011 жылы сынға алған, құны 24 миллион болатын жүзіктің тағдыры туралы да деректерді келтірген.

Данияр Кесікбаев пен Малайзия премьер-министрінің қызы Нуриана Наджваның (Nooryana Najwa) freemalaysiatoday.com сайтында жарияланғансуреті. Freemalaysiatoday.com сайтынанcкриншот.
Данияр Кесікбаев пен Малайзия премьер-министрінің қызы Нуриана Наджваның (Nooryana Najwa) freemalaysiatoday.com сайтында жарияланғансуреті. Freemalaysiatoday.com сайтынанcкриншот.
Кітапта «Майра Назарбаева ол жүзікті көру үшін кеден арқылы осында (Малайзияға – ред.) алдырды. Екеуміз бірге жүрген едік. Ол кезде ол менің қызымды ұлына айттырып, құдалыққа дайындалып жүрген. Майра Назарбаева - зергерлік бұйымдар жасайтын Jacob & Co фирмасының тұрақты клиенті. Майра жүзікті көрген соң, 2011 жылы сәуірдің 20-сы күні Сингапур әуежайы арқылы АҚШ-қа қайтарды. Жүзік 2011 жылы мамырдың 13-і күні Нью-Йорктегі Jacob & Co компаниясының бас кеңсесіне жеткізілді» деп жазылған.

Автордың жазуы бойынша, оппозиция өкілдері қымбат жүзік туралы шу шығарғанда Росмах «сатып алдым» деген. Автор «Бұл жүзік туралы кейбір деректерді Росмах екі жылдан кейін ғана айтып отыр» дейді.

Басылымның жазуынша, Махатхир «барлық мемлекеттік басшылар мен қоғамдық тұлғалар өмірде жиған тәжірибелері мен жеткен жетістіктерін кейінгі ұрпаққа ғибрат үшін жазып қалдырғаны абзал» деген.

Mалайзияның бұрынғы премьер-министрі Махатхир Мохамад (сол жақта) және Татарстан президенті Рустам Минниханов. Куала-Лумпур, 9 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Mалайзияның бұрынғы премьер-министрі Махатхир Мохамад (сол жақта) және Татарстан президенті Рустам Минниханов. Куала-Лумпур, 9 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Ол «Малайзияда адамдар өмірлік тәжірибесі жайлы жаза бермейді. Сондықтан бізде тарихи кітаптар көп емес. Мен басшы тұлғаларды жиған тәжірибелері мен өміріндегі ең маңызды сәттері туралы естеліктер жазып қалдыруға үндеймін» деген.

Махатхирдің ойынша, кейінгі ұрпаққа, 100 немесе 200 жыл өткен соң, Росмахтың өмірбаяны пайдасын тигізеді. Ол «Бұл кітапты мектептерге тарату керек. Сонда ғана жастар Интернеттегі «жалған ақпарат пен өсек-өтіріктерден ақиқатты ажыратады» деген.

Басылымның жазуынша, «Росмах Мансордың өмірбаяны» кітабы қазір дүкендерде сатылып жатыр.

МАНХЭТТЕНДЕГІ СОТ

Болат Назарбаев Майра Құрманғалиевамен 2001 жылы үйленіп, 2011 жылы ажырасқан еді.

2012 жылы сәуір айында Болат Назарбаевтың (Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туысы) бұрынғы әйелі Майра Назарбаевамен (Құрманғалиева) мүлік бөлісіп, соттасып жатқаны туралы ақпараттар тарады.

Қазақстан президентінің інісі Болат Назарбаев 2012 жылы сәуірдің 25-і күні бұрынғы әйелі Майра Назарбаева мен оның ұлын Манхэттен сотына берген. Талап-арызда ол Нью-Йорктегі 20 миллион АҚШ доллары тұратын апартамент-пәтерін бұрынғы әйелі мен оның ұлының заңсыз түрде иеленіп алғанын жазған.

Бизнесмен Болат Назарбаев.
Бизнесмен Болат Назарбаев.
Арыздағы ақпарат бойынша, Болат Назарбаев бұл кондоминиумды 2008 жылғы ақпан айында сатып алған. Оның бұрынғы әйелі Майра Назарбаева мен оның ұлы Данияр Кесікбаев одан апартаментті иелену құқығын өздеріне беруді талап еткен.

Дау болған пәтер Нью-Йорктегі Plaza Hotel деп аталатын қымбат кешенде орналасқан.

Сотта қарастырылатын құжаттарда Данияр Кесікбаевтың Болат Назарбаевтың ақшасына әрқайсысы 2 миллион АҚШ доллары тұратын Уолл стрит көшесінде тағы екі пәтер сатып алғаны жазылған. Жалпыға мәлім тіркеу құжаттары бойынша Кесікбаевтың өзі осы екі пәтердің бірінде тұрып жатыр.

Майра Назарбаеваның Дубайда Интерпол талабы бойынша тұтқындалғаны туралы ақпаратты да 2012 жылы маусымның 28-і күні осы Free Malaysia Today басылымы таратқан еді.

Ал 2012 жылы маусымның 12-сі күні дәл осы басылым Данияр Кесікбаев туралы «Данияр Назарбаевтың алаяқтығы Малайзия премьер-министрінің де проблемасына айналып отыр. Оның өгей әкесінің 20 миллион долларын заңсыз алғанынан бөлек, АҚШ-тағы Колумбия университетіне жалған құжат өткізгені де әшкере болды. Университетке ол Қазақстанда мектеп бітіргені туралы аттестация өткізген, бірақ мектепті Қазақстанда бітірмегені, Швейцариядан оқығаны, алайда ондағы мектепті де аяқтамағаны белгілі болды» деп жазды.
XS
SM
MD
LG