Accessibility links

«Елбасы» мәртебесіне қарсы «ақ плакатшылар» аймақтарды аралады


Тәуелсіздік алаңында жиналған бір топ азамат Қазақстанның саяси жүйесіне наразылықтарын жазуы жоқ ақ плакаттар арқылы білдірді. Алматы, 29 маусым 2010 жыл.
Тәуелсіздік алаңында жиналған бір топ азамат Қазақстанның саяси жүйесіне наразылықтарын жазуы жоқ ақ плакаттар арқылы білдірді. Алматы, 29 маусым 2010 жыл.

Алматыда басталған «Ақ плакатшылар» наразылық акциясы бүгін Астана, Қарағанды және Өскемен қалаларында жалғасты. «Елбасы туралы» заңның қабылдануына қарсылығын үнсіз білдірген «ақ плакатшыларды» жергілікті полиция ұстап алып кетті.


«БӘЙТЕРЕКТЕГІ» НАРАЗЫЛЫҚ

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа заңмен «елбасы» мәртебесі берілуіне қарсы оппозициялық «Алға» партиясын тіркеу комитетінің белсенділері бейсенбі күні Астанадағы «Бәйтерек» алаңында және Қарағанды облыстық әкімшілігінің ғимараты алдында наразылық акциясын өткізді.

Акцияға қатысушылар қолдарына ұстап шыққан ақ плакат – үнсіз наразылық белгісін білдіреді. Өйткені жаңадан қабылданған «Елбасы туралы» заңда президент Назарбаевтың бейнесін бүлдірген адамға айыппұл төлетіп немесе үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы берілетіндігі айтылған.

Тіркелмеген «Алға» партиясы Астана филиалының бастығы Руслан Симбиновтың Азаттық радиосына хабарлауынша, Астанадағы акцияға ұйымның тоғыз белсендісі қатысқан, бірақ олардың наразылық іс-әрекеті ұзаққа созылмаған.

– Маусымның 1-і күні сағат 11-де «Бәйтерек» монументінің жанына жиналдық. Ақ плакаттарды шығарғанымыз сол-ақ еді, бізді полиция ұстап алып кетті, – дейді Руслан Симбинов.

Оның айтуынша, құқық қызметкерлері оппозицияның тоғыз белсендісін Астананың Есіл аудандық полиция бөліміне алып барған. Ұсталғандардың үшеуіне сол жерде хаттама толтырылып, қалғандары босатылған.

Аудандық полиция ғимаратында әкімшілік соттың басталуын күтіп отырған Руслан Симбинов, Даниил Носенко және Ақатай Нұрышевтарға Қазақстан әкімшілік кодексі 373-бабының үшінші бөлімі негізінде митингтер мен шерулер өткізу тәртібін бір жылда қайта бұзған деген айып тағылды.

Заң бойынша мұндай әкімшілік тәртіпті бұзғандарға сот арқылы 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе 15 күнге абақтыға қамалады. Бұған дейін «ақ плакатшыларға» Астанадағы «Бәйтерек» монументі жанында «Георгий ленталарын» таратқаны үшін айыпұл салынған болатын.

«АҚ ПЛАКАТШЫЛАР» АЙМАҚТАРДА

Қарағандыдағы наразылық акциясы да астаналықтармен бір уақытта басталды. Алайда қарағандылық «ақ плакатшылар» өздерінің наразылық акцияларын өткізіп үлгерді. Осы акцияға қатысушылардың бірі Ксения Ермағанбетованың Азатттық радиосына хабарлауынша, полиция оларды қайтып бара жатқан жолда ұстап алып кеткен.

– Мен облыстық әкімшілік ғимаратына ақ плакатпен келдім. Тағы сегіз адам жиналды. Біз ақ плакаттарды шамамен сегіз минут бойы наразылық ретінде жоғары көтеріп тұрдық. Одан соң өз жұмыстарымызбен тарадық. Үш көліктегі полиция қызметкерлері бізді жолда тоқтатты. Акцияға қатысқан басқа да кісілерді аудандық полицияға әкеліпті, – деді Ксения Ермағанбетова.

Қарағандыдағы аудандық полиция бөліміне алты «ақ плакатшы» жиналды. Бірнеше сағаттан кейін полиция олардың төртеуін босатып, қалған екі кісі – «Алға» партиясын тіркеу комитетінің Қарағандыдағы филиалының басшысы Валентина Махотина мен ұйым жүргізушісі Нұрбек Күлейменовті әкімшілік тәртіп бұзған деп айыптап, әкімшілік іс қозғаған.

Ксения Ермағанбетованың айтуынша, іске қатысты әкімшілік сот бүгін өткізілуі мүмкін.

«Ақ плакатшылар» наразлық акциясы бейсенбі күні Өскемен қаласындағы орталық алаңда да өтті. Бірақ жергілікті полиция үнсіз флеш-моб өткізгендерді ұстауды қажет деп таппаған.

Алматыдағы «ақ плакатшылар» акциясы туралы бейнехабарды қараңыз:

Ақ плакаттар «ымдаған» наразылық
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:59 0:00
XS
SM
MD
LG