Accessibility links

Санкцияға ілінген қырғызстандық компаниялар туралы не белгілі?


АҚШ төрт қырғызстандық компанияға санкция салды. Олар Ресейге микрочиптер мен басқа да технологиялар жіберіп келген. Бұл компаниялардың бәрі Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін ашылған.

Санкцияға ілінген компаниялардың бірі маусымның соңында Азаттық жариялаған, Ресейге қорғаныс өнеркәсібінде қолданылатын жоғары технология өнімдерін жіберіп отырған Қазақстан мен Қырғызстан компаниялары туралы зерттеуде де аталған. Зерттеуге қатысты пікір білдірген сарапшылар тауар жеткізуші компаниялар санкцияға ілінуі мүмкін деген болжам айтқан. Бір айдан соң олардың айтқаны дәл келді: Қырғызстанның бірнеше компаниясы санкцияға ілінді, ал қазақстандық бизнес шектеулерден сытылып кетті (әзірге).

Азаттықтың Қырғыз қызметі санкцияға ілінген компаниялар мен олардың қызметін талдап шықты.

20 шілдеде АҚШ қаржы министрлігі Ресей мен Қырғызстанның 18 тұлғасы мен ондаған компаниясына қарсы санция салынғанын хабарлады. Ведомство дерегінше, қара тізімге енген кәсіпорындар Ресейге Украинада қолданылған қару-жарақтан табылған технологияларды жіберумен айналысқан. Өкілетті тұлғалардың сөзінше, бұл жолы қабылданған шектеулер Мәскеуге технологиялық тауарлардың жеткізілуіне тосқауыл қою үшін енгізіліп отыр.

Санкцияға ілінген 120 компанияның ішінде қырғызстандық RM Design and Development, «ГТМЕ Технологии», «Прогресс лидер» және «Карголайн» компаниялары бар. АҚШ санкциялық тізімге Қырғызстандағы әріптестерінен технология сатып алған ресейлік «Базис Трейд Прософт», «Радиотехснаб», «Регион-проф», «Технологии, системы и комплексы» және «СиАйСи» компанияларын да қосқан.

«Украинада соғыс басталғалы қырғызстандық компаниялар Ресейге электронды бөлшектер мен басқа да технологиялар экспорттаған», — деп мәлімдеді АҚШ қаржы министрлігі. Ведомство дерегінше, әртүрлі мақсатта қолданылатын тауарлардың бір бөлігі Ресейдің қорғаныс саласындағы кәсіпорындарына жеткізілген.

Видео: АҚШ "Ресейге көмектескен" қырғыздың төрт компаниясына санкция салды (21 шілде 2023 жыл).

АҚШ "Ресейге көмектескен" қырғыздың төрт компаниясына санкция салды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:53 0:00

22 мамырда АҚШ сауда министрлігі Ресейдің әскери өнеркәсіп кешенін қолдағаны үшін санкцияға ілінген компаниялар тізімін жариялады. Онда ресейлік кәсіпорындардан бөлек, қырғызстандық Tro.Ya компаниясы да бар. Бұл компания қара тізімге экспорттық бақылау ережесіне кіретін тауарларды Ресейге жіберу қаупін туғызғаны үшін енген.

Мұндай тізімдегі компаниялар халықаралық нарықта жұмыс істеп, батыс елдерінің кәсіпорындарымен серіктес бола алмайды.

20 шілдеде Қырғызстанның Украинадағы елшісі Идрис Кадыркулов Украинаның сыртқы істер министрлігіне шақырылды.

Украина сыртқы істер министрлігінің ресми сайтындағы хабарламаға сәйкес, елшіні шақыруға Ресейдің Қырғызстандағы компанияларды пайдаланып, санкцияларды айналып өтіп, қару-жарақ өндірісінде қолданылатын технологиялық бөлшектерге қол жеткізуі себеп болуы мүмкін.

Ведомство «Қырғыз Республикасы халықаралық қауымдастық мүшесі ретінде Ресейге қарсы санкциялық саясатты сақтауға жауапкершілікпен қарауы керек» деп, дипломаттан жағдайды түсіндіруді талап еткен.

Украинаның сыртқы істер министрлігі Қырғызстанның Ресейге әскери техника өндірісіне қажетті тауарларды реэкспорттауын Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысын қолдайтын қастық әрекет деп бағалайтынын жеткізді.

Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі бұл фактіге қатысты пікір білдірген жоқ.

RM DESIGN AND DEVELOPMENT

АҚШ қаржы министрлігінің дерегінше, RM Design and Development компаниясына Ресейдің электронды өнеркәсібімен іскерлік байланыс жүргізгені үшін санкция салынған.

Бұл фирма 2022 жылы 17 наурызда Украинада соғыс басталғаннан кейін бір айдан соң Бішкекте ашылған. АҚШ қаржы министрлігінің мәліметінше, компания құрылған сәтінен бастап Ресейге азаматтық және әскери салада әртүрлі мақсатта қолданылатын тауарлар жіберген. Әскери өнеркәсіпте қолданылатын осындай тауарлар қатарына жартылай өткізгіштер, электронды интегралды схемалар мен конденсаторлар жатады. АҚШ дерегінше, RM Design and Development жіберген тауарлардың бір бөлігі Ресейдің қорғаныс кешенімен байланысы бар кәсіпорындардың қолына түскен.

Маусымда Азаттық “Қазақстан мен Қырғызстан компаниялары ресейлік фирмаларға батыс техникасын қалай жеткізіп жатыр?” деген тақырыпта көлемді зерттеу жариялады. Бұл зерттеуде аталған компания да бар. Азаттық материалында 2022 жылдың сәуірінен бастап RM Design And Development Ресейдің «Микроприбор», «Регион-Проф», «Базис Трейд Прософт», «Радиотехснаб», «Риберг» және басқа да компанияларына әртүрлі мақсатта қолданылатын тауарлардың жүздеген партиясын жібергені айтылады.

2022 жылдың сәуір-қазан айларында қырғызстандық компания бір ғана «Регион-Проф» фирмасына 500 партия тауар жіберген. Оның ішінде америкалық Atmel компаниясының микроконтроллері жеткізілген. Украинадағы ресейлік бронетехника, дрондар мен телекоммуникация жүйелерінен дәл осындай бөлшектер табылған. АҚШ-тың санкциялық тізімінде мұндай микроконтроллер “жоғары басымдыққа ие тауар” деп көрсетілген.

«Регион-Проф» Ресей әскері мен арнайы қызметіне қорғанысы жоғары телекоммуникациялық жүйелер дайындаумен айналысатын, АҚШ пен Еуроодақтың санциясына ілінген Пензен электротехникалық ғылыми-зерттеу институтына электроника сатқан.

«Регион-Проф» компаниясы Азаттыққа жіберген жауабында Ресейдің әскери өнеркәсібімен байланысын жоққа шығарып, Қырғызстан батыс санкцияларына ілінбегенін айтты.

RM Design and Development компаниясынан микрочиптер сатып алған ресейлік компаниялар.
RM Design and Development компаниясынан микрочиптер сатып алған ресейлік компаниялар.

Қырғызстан әділет министрлігінің реестріне сәйкес, RM Design And Development Бішкек қаласы, Шыңғыс Айтматов даңғылы, 303 мекенжайы бойынша тіркелген. Бұл жер еркін экономикалық аймаққа жатады. Құжат бойынша, компанияның жалғыз құрылтайшысы әрі иесі – бұрын жергілікті пейнтбол клубын басқарған қырғыз кәсіпкері Шакир Маров. Ашық дереккөздерден алынған ақпараттар Шакир Маровтың ресейлік “Риберг” компаниясын басқарған кәсіпкер Антон Рипптің отбасымен байланысы барын көрсетеді. 2022 жылы RM Design and Development дәл осы компанияға электроника жіберген.

Шакир Маров өзіне сұрақ қойған Азаттық журналистерін әріптесі Иван Плутицкийге жіберді. Ол RM Design and Development көпшілік біле бермейтін шағын компания деп, Ресейге тауар экспортын талқылаудан бас тартты. Көп ұзамай компания сайты ашылмай қалды.

Антон Рипп Азаттыққа сұхбатында ресейлік «Риберг» компаниясын сатып жібергенін айтты. Бірақ RM Design and Development туралы сұрақтарға жауап бермеді.

«ГТМЕ ТЕХНОЛОГИИ»

«ГТМЕ Технологии» жабық акционерлік қоғамы 2022 жылы 28 маусымда Бішкекте құрылған. Қырғызстан әділет министрлігінің реестрінде компания құрылтайшысы әрі директоры ретінде Наргиза Марселева деген заңгер көрсетілген.

Азаттық журналистері C4ADS ұйымы жинаған сауда-кеден құжаттарымен, ImportGenius және Sinoimex деректер базасымен танысып шықты. Ондағы деректерге сәйкес, «ГТМЕ Технологии» ресейлік «Технологии, системы и комплексы» компаниясына батыстың Texas Instruments, Analog Devices, Infineon, Microchip зауыттары өндірген микросхема, диодтар мен басқа да электронды жабдықтарын жіберген. Мұны АҚШ қаржы министрлігінің 20 шілдеде жасаған мәлімдемесі де растайды.

Журналистер ашық дереккөздерден «Технологии, системы и комплексы» компаниясының Ресейдің қорғаныс саласындағы мемлекеттік кәсіпорындарымен байланысы туралы ақпарат таба алмады.

Бірақ «Технологии, системы и комплексы» фирмасына тауар жіберген «ГТМЕ Технологии» компаниясының заңды мекенжайына қатысты қызық дерек анықталды. Компания Бішкекте Фатьянова көшесі, 43 үйде орналасқан.

Қырғызстан әділет министрлігінің реестрі 2022 жылдың көктемінен бастап қазірге дейін дәл осы мекенжайда жүзден астам компания тіркелгенін көрсеткен. Кей компаниялар қайта тіркеуден өтіп үлгерген. Ресми дерек бойынша, бұл ұйымдардың көп бөлігі шетелдік азаматтардың қатысуымен көтерме саудамен айналысады. Жаңа компаниялардың құрылтайшылары мен басшыларының аты-жөні ресейлік кәсіпкерлердің деректерімен сәйкес келеді.

Фатьянов, 43 көшесіндегі ғимарат. Бішкек, 2023 жыл.
Фатьянов, 43 көшесіндегі ғимарат. Бішкек, 2023 жыл.

Бірнеше фирма бір мекенжайда тіркелгенімен қоймай, бірдей телефон нөмірін көрсетіп қойған. Телефон нөмірінің иесі — «ГТМЕ Технологии» компаниясының құрылтайшысы әрі директоры, заңгер Наргиза Марселева. Маусымда Азаттықтың жоғарыда аталған зерттеуі жарияланбай тұрып Азаттық Марселевадан “«ГТМЕ Технологии» компаниясының артында Ресей азаматтары тұрған жоқ па?” деп сұраған.

«Сіздің болжамдарыңызға қатысты пікір бере алмаймыз не оны жоққа шығара алмаймыз. Өйткені компанияның коммерциялық және маркетингтік қызметі туралы, атап айтқанда, клиенттеріміз жайлы ақпарат коммерциялық құпия саналады», — деді Марселева.

Наргиза Марселева Қырғызстанда компанияларды тіркеумен айналысатынын айтты. Ол журналистерге “«ГТМЕ Технологии» компаниясы ешқандай талаптарды бұзған жоқ, салық төлеп, заң аясында жұмыс істеп отыр” деді.

«ПРОГРЕСС ЛИДЕР»

«Прогресс лидер» ашық акционерлік қоғамы 2022 жылы 25 наурызда Бішкекте ашылған. Компанияның директоры әрі құрылтайшысы — Татьяна Иванова Григорьевна. АҚШ қаржы министрлігі мен ашық ақпарат көздерінің дерегінше, Иванова — Ресей азаматы. Ресейде электроника, оптикалық құрылғылар мен компьютерлер сататын «СиАйСи» (Siaisi) компаниясы бар.

ImportGenius деректер базасына сәйкес, 2022 жылы Татьяна Иванова қырғызстандық «Прогресс лидер» компаниясы арқылы «СиАйСи» фирмасына кемі 10 рет тауар жіберген. Жіберілген тауарлар қатарында батыс елдерінің алаңдаушылығын туғызған құрылғылар бар. Мәселен, микросхемаларды қосып-өшіру құрылғылары мен қорғаныс жабдықтары. Былтыр «СиАйСи» сатып алған тауарлардың бір бөлігін «Прогресс лидер» тапсырысы бойынша Литвада тіркелген «Эльфанта» компаниясы жіберген.

«Открытый бюджет» порталындағы деректерге сәйкес, «Прогресс лидер» компаниясы үшінші елдерден тауар тасып, салық төлейді. Компания санкция туралы пікір білдірген жоқ.

АҚШ қаржы министрлігі «СиАйСи» компаниясы мен Татьяна Иванованың санкцияға ілігуін олардың Ресейдің электронды өнеркәсіп саласындағы қызметімен байланыстырады. Бішкектегі «Прогресс лидер» «СиАйСи» компаниясына қаржылық, материалдық және технологиялық қолдау көрсеткені үшін қара тізімге енген.

«КАРГОЛАЙН»

АҚШ қаржы министрлігінің хабарламасында Ресейге шетелде шығарылған, миллиондаған доллар тұратын авиатехника жіберген қырғызстандық «Карголайн» жауапкершілігі шектеулі қоғамы туралы да деректер бар. Бұл тауарлардың бір бөлігі АҚШ санкциясына ілінген әуе компанияларының қолына тиген.

Осыған байланысты «Карголайн» компаниясына Ресейдің аэроғарыш саласындағы қызметі үшін шектеулер енгізілген.

Қырғызстан әділет министрлігінің ресми реестріне сәйкес, «Карголайн» 2022 жылы 25 наурызда Бішкекте құрылған. Компанияның құрылтайшысы әрі басшысы — Қырғызстан азаматы Азамат Муканбетұлы Алкадыров. Компания әуе жүк тасымалымен айналысады. Әзірге компания өкілдері санкцияға қатысты пікір берген жоқ.

«Открытый бюджет» порталындағы дерек бойынша, «Карголайн» Манас әуежайының кеден қызметіне Қырғызстанға үшінші елдерден тауар кіргізгені үшін салық төлеген. 2022 жылы фирма бюджетке кемі 1,6 миллион сом, ал биыл 713 мың сом аударған.

20 шілдеде Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті АҚШ-тың Қырғызстан компанияларына салған санкцияларына қатысты ресми мәлімдеме жасады.

«Комитет жекелеген компаниялар мен фирмалар тауардың түпкі қолданушысын білмей, санкциялық шектеулерді бұзған болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды», — деп жазды арнайы қызмет.

Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет қырғыз үкіметі, мемлекеттік құрылымдары мен компанияларының АҚШ пен батыс елдерінің Ресейге қарсы санкцияларын бұзуға еш қатысы жоқ деп мәлімдеді. Ведомство санкциялық шектеулерді бұзған компаниялар қызметіне қатысты тергеу бастағанын, тиісті шаралар жүргізілетінін жеткізді.

Бұған дейін экономика және сауда министрлігі АҚШ, Еуроодақ пен Ұлыбритания өкілдері барғаннан кейін Қырғызстанда әскери және әртүрлі мақсатта қолданылатын тауарларға экспорттық бақылауды күшейту шаралары қолға алынғанын айтты. Олардың қатарында тауарлар туралы деректі қауіпті басқару жүйесіне қосу, мемлекеттік кеден және салық қызметтерінің бірлесіп жұмыс істеуін қамтамасыз ету сияқты іс-қимылдар бар.

«Бизнес өкілдеріне экспорттық бақылауға кіретін тауарларды заңсыз тасымалдауға болмайтынын түсіндіру жұмыстары жүргізіледі», — деп мәлімдеді экономика және коммерция министрлігі. Ведомство Қырғызстандағы Еуроодақ өкілдігі мен АҚШ елшілігіне экспорттық бақылауды жетілдіру жөнінде кеңес беруді сұрап, хат жолдағанын айтты.

Осыған дейін Қырғызстанның АҚШ-тағы елшілігі Washington Post басылымының қырғыз компанияларына санкция салыну ықтималдығына қатысты пікір беріп, Қырғызстан билігі халықаралық нормаларды сақтап, контрабанда мен заңсыз сауданың жолын кесуге мүдделі екенін айтқан.

XS
SM
MD
LG