Accessibility links

Қырғыз бен өзбек арасындағы шиеленіс Мәскеуге жетті


Ресей милиционері метро стансасын тінтіп жүр. Мәскеу, 30 наурыз 2010 жыл
Ресей милиционері метро стансасын тінтіп жүр. Мәскеу, 30 наурыз 2010 жыл

Мәскеу қаласында Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген еңбек мигранттарының арасында жанжал туды. Екі жақ метро бекетіндегі төбелес кезінде бір-біріне өткір қару жұмсаған. Бір адам ауыр жарақат алды.


Ондаған этникалық өзбек пен қырғыздар тобы дүйсенбі күні түнде Мәскеудегі «Профсоюзная» метро бекеті маңында қақтығысып қалды. Төбелес кезінде пышақталған бір азамат ауруханаға жеткізілген.

Қырғыз Республикасының Мәскеудегі елшілігінің атташесі Алмаз Абдишаев «Азат Еуропа/Азаттық радиосы» қырғыз қызметіне, төбелесті ұйымдастырған деген айыппен төрт кісі ұсталғандығын хабарлады.

Ресей астанасында өзбектер мен қырғыздар бірінші мәрте төбелесіп отырған жоқ. Дәл осындай ұлтаралық сипаттағы қақтығыс осыдан бір ай бұрын Қазан вокзалына жақын маңда тіркелген еді.

Ресейде Орталық Азия мемлекеттерінің жүздеген мың еңбек мигранттары бар.

Мәскеудегі бұл тәртіпсіздік маусым айында Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош және Жалал-Абад облыстарындағы этникалық өзбектер мен жергілікті қырғыздар арасындағы ұлтаралық қақтығыстардан кейін туындап отыр.

Қырғыз оңтүстігіндегі қақтығыстар барысында 355 адам қаза тапты, жүз мыңдаған адам босып кетті.

Халықаралық адам құқығын қорғаушылар, бұған қоса бірқатар шетелдік ұйымдар Қырғызстанда этникалық өзбектерге қысым көрсету тыйылмай отыр деп мәлімдеді.

Қырғызстанда сәуір тоқуларынан кейін билікке келген жаңа үкімет республиканың оңтүстігінде тәртіп орнату үшін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан көмек сұрады. ЕҚЫҰ 52 полиция қызметкерін елдің оңтүстігіне жіберу туралы шешім шығарды.
XS
SM
MD
LG