Accessibility links

Ұйғырлардың ислам шарттарын орындауы қиындады


Жұма намазы кезінде мешітте маңында тұрған әскер. Қытай, Үрімжі. Көрнекі сурет.
Жұма намазы кезінде мешітте маңында тұрған әскер. Қытай, Үрімжі. Көрнекі сурет.
Халықаралық ақпарат құралдары Қытайдың Рамазан айында діни шараларға шектеу салғанын хабарлады. Тыйым салынған діни шаралардың қатарына ораза ұстау мен мешітте құлшылық ету де кірген.

Radio Free Asia ақпарат құралының хабарлауынша, Шығыс Түркістан аумағында шілденің 20-сынан бері «қауіпсіздік және тұрақтылықты сақтау шаралары» басталған. Шара аясында мемлекеттік қызметкерлер мен мұғалімдердің, студенттер мен оқушылардың мешітке баруы мен ораза ұстауын бақылау көзделген.

France-Presse агенттігі тамыздың 1-і күні Шыңжаң провинциясының орталық бөлігінде орналасқан Йонгканг өлкесінде тараған ресми ақпараттан үзінді берген.

«Коммунистік партия өкілдеріне, мемлекеттік қызметкерлерге (зейнетке шыққандар да кіреді) және студенттерге Рамазан айында діни шараларға қатысуға тыйым салынады».
Жұма намазынан кейін мешіттен шығып келе жатқан жамағат. Қытай, Үрімжі, 10 шілде 2009 жыл.
Жұма намазынан кейін мешіттен шығып келе жатқан жамағат. Қытай, Үрімжі, 10 шілде 2009 жыл.

Агенттіктің жазуынша, Шыңжаң үкіметінің сайтындағы үндеуде жергілікті село жетекшілерінің ауыз бекітпегенін анықтау үшін оларға «сыйлық ретінде» тамақ беру туралы тапсырма да жазылған.

Бұдан бөлек, Уенс білім округінің сайты шенеуніктерді шәкірттердің мешітке бармауын қадалағауға шақырған. Жергілікті билік аумақтағы дәмхана, мейрамханалардың күндіз жабылмай, жұмыс істеуін талап еткен.

Radio Free Asia-ның хабарлауынша, мұндай тыйымдар тіпті елге келген туристерге де салынған.

«МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫН ШАҚЫРЫП ТАМАҚ БЕРГЕН»

Қазақстандағы ұйғыр қауымдастығының жетекшісі Қаһарман Қожамберді Қытайға барып-келіп жатқан азаматтардан осындай шектеудің барын естігенін айтады. Оның айтуынша, полиция тексеру шараларын күшейткен.

- Кешкісін, ораза ұстағаннан кейін тарауық оқылады. Полицейлер келіп, онда жас балалар, студенттер, кадрлар бар ма, жоқ па деп тексереді екен. Бір таңғалатыным - тіпті демалыста жүрген мектеп оқушыларын да шақырып, ораза ұстаған-ұстамағанын тексеру үшін тамақ берген, - деді ол.

Оның айтуынша, бұрындары 18-ге толмағандарды мешітке кіргізбеу туралы тыйым ​болған. Қазір коммунистік партия өкілдеріне, мұғалімдерге, студенттер мен оқушыларға, мемлекеттік қызметкерлерге де тыйым салынған. Тек зейнет жасындағы адамдар ғана мешітке бара алады.
Бүкіләлемдік ұйғыр конгресінің төраға орынбасары Қаһарман Қожамбердиев. Алматы, 10 шілде 2009 жыл.
Бүкіләлемдік ұйғыр конгресінің төраға орынбасары Қаһарман Қожамбердиев. Алматы, 10 шілде 2009 жыл.

– Мақсаты сол ұйғырларды дінсіз қылу ғой. Қазіргі кезде ұйғырлардың Қытайға қарсы тұрудағы бірден-бір күші ислам дінінде болып отыр, - деді ол.

Есімін айтпаған Үрімжі тұрғыны мешітке барған кезде полиция қаптап кететінін айтады.

– Менің әкем ораза ұстап жүр. Жұма күні мешітке барған кезде полиция қаптап кетеді. Ал әлгінде Құлжадағы мешітке барсам, келгендерді тізімге алып жатыр екен, - дейді ол.

Үрімжінің есімін айтпаған тағы бір тұрғыны ораза ұстап жүргенін, «тыйым салу туралы» ережені көрмегенін айтты.

– Үлкен-кішінің бәрі ұстап жүр. Керек десеңіз, мен де ұстап жүрмін. Тек әлгінде он күндей Астанада сапарда болғасын ұстай алмағам. Келгеніме үш-төрт күн болды. Қайта ұстап жүрмін. Мұнда тек коммунистер ұстамайды. «Мыналар ұстамасын» деген бұйрықты көргем жоқ. Бірақ студенттердің ұстауына болмайтын шығар. Өйткені олардың таңертең тұрып, сәресін ішуге мүмкіндігі жоқ. Ал қиналып ораза ұстауға болмайды ғой. Менің білетінім осы ғана. Тақақтап «Сен неге ораза ұстап жүрсің?» деген сияқты жайтты көргем жоқ. Ішінара жағдайларда болуы мүмкін шығар, - деді ол.

СЫН

Қытай билігінің мұсылман-ұйғырларға діни тұрғыда шектеу салуын халықаралық ұйымдар мен шетелдегі ұйғыр диаспорасы сынады.

Тамыздың 2-сі күні бұл мәселеге алаңдаған ұйғыр-америка қауымдастығы «ұйғырларды діни тұрғыда шектеу Шығыс Түркістанда тұрақсыздықты күшейтетінін» ескертті. Қауымдастықтың жазуынша, «Қытай үкіметі Рамазан айында ислам дінін ұстанған ұйғыр халқының діни шараларын орындауына кедергі келтіріп, халықаралық құқық нормаларын бұзып отыр» деп мәлімдеді.
Үрімжідегі мұсылман әйелдері. Қытай, Шыңжаң, 14 шілде 2009 жыл.
Үрімжідегі мұсылман әйелдері. Қытай, Шыңжаң, 14 шілде 2009 жыл.

«Рамазан айында ораза ұстауға тыйым салу арқылы, Қытай ұйғыр халқын күндіз тамақтануға мәжбүрлеп отыр» деп мәлімдейді дүниежүзілік ұйғыр конгресінің өкілі Дильшат Рашид.

Өткен аптада АҚШ-тың мемлекеттік департаменті және діни еркіндік жөніндегі халықаралық комиссиясы (USCIRF): «2009 жылғы этникалық қақтығыстан кейін, СУАР-да (Шыңжаң-ұйғыр автономиясы) діни еркіндік жылдам тарап барады... Пекиннің Шыңжаң автономиялық ауданында мұсылман ұйғырлардың діни шаралар атқаруына шектеу қоюы қатты наразылық тудырды» деп мәлімдеді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG