Accessibility links

Мектептегі "орамал дауы" әкімшілік қамауға жеткізді


Ақтөбе қаласындағы №31 мектептің мұғалімдері сабаққа келген оқушыларды қадағалап тұр. 14 қыркүйек 2018 жыл.
Ақтөбе қаласындағы №31 мектептің мұғалімдері сабаққа келген оқушыларды қадағалап тұр. 14 қыркүйек 2018 жыл.

Ақтөбеде балаларын мектепке орамалмен кіргізуді талап еткен үш тұрғын "мектеп тәртібін бұзып, мұғалімдерге қоқан-лоқы көрсеткені" үшін әкімшілік қамауға алынды. "Діни ахуалы күрделі" саналатын облыста "орамал дауы" биыл да жалғасып отыр.

"КҮН САЙЫН АЙҒАЙ-ШУ ШЫҒАРАДЫ"

Қыркүйектің 14-і күні Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік соты қала тұрғындары – 1986 жылы туған Нұрәлі Шақкөзов, 1983 жылы туған Медет Құдайбергенов пен 1981 жылы туған Жәнібек Өтәлиевті "мектеп формасы туралы ережеге бағынбаған балаларын сабаққа күшпен кіргізбек болып, мұғалімдерге қоқан-лоқы көрсеткен" деп айыптап, әкімшілік қамауға туралы қаулы қабылдады. Сот шешімі бойынша, Нұрәлі Шақкөзов үш тәулікке, Медет Құдайбергенов пен Жәнібек Өтәлиев – бес тәулікке қамалған. Бұл азаматтардың балалары Ақтөбедегі №31 мектепте оқиды.

Ақтөбе облыстық Дін істері департаментінің мәліметінше, жаңа оқу жылының басынан бері облыста "мектеп формасы туралы ереже талабын бұзған" 49 оқушы сабаққа қатыса алмай отыр. Оның 12-сі – Ақтөбенің ескі бөлігіндегі №31 мектептің оқушылары.

Ақтөбедегі №31 мектеп директорының орынбасары Шолпан Жиенмурзина. 14 қыркүйек 20189 жыл.
Ақтөбедегі №31 мектеп директорының орынбасары Шолпан Жиенмурзина. 14 қыркүйек 20189 жыл.

- Қыркүйекте сабақ басталғанда 13 оқушы орамал тағып келді. Мектеп формасына қатысты талабымыздан соң 9-сыныпта оқитын қыз бала ғана орамалын шешті. Ал қалған оқушылардың ата-аналары сабақ басталар кезде келіп, күн сайын айқай-шу шығарып кетеді, - дейді мектеп директорының орынбасары Шолпан Жиенмурзина.

Қыркүйектің 14-і күні сағат 12-ге қарай №31 мектепке барған Азаттық тілшісі он шақты мұғалімнің сыртқы есікті күзетіп тұрғанын, мектеп дәлізінде тағы бірнеше мұғаліммен бірге екі полиция қызметкері, прокуратура, әкімдік өкілдері жүргенін көрді. Олар түскі ауысымның сабағы басталатын сағат 14:00-ке дейін тарқаған жоқ. Бұл күні орамал таққан оқушылар мектепке келмеді. Сағат екіге таяғанда есік күзетіп тұрған мұғалімдер "Бүгін жұма ғой, мүмкін олар мешітке кеткен болар" деп өзара сөйлесіп жатты. Кейін балаларын мектепке әкелмеген кей ата-аналардың қамалғаны белгілі болды.

- Біз негізгі қызметтік міндеттерімізден гөрі осы кісілерге түсіндірме жұмыстарын жүргізу, хабарлама тарату сияқты өзге шаруалармен айналысып кеттік. Оқушы формасына қатысты талапқа бағынбаған ата-аналар мектеп мұғалімдерін сыйламайды, намысымызға тиетін сөздер айтады. Былтыр орамалмен мектепке кіргізбей қойғанда бала да, ата-анасы да есік аузынан кері қайтатын, биыл олар агрессия көрсете бастады, - дейді Шолпан Жиенмурзина.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева Азаттық тілшісінің орамал дауына қатысты сауалына: "Мектеп формасы сақталуы тиіс. Ешбір оқушы мектепке орамалмен де, бонамен де кірмейді!" деп жауап берді.

"БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ЖАЛҒАН АҚПАРАТ БЕРДІ"

Өткен оқу жылының соңында облыстық білім басқармасы "2017-2018 оқу жылының басында облыстағы орта білім беретін мекемелерге 340 оқушы қыз орамал тартып келген. Соның төртеуі келесі сыныпқа көшпей қалды. Қалған оқушылар мектеп формасын сақтап отыр" деп хабарлаған. Бірақ орамал тартатын кей оқушылардың ата-аналары мұны жоққа шығарады.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Нұрболат Жақсыбай.
Ақтөбе қаласының тұрғыны Нұрболат Жақсыбай.

- Менің екі қызым оқу аяғына дейін орамалдарын шешкен жоқ. Білім басқармасы "көп қыздар орамалдарын шешті" деп жалған ақпарат таратты. Яғни, бізді моральдық тұрғыда "сындыру" үшін, "көбі шешіп жатыр екен, біз де шешеміз" деп айтар деген оймен жалған ақпарат берді. Оқу жылы аяқталар кезде мұғалімдер балаларды мектепке шақырып алып, бақылау жұмысын алды. Сонымен келесі сыныпқа көшіріп жіберді – дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Нұрболат Жақсыбай.

Оның сөзінше, мектеп жасындағы екі қызы – Мәриям мен София былтыр Ақтөбедегі №48 мектепте оқыған. Апалы-сіңлілі екі қыз биылдан бастап ауылдық жердегі нағашыларының қолында оқып жүр дейді әкелері.

