Accessibility links

Путин бесінші рет президенттік қызметке кірісті


Владимир Путин инаугурцияға келген сәт. Мәскеу, 7 мамыр 2024 жыл.
Владимир Путин инаугурцияға келген сәт. Мәскеу, 7 мамыр 2024 жыл.

7 мамырда Кремльде Ресей президенті Владимир Путиннің инаугурациясы өтіп, ол бесінші президенттік мерзімге кірісті.

Инаугурацияға барлық елдің дипломатиялық өкілдері шақырылған. Бірақ Батыс елдерінің көбі, соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания және ЕО-ға мүше елдердің елшілері шараға келмеген. Азаттықтың Украин қызметінің жазуынша, салтанатты жиынға тек Франция, Венгрия, Словакия, Грекия, Мальта және Кипр елдерінің дипломаттары қатыспақ.

2024 жылы наурызда Ресейде сайлау өтіп, елдің орталық сайлау комиссиясы Путин 87,3 пайызбен жеңіске жетті деп жариялаған. "Голос", "Важные истории" және "Новая газета Европа" басылымдары Путинге миллиондаған дауыстарды қолмен жазып берді деп мәлімдеген. Сарапшылар зерттеуінде 22 млн дауысты қолдан ұйымдастырды деп топшылаған.

Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясы мен Еуропарламент Ресейдегі биылғы президент сайлауының заңдылығын мойындамаған.

Инаугурация алдында оппозиционер Алексей Навальныйдың әйелі Юлия Навальная видеомәлімдеме жасап, Путин осыған дейін берген уәделерін орындамағанын, Ресейдің оқшаулануына және көптеген адамның өліміне әкелген соғыс бастағанын еске алды.

"Оның уәделері бос сөз ғана емес, сонымен қатар өтірік. Бұл 25 жылдан бері жалғасып келеді. Бұл жолы да солай болады. Оның әрбір президенттік мерзімі сайын жағдай нашарлап барады. Путин билікте отырғанда енді не боларын елестету қорқынышты. Ол билікте орынғанда елімізде бейбітшілік те, даму да, еркіндік те болмайды" деді Навальная.

Ол видеомәлімдемесінің соңын "біздің елімізді қазір өтірікші, ұрлықшы әрі қанішер басқарып отыр. Бірақ бұл түбі аяқталады. Берілмеңіздер! Шындық міндетті түрде жеңіске жетеді" деп аяқтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG