Accessibility links

Ресейдің қорғаныс министрлігі Очеретино елді мекенін басып алғанын хабарлады


Очеретино елді мекені, Донецк облысы.
Очеретино елді мекені, Донецк облысы.

Ресейдің қорғаныс министрлігі 5 мамыр күнгі хабарламасында Ресей әскері Донецк облысындағы Очеретино елді мекенін басып алғанын жазды.

Киев Ресей жағының ақпаратына түсініктеме берген жоқ. Майдандағы жағдай туралы жазатын украиналық DeepState жобасының хабарлауынша, Ресей әскері алға жылжып, Очеретино елді мекенінің бір бөлігіне шоғырланған.

Очеретино Донецкінің солтүстік-батысына қарай 25 шақырым жерде орналасқан. Елді мекенде Донецк — Покровск және Покровск — Горловка бағыты бойынша темір жол станциясы бар. Соғысқа дейін ол жақта шамамен 3.5 мың адам тұрған. Мамырдың соңына қарай елді мекенде 200 шақты адам қалған.

Очеретино елді мекенінен кейін Ресей әскері Часов Ярды да басып алуға дайындалып жатыр. Егер әрі қарай жылжи алса, Константиновка мен Покровскідегі логистикалық торапты бақылауға алуы ықтимал. Бұл торап арқылы украин әскеріне оқ-дәрі, азық-түлік жеткізіледі.

Әскери сарапшылар майдандағы жағдайды украин әскерінің қалжырауы мен Ресей армиясының дағдарыстарға жауап беру қабілетінің артуымен байланыстырады.

Украина қарулы күштері бас штабының жексенбі күнгі хабарламасында Ресей әскері өткен тәулікте 5 ракета және 69 авиациялық соққы жасағаны, дүркіндете ататын жүйеден 74 рет атқылағаны жазылған.

Украинаның 110-нан астам елді мекені артиллериямен атқыланған. Бейбіт халық арасында қаза болғандар мен жараланғандар бар. Жеке және көп қабатты тұрғын үйлер, азаматтық инфрақұрылым нысандары бүлініп, қираған.

Украина әуе күштерінің хабарлауынша, Ресей әскері 5 мамырға қараған түні Украинаны солтүстік және оңтүстік жағынан 24 дронмен атқылаған. 23-і Харьков, Херсон және Днепропетровск облыстарында әуеде атып түсірілген деп айтылады.

Днепрде дрон бөлшектері көп қабатты ғимарат пен инфрақұрылым нысандарын бүлдірген. Қалада өрт болған.

Ресей әскері түнде Харьковті тағы атқылаған. Шабуылдың салдарынан 6 адам (біреуі бала) зардап шеккен.

XS
SM
MD
LG