Баласы Қобда ауданы Қоғалы ауылындағы Қобыланды орта мектебінде оқитын Болат Әбдіхалықов та облыстық білім департаментінің дерегін жоққа шығарып отыр. Оның айтуынша, былтыр үшінші тоқсаннан бастап мектепке кіре алмаған қызын мұғалімдер оқу жылы аяқталар кезде шақырып алып, келесі сыныпқа көшірген. Бірақ жаңа оқу жылы басталғанда мектепке орамалмен барған оқушыны тағы да кіргізбей қойған.

- Біз – Қазақстанның азаматымыз. Ата-бабамыз осы елде қызмет етіп, осы жерде өмір сүрген. Өз елімізде құқымыз аяқасты болып жатыр. Ерлан Сағадиев мырза [Қазақстанның Білім және ғылым министрі – ред.] бұл проблеманы тез арада шешуі тиіс! Шешілмесе әрі қарай күрделене береді. Министр теледидардан бір-екі ауыз сөз айтады да, бұқпантайлап кетіп қалады. Халықпен кездесіп жатқанын көрмедім. Өзі ел алдына шығып түсіндіріп берсін! Балаларды мектепке біресе кіргізеді, біресе кіргізбейді. Біз ешнәрсені түсіне алмай отырмыз - дейді қобдалық Болат Әбдіхалықов.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Гүлжанар Сәбенова.
Ақтөбе қаласының тұрғыны Гүлжанар Сәбенова.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Гүлжанар Сәбенова орамал дауынан соң баласын №23 мектептен ақылы мектепке ауыстыруға мәжбүр болғанын айтады. Баласының оқуы үшін айына 80 мың теңге төлеп отырған ақылы мектеп те өткен аптадан бастап оқушының ата-анасына орамалға қатысты талап қоя бастаған.

- Балаларымыз тегін оқуға құқылы. Неге біз ақша төлеп оқытуымыз керек?! Ақша төлеген күннің өзінде оқытпай жатыр. Егер бізге бір мектеп ашып берсе, сол мектепте кілең қыздар оқитын болса, ол жерге орамалсыз-ақ барар едік. Ер балаларсыз оқитын болса қыздар ұялмайды. Орамал тартатын балалардың көбі өте жақсы оқиды. Сондай балалардың үдере көшіп, Ресейге, Қырғызстанға кетіп жатқаны білім саласы үшін үлкен минус деп ойлаймын, - дейді Гүлжанар Сәбенова.

"АТА-АНАЛАР АСЫРА СІЛТЕП ОТЫР"

Ақтөбе облыстық Дін істері департаментінің басшысы Жолдас Қалмағамбетовтің пікірінше, балалары орамал тартқан ата-аналар дінді дұрыс түсінбегендіктен асыра сілтеп отыр.

Ақтөбе облыстық Дін істері департаментінің басшысы Жолдас Қалмағамбетов.
Ақтөбе облыстық Дін істері департаментінің басшысы Жолдас Қалмағамбетов.

- Орамал – парыз етілген амал. Бірақ ол кімдерге парыз етілген? Бәлиғат жасына толған балаларға және әйел адамдарға. Ал біз 49 балаға талдау жүргізгенімізде олардың ішінде даярлық тобына барып жүрген бес жасар бір баланың бар екенін анықтадық. Бастауыш сыныптарда 25 оқушы, 5, 6 және 7-сыныптарда 20 оқушы орамал тағып отыр. Біздің есебіміз бойынша, осы 49 баланың ішінде үш-ақ бала бәлиғат жасына толған. Яғни, бұл ата-аналар тарапынан жасалған асыра сілтеу, - дейді Жолдас Қалмағамбетов.


Елдегі "діни ахуалы ең күрделі аймақ" саналатын Ақтөбе облысында соңғы жылдары билік "теріс діни ағымдардың" ықпалын азайтуға, діни экстремизм мен террорзимнің алдын алуға бағытталған түрлі шараларға баса мән бере бастаған. Қазақстан билігі діни радикализмнің тарауынан сақтану шаралары ретінде "дәстүрлі діни құндылықтарды" белсенді түрде насихаттайды. Кейбір билік өкілдері оқушы қыздардың хиджаб тағуын "жат діни ағымдардың әсері" деп қауіптенеді.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының мәліметінше, 2017-2018 оқу жылында баласы мектеп формасын сақтамаған 25 ата-анаға Әкімшілік кодекстің 409-бабы 2-тармағына ("Қазақстанның білім беру, дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасын бұзу") сәйкес бес айлық есептік көрсеткіш (қазір бір АЕК - 2405 теңге) көлемінде айыппұл салынған. Төрт оқушы келесі сыныпқа көшпей қалған.

Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы қаңтарда шығарған бірыңғай мектеп формасы ережесі туралы №26 бұйрығы өткен жылы күзде Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы кей мектеп әкімшіліктері мен ата-аналар арасындағы "орамал дауына" себепші болған.

Аталған аймақтарда мектеп әкімшілігі сабаққа кіргізбей қойған ондаған оқушының ата-анасы "Конституцияда кепілдік берілген құқығымыз бұзылды" деп сотқа шағымданған. Тұрғындар шағымын қараған соттар Білім және ғылым министрлігі мен мектептің ұстанымын қолдаған.

Биылғы жаңа оқу жылында Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы Фердауси ауылында тұрғындар оқушы балаларының орамалын шешуден бас тартып, мектеп әкімшілігінің талабына қарсылық білдірген.

Қыркүйектің 6-сы күні Фердауси ауылында мектепке орамалын шешіп барудан бас тартқан 13 оқушы қыздың ата-анасына бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG