Accessibility links

«Есірткі астанасында» нашақорлар да көбейген


Қырғыз полицейі тәркіленген есірткі мен қаруды көрсетіп тұр. Ош, 24 маусым 2010 жыл.
Қырғыз полицейі тәркіленген есірткі мен қаруды көрсетіп тұр. Ош, 24 маусым 2010 жыл.

Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласы тұрғындары сыбайлас жемқорлық пен кедейліктен ғана емес, Ауғанстаннан келетін есірткіден де зардап шегіп жатыр.

Ферғана алқабындағы Ош қаласын «Оңтүстік астана» деп атайды. Бірақ оның «Есірткі астанасы» деген жағымсыз аты да бар. Қала Ауғанстаннан Ресей мен Еуропаға есірткі тасымалдайтын күре жолда тұр. Есірткі (оның ішінде героин) ауған даласынан Тәжікстанға, ары қарай Ош арқылы Бішкекке барып, Қазақстан арқылы Ресейге асады.

Оштың «Есірткі астанасы» атануына ықпал ететін бірнеше факторлар бар, соның бірі – оның географиялық орны. Қырғызстан мен Тәжікстанның арасындағы шекара ұзақ әрі күзеті де мықты емес, көп жерінде таумен шектеседі.

«КЕДЕЙЛІК ПЕН ЖЕМҚОРЛЫҚ ЕСІРТКІГЕ СЕПТЕСЕДІ»

Қырғызстандағы есірткіні бақылау агенттігінің жедел тобы бастығының орынбасары Руслан Алтыбаевтың айтуынша, есірткінің таралуына жемқорлық пен кедейлік те ықпал етеді.

– Біздің елімізге есірткі қалай келеді? Ең алдымен, біздің ел солтүстік бағытта, есірткінің заңсыз айналымы жолында жатыр. Екіншіден, тұрғындардың әлеуметтік
Қырғыз офицері тәркіленген апиынды көрсетіп тұр. Ош. (Көрнекі сурет)
Қырғыз офицері тәркіленген апиынды көрсетіп тұр. Ош. (Көрнекі сурет)
жағдайы төмен, заңсыз түрде есірткі саудасымен айналасатындар соны пайдаланады. Солайша біздің азаматтар есірткі сатушыға айналып, заңсыз бизнеске араласқанын байқамай қалады, – дейді ол.

Бес жарым миллион халқы бар Қырғызстан – бұрынғы советтік елдердің ішінде кедей мемлекеттердің бірі. Қырғыз экономикасы алтын өндіретін жалғыз кені мен шетелге жұмыс іздеп кеткен мигранттардың табысына ғана үміт артады. Ол көршісі Қазақстан сияқты энергетикалық ресурстарға бай емес. Кедейліктің кесірінен тұрғындар есірткі тасымалдаушылардың қармағына түседі.

Әлемде өндірілетін героиннің ширегі Орталық Азия елдері арқылы өтеді деген ақпарат бар. Қырғызстандағы есірткіні бақылау агенттігінің бөлім жетекшісі Тоқтомамат Мамашевтың айтуынша, агенттік қызметкерлері жыл сайын Оштан тонна-тонна есірткіні тәркілейді.

– 2012 жылы алты тоннадан астам түрлі есірткіні тәркіледік. Оның арасында 76 килограмм героин, 51 килограмм наша, бір тоннадан астам қарасора, бес тоннаға жуық есірткілік препараттар бар екен, – дейді ол.

«ОШ ТҰРҒЫНДАРЫ АЗЫП БАРАДЫ»

Есірткі табу оңайланған сайын Ош тұрғындары арасында соңғы жылдары нашақорлар да көбейіп кетті. Ош тұрғыны Дилдор бірнеше рет зиянды әдеттен арылуға тырысып көргенін, бірақ есірткі тез табылатындықтан өзін-өзі жеңе алмағанын айтады.

– «Есірткіні тастау керек» деп үнемі ойлаймын. Үш-төрт рет шынымен тырысып та көрдім. Ресейге кетіп қалған кездерім де болды. Бірақ үйге қайтқанда жолшыбай
Ош қаласы. Қырғызстан, 23 желтоқсан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Ош қаласы. Қырғызстан, 23 желтоқсан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
есірткі сатушыларға соғатынымды біліп келе жатамын. Тіпті үйге кірместен бұрын соларға барып, есірткі сатып аламын. Содан кейін бәрі қайтадан басталады, – дейді ол.

Аймақтық есірткіге қарсы күрес орталығының дерегі бойынша, 2012 жылы Ош облысында 530 нашақор, ал Ош қаласының өзінде 1 мың 400 нашақор тіркелген. Бірақ орталық басшысы Айгүл Сәдиеваның айтуынша, нашақорлар бұдан әлденеше есе көп.

– Осы цифрды он есе көбейтсеңіз, нашақорлардың санына жуықтайды, – дейді ол.

2010 жылы 1,1 миллион халқы бар Ош облысында ұлтаралық ірі жанжал шыққан кезде «бұған есірткі саудасының қожайындары мен жемқор шенеуніктер үлес қосты» деген пікір де айтылған. 2009 жылы Қырғызстан есірткіні бақылау агенттігін сол кездегі президент Құрманбек Бакиев таратып жіберді. Тек бір жылдан соң, Бакиев қызметінен кеткеннен кейін ғана мекеме қайта құрылды.

БҰҰ-ның есірткі мен қылмысты бақылау бөлімі (UNODC) Орталық Азияға ерекше көңіл бөледі. Ұйымның негізгі жобасының бірі – Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан арасындағы есірткі саудасын бақылауда ұстап, шекаралық әріптестікті күшейту. UNODC өткен жылы есірткі саудасымен күресу үшін Қырғызстанға 3,5 миллион доллар көлемінде ақша бөлді.

(Мақала Reuters дерегі негізінде жазылды).
XS
SM
MD
LG