Accessibility links

Тұңғыш құрылтайға келе алмаған Қытай қазақтарының атамекенге оралуы әлі де оңай емес


1992 жылы қыркүйектің 29 - 3 қазан аралығында Алматыда әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайы өткен еді. Әлемнің түкпір-түкпірінде тарыдай шашылып жүрген қазақты тарихи Отанымен қауыштырған сол құрылтайдың, одан кейінгі талай жиындардың маңызы турасындағы ой-пікірлердің бір парасы.


1992 жыл. Алматыда тұңғыш ұйымдастырылған құрылтайға Дүниежүзінің 33 елін мекен етіп жатқан 800-ге жуық қазақ азаматы қатысты. Сол алғашқы Құрылтайға алыс елдерде тұратын қазақтар жетсе де, іргеде тұрған Қытай қазақтары неге екені белгісіз жете алмапты. Қытайға Қазақстан жағынан барған делегаттың шақыруымен, Құлжадан Алматыға оқуға келген сол кездегі студент, бүгінде кәсіпкер Мырзабек Әкбар дүрілдеп өтіп жатқан құрылтайдың үстінен кездейсоқ түседі. Сөйтіп, құрылтайға Қытайдан келіп қатысқан бірден-бір қазақ болып шығады.

Мырзабек Әкбар: «Тек қана Қытайдан жоқ өкілдер. Басқа мемлекеттің барлығынан бар. Енді ол кезде Қазақстан жаңадан тәуелсіздік алғаннан кейін ешкім құрылтайдың не екенін түсіне бермейді. Сондықтан ол жақтан арнаулы өкіл келмепті»

Оның айтуынша, оған дейін де Қазақстаннан тыс жерде жүрген қазақтар Отанына әртүрлі жолдармен оралып жатты. Десе де, алғашқы құрылтай бұл көшке тың серпін берді деп бағалайды ол.

Мырзабек Әкбар: «Қазақстан алғаш тәуелсіздік алған кезде оны біреу мойындады, біреу мойындамады. Құрылтай болған кезде оны ақпарат құралдарынан жан жақты көрсетіп жатты. Қазақстанға жол ашық екенін, онда оқу-білім, жұмыс бәрін де табуға болатынын айтып жатты. Халифа Алтай секілді ғалымдар бір жылда қалып қойды. Құрылтайдан соң Моңғолия, Қытай, Түркиядан жастар келіп, мұнда оқуға түсті. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясына Алтай, Тарбағатай, Іле ауданы, Үрімжіден 60 шақты бала келді»,- дейді.

Жазушы Қалқазат Төлеухан: «Қытайдағы қазақтар бірінші-екінші құрылтай болған кезде бөркін аспанға атып қуанды. Олар осы жақта «не болар екен, бізді көшіріп алар ма екен, құшағына алар ма екен» деп үміттеніп отырды. Бұл құрылтай оларға үлкен үміт ұшқынын береді. Сондықтан мұндай құрылтайларды жиі өткізіп тұру керек»

ДҮРІЛДЕП АЛҒАШҚЫ ҚҰРЫЛТАЙ ӨТКЕЛІ ДЕ -17 ЖЫЛ...

Содан бері 17 жыл өтті. Бұл уақыт аралығында Қазақстанда көптеген ірілі-ұсақты құрылтайлар болып өтті. Әйтсе де, бұл уақыт аралығында кейбір азаматтардың бағалауынша, құрылтай бастапқы рөлінен алыстап кеткен.

Құлкерім Елемес, ақын: «Алғашқы құрылтай Қазақстанды таныстыру мақсатында болса, екінші құрылтай да сол таныстыру төңірегінен ұзаған жоқ. Үшінші құрылтай бұл Астананы көрсету сияқты болды. Бір қырынан дұрыс дегенмен, мен өзім білетін шеттегі қазақтар үшін бұл маңызды емес еді»

Мырзабек Әкбардың айтуынша, қазіргі таңда құрылтайларда қабылданған шаралардың барлығы тек қағаз жүзінде қалады.

«Содан бері кіші-кіші құрылтайлар да болып жатты. Сол кезде оралмандарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі ауызша айтылды да, қаулы шығарылған жоқ. 1996 жылы оралмандарды баспанамен қамтамасыз ету туралы қаулы шыққан болатын. Содан кейін бұл мәселе басылып қалды. Кейінгі кезде оралмандарды дұрыс орналастыру жағы да ақсап жатыр. Мәселен, мал бағатын отбасыларды мал шаруашылығы дамыған ауданға, физик болса, физика институтына деген сияқты. Бірақ кейінгі кезде араласып кетті. Бұл саудаға айналып кетті. Әйтеуір, оралман болса болғаны. Баспанаға шын мұқтаж адамдар баспанасыз қалып, ішкені - алдында, ішпегені – артында адамдар баспаналы болып жатыр»

Біз осы сөз болып отырған мәселелерге орай Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына хабарласқанымызда қауымдастық төрағасы Талғат Мамашев радиомызға жауап беруден бас тартты.

Жазушы Қалқазат Төлеуханның пікірінше, оралғысы келетін қазақтар үшін құрылтайдан маңызды нәрсе бар. Ол Қазақстанға келгеннен кейінгі жағдай. Өз отанын аңсап келген азаматтар жүрегіне байланған отаншылдық сезімді сатпай, таудай қиындық көрсе де шыдайды. Бірақ азаматтардың барлығы да олай емес қой дейді.

«Бұл жерге келген адамдардың барлығы отаншылдықпен келеді деп ойламаймын. Біреулер қарын тойғызу үшін келеді, біреулер «Қазақстан - бай» деп естіп келеді. Біреулер «Қазақстанда жер көп» деген соң келеді. Отаншылдықты бірінші орынға қоймаған түбегейлі майданы жоқ адамдар бұл жерге келгеннен кейін алда кездескен қиындықтардан солқылдай бастайды. Ал оларды алдаусырату керек. Халық сәбиге ұқсаған ғой. Алдаусыратсаң, алдынан шықсаң қолайлы жағдай туғызса, ол орнығып отырып қалады»

«ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫ ЖОҒАЛТЫП АЛУЫМЫЗ МҮМКІН»

Осыған дейін ақпарат құралдарында Қытайда қазақ мектептерінің жабылып жатқаны, ондағы қазақ диаспорасының мәдениетінен айрылу қаупі туындауы туралы ақпарат жарияланған болатын. Ақын Құлкерім Елеместің айтуынша, қазіргі таңда онда қытайландыру саясаты жүріп жатыр.

«Қазіргі жастар қытайша оқып жатыр. Алды 10-шы класты бітірді. Ендігі 10 жылда онда қазақша оқыған жас қалмайды. Мұнан басқа таяудан бері Қазақстанға барып келемін деушілерге тағы бір адам кепіл болады екен де, келмей қалса сол адам жұмыстан, істеп жатқан барлық мүмкіндіктерінен айрылады екен. Бұл дегеніңіз қазыққа ырықсыз байлау. Бұлар Қазақстанға келуді мүлде доғарды десек те болады»

Ақын Құлкерім Елемес егер үкімет бұл мәселені дереу қолға алмаса, Қазақстан Қытайдағы қазақ диаспорасын жоғалтып алуы мүмкін деген қорқынышын жасырмайды. Мұны Қазақстан сияқты адам саны аз мемлекет үшін үлкен шығын деп бағалайды ол.

Ал жазушы Қалқазат Төлеуханның айтуынша, Қытайдағы қазақтардың оралуына басты кедергі қазіргі таңда қытай үкіметінің өзі болып отырғанын айтады.

«Бұл жақтағы адамдар ойлайды: «Қытайда 1,5 млрд адам бар, бір шөкім қазақты неғылады» деп. Жоқ, олай емес. Ондағы қазақтарды көшірмеудегі басты мақсат оны көзір ғып ұстау. Қытай Қазақстаннан бірнәрсені талап етеді, оны бермейсің бе, ол жақтағы қазақтарды қыса бастайды. Мәселен, Ақтөбедегі мұнайды сұрайды. Немесе газ құбырын тартуды сұрайды»

Сондай ақ, оның айтуынша, бұл мәселеге аз ұлттарға жүргізіліп отырған саясаттың салқыны да әсер етпей қалған жоқ.
«Қытайда ежелден бері айтылып келе жатқан нәрсе бар. Олар нәсілін жақсартқысы келеді. Олар қазақ сияқты аз ұлттармен қосылып, өз нәсілін жақсартқысы келеді. Бұл білдіртпей жүзеге асырылатын мақсат, ежелден бері бар мақсат»

Жазушы Қазақстан егер Қытайдағы қазақтарды Отанына шын мәнінде қайтарғысы келсе, бұл мәселені мемлекеттік дәрежеде күн тәртібіне қойып, хаттама жазып, екі ел аралық келісімшартттар түзуі керек деп түйіндейді.

Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы 2002 жылы Түркістанда, 2005 жылы Астанада өтті.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG