Accessibility links

FT: Ресей Еуропада диверсия ұйымдастыруы мүмкін


Қару сататын Diehl дүкені өртенгеннен кейін айналаны күзетіп тұрған сақшылар, Берлин, 3 мамыр 2024 жыл.
Қару сататын Diehl дүкені өртенгеннен кейін айналаны күзетіп тұрған сақшылар, Берлин, 3 мамыр 2024 жыл.

Еуропа елдерінің арнайы қызметі өз елдерінің үкіметтеріне Ресей Батыспен текетіресуге тұрақты түрде бел байлады, сондықтан