Accessibility links

Ауғанстаннан келген қазақ Мұхаммед Хасан: Әйелім мен қарындасым виза ала алмай, Кабулда қалды


30 жастағы Мұхаммед Хасан – Қазақстан "Талибан" билік орнатқан Ауғанстаннан атамекенге арнайы ұшақпен жеткізген ұлты қазақ 35 азаматтың бірі. Алматы, 10 қыркүйек 2021 жыл.
30 жастағы Мұхаммед Хасан – Қазақстан "Талибан" билік орнатқан Ауғанстаннан атамекенге арнайы ұшақпен жеткізген ұлты қазақ 35 азаматтың бірі. Алматы, 10 қыркүйек 2021 жыл.

Қазақстан "Талибан" билік орнатқан Ауғанстаннан ұлты қазақ 35 азаматты елге арнайы ұшақпен жеткізді. Үкімет "қандастар уақытша оқшау жерде болады" дегенімен, оларды қайда орналастырғанын жарияламады. Азаттық тілшісі ауған қазақтары түскен қонақ үйді тауып, олардың бірі Мұхаммед Хасанмен сұхбаттасты.

"Талибан" радикал қозғалысы БҰҰ заңды деп таныған өкіметті орнынан тайдырып, Ауғанстанға билігін орнатқаннан кейін, Қазақстан өздерінің қазақ екенін айтып, атамекенге жеткізуді өтінген 35 адамды 9 қыркүйекте кешке қорғаныс министрлігінің арнайы ұшағымен Алматыға жеткізді. Олардан бөлек осы ұшақпен 4 қазақстандық, Қырғызстанның 1 азаматы және Қазақстанда тұрақты тұратын 1 ауған да келген.

Ауғанстаннан эвакуацияланған азаматтарды Алматының төменгі бөлігіндегі қонақ үйге орналастырған. Бұл ақпарат ресми хабарланбады. Қандастар орналасқан мекенжайды бейресми дереккөздер арқылы анықтадық.

Жұма күні темір жол вокзалына жақын қонақ үйдің маңайында арнайы күзет немесе полиция байқалмады. Қонақ үйдың астыңғы қабатында телефон шұқылап отырған, сырт келбеті ауған қазағына ұқсайтын азаматтан "Ауғанстаннан келдіңіз бе?" деп сұрадым. Басын изеді. Өзімді таныстырған соң ол да аты-жөнін айтты. 30 жастағы Мұхаммед Хасан Ауғанстанның Бағлан қаласының тумасы екен.

– Елге келуіңізбен! Қалай жеттіңіздер?

– Кеше жеттік. Ауғанстанда жағдай қиындап кетті. Өмір сүру қиындады. Сол үшін Қазақстанның Кабулдағы елшілігіне бардық. Арнайы комиссияға кірдік. "Қазақ екеніңді дәлелде" деді.

– Қалай дәлелдедіңіз?

– Қожамын, осы Қазақстанда туысқандар бар. Солармен байланыстамын. Менің атам 95-100 жыл бұрын Қазақстаннан көшіп, Ауғанстан асып кеткен. Сол жағы тексерілді.

Ауғанстаннан келген қазақ Азаттыққа сұхбат берді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:52 0:00

Хасан Қазақстанның Кабулдағы елшілігі жанындағы комиссия "руымызды сұрады, жеті атамызды айттық" дейді. Ол елшілікпен бұрыннан байланысты болғанын, жиі хабарласып, Қазақстанның Ауғанстандағы қазақтарды қайтаратын бағдарламасы бар-жоғын сұрастырып жүргенін айтады.

"Жағдай күрделенген соң тарихи отанымызға қайтқымыз келді" дейді Мұхаммед Хасан.

– Президентіміз, Қазақстан үкіметі, Кабулдағы елшіміз, консулдығымыз көмектесіп, ешқандай ақша алмай алып келді. Бір доллар да төлмедік. Осы қонақ үйдің шығынын да үкімет төлеп жатыр. Аман болсын бәрі.

Хасан әр сұраққа жауап бергенде елге келуге көмектескен азаматтарға ризашылығын білдіріп, қайта-қайта рақметін айтумен болды. Оның сөзінен сапарға шықпас бұрын қатты алаңдағанын ұқтық.

– Рейстен бір күн бұрын елшілік хабарласып, жолға шығатымызды ескертті. Оған дейін Қазақстанда кететін виза дайындалған еді, – дейді ол.

Қазақстан үкімпеті арнайы ұшақ жіберіп, Ауғанстаннан атамекенге жеткізген 35 қазақ Алматы әуежайында тұр. 9 қыркүйек 2021 жыл. Қазақстан СІМ таратқан сурет.
Қазақстан үкімпеті арнайы ұшақ жіберіп, Ауғанстаннан атамекенге жеткізген 35 қазақ Алматы әуежайында тұр. 9 қыркүйек 2021 жыл. Қазақстан СІМ таратқан сурет.

Мұхаммед Хасан Ауғанстанда билікке тәліптерге келгенге дейін Тәжікстанмен шекараға жақын маңдағы Таһар уәлаятында тұрыпты. Үкіметтік емес ұйымдардың бірінде жұмыс істеген. "Құжаттарымды тезірек жинап, тізімге ілігуіме оқығанымның пайдасы тиді" дейді ол.

Оқымаған адамға қиын. Ауғанстандағы қазақтардың көбі оқымаған, жұмыс істеп жүргендер. Сол үшін оларға көбірек көмектесу керек.

Егер оқымаған болса, олар негізінен қандай жұмыс істейді?

– Көбі диқан, егіншілікпен шұғылданады.

Одан басқа немен айналысады?

Сауда жасайды.

Ауғанстаннан атамекенге арнайы ұшақпен жеткізілген ұлты қазақ 35 адам уақытша орналасқан қонақ үй. Алматы, 10 қыркүйек 2021 жыл.
Ауғанстаннан атамекенге арнайы ұшақпен жеткізілген ұлты қазақ 35 адам уақытша орналасқан қонақ үй. Алматы, 10 қыркүйек 2021 жыл.

Мұхаммед Хасанның айтуынша, Ауғанстанда қазір "қазақпын" деген адам көбейген. Бұған елдегі дүрбелеңнің әсері бар дейді ол. Әркім тұрақсыздық жайлаған елден кеткісі келеді. Сондықтан "тарихты білетін адамдар комисссияда отырып, сұрақ қойып, қазақпын дегендерді тексергені жөн" дейді Хасан. Ол Ауғанстанда қалған өзге де қазақтардың тарихи отанына оралғанын қалайды.

– Кабулда Қазақстан елшілігі маңында жүрміз, қабылдауға кіре алмай тұрмыз деген азаматтар Азаттыққа жиі хабарласады. Ондай адам көп пе?

– Көп. Егер тексеріліп, қазақ екені анықталса, елшілік көмектесеміз деп тұр.

– Таһарда, Кабулдағы жағдай қалай?

– Таһарда, жалпы Ауғанстанда жағдай қиын боп тұр. Жұмыс жоқ, ақша жоқ. Бәрі уайымдап жатыр. Біраз адам мемлекеттен кетті.

– Сіз отбасыңызбен келдіңіз бе?

– Иә. Анам, бауырларым келді. Бірақ әйелім мен бір қарындасым Ауғанстанда қалды. Паспорттары жоқ еді, виза ала алмады...

Айтуынша, елшілік оларға паспорт алса, виза ашып береміз деген. Бірақ билік ауысқан елде құжат алу ісі әзірге тоқтап тұр.

Полиция капитаны Жасұлан Ноқтырбек Ауғанстаннан келген қазақ Мұхаммед Хасанға (оң жақта) смартфонды Wi-Fi байланысына қалай қосатынын көрсетіп тұр. Алматы, 10 қыркүйек 2021 жыл.
Полиция капитаны Жасұлан Ноқтырбек Ауғанстаннан келген қазақ Мұхаммед Хасанға (оң жақта) смартфонды Wi-Fi байланысына қалай қосатынын көрсетіп тұр. Алматы, 10 қыркүйек 2021 жыл.

Хасаннан Ауғанстанда ұлты қазақ азаматтарға тәліптер қалай қарайды деп сұрадым. Осы кезде екеуара әңгімені полицияның "Бұл кісіге далаға шығуға болмайды" деген сөзі бөліп жіберді.

– Бұл кісілер кеше тест тапсырған. ПТР қорытындысы әлі дайын емес. ПЦР тест дайын болсын, содан кейін келе аласыздар, – деді полиция капитаны Жасұлан Ноқтырбек.

Мұхаммед Хасан қонақ үйдің бірінші қабатына Wi-Fi қалай қосатынын сұрап алуға түскенін айтып, кешірім сұрады. Менімен "карантиннен шыққан соң сұхбаттасайық" деп қоштасып, лифтімен жоғарыға көтерілді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG