Accessibility links

Сауд Арабиясынан санаққа енбеген қазақтар көшіп келді


Араб жерінен көшкен қазақтар атамекенге қадам басты. Aқтау. 1 қыркүйек 2010 жыл.
Араб жерінен көшкен қазақтар атамекенге қадам басты. Aқтау. 1 қыркүйек 2010 жыл.

Маңғыстау облысына Сауд Арабияcынан қазақтар көшіп келіп жатыр. Бортында 58 оралман бар ұшақ сәрсенбі күні ымырт түсе Ақтау әуежайына келіп қонды. Атажұртына ат басын тіреген қазақтарды жергілікті билік өкілдері күтіп алды. Жексенбіге дейін тағы да 10 әулет көшіп келмек.


«НАҚТЫ ҚАЙДА ҚОНЫСТАНАТЫНЫ ӘЗІРГЕ БЕЛГІСІЗ»

Сауд Арабиясынан келген қазақтар Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласындағы оралмандарды бейімдеу және кіріктіру орталығына орналастырылды. Барлығы – жеті әулет.

– Қазір құжаттандыру тексеру мәселелері жүріп жатыр. Одан кейін бізге келіп жатқан басқа оралмандар сияқты орналастырылатын болады. Нақты қайда қоныстанатындары әзірге белгісіз, - дейді, Маңғыстау облыстық көші-қон және демография басқармасының бастығы Чапай Әбілов Азаттық радиосының тілшісіне.

«БАЛАЛАРЫМЫЗ 12 ЖАСҚА ДЕЙІН БІЛІМ АЛАДЫ, ОДАН ӘРІ ОҚУҒА БОЛМАЙДЫ»

Чапай Әбілов көшіп келушілерге оралман мәртебесі берілетінін айтады. Осыдан кейін олар миграциялық квотаға енгізіліп, мемлекеттен берілетін бір жолғы жәрдемақыны алатын болады. Ал Маңғыстау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі, көшіп келушілерге жол шығындарының да өтеп берілетінін хабарлайды.
Әбдібәки Қожаназар араб жеріндегі жағдайы жайында
айтып тұр. Ақтау. 1 қыркүйек 2010 жыл.

– Сыртта жүріп елді сағындық, жүзіміз төмен болды. Күндердің бір күні «кетіңдер» деп айта ма деп қаймығып жүрдік, - дейді, қарсы алу сәтінде сөз алған оралман қазақтың бірі Әбдібәки Қожаназар.

Сауд Арабиясынан оралған қазақтар ол жақта сауда-саттықпен айналысыпты. Алайда дүкен қожалары тек арабтар болған. Қазақтар, тіпті, үй сатып алуға құқықтарының болмағанын айтады.

– Балаларымыз 12 жасқа дейін ғана білім алады, одан әрі оқуға болмайды. Сондықтан балалар тілдерін ұмытып қалмас үшін біз үнемі жұбымызды жазбай жүрдік, - дейді тоғыз баланың әкесі 46 жастағы Мұхаммед Шах Асматулла.

САНАҚТАН ДА, САНАТТАН ДА СЫРТ ҚАЛҒАН

Қазақстанға Сауд Арабиясынан алғашқы көш 1997 жылы келген болатын. Сол кезде жиырмадай әулет қоныс аударған еді.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев Азаттық радиосына берген сұхбатында алғашқы көштен кейін Сауд Арабиясында қазақтар қалмады деген пікірді ұстанғандарын айтады.

– Осыдан екі жыл бұрын Меккеге барғанда қазақтарды кездестірдім. Мыңға жуық қазақ бар екен. «97-98 жылдары тізімдегенде қайда болдыңдар» десем, «ол кезде қорықтық» деді. Сосын елшілік пен комитет арқылы көш ұйымдастырылды, - дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев.

Мамандардың пайымдауынша, бұл қазақтар араб жеріне алды 30-40 жыл, соңы 10-15 жыл бұрын барған. Бәрі Иран және Ауғанстан елдерінен қоныс аударған.

Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі 5 қыркүйекке дейін жалпы саны 79 адамнан тұратын 10 әулет келетінін айтады. Бұл аймаққа биыл шеттен көшіп келетін 2500 түтінге арнап квота бөлінген.
XS
SM
MD
LG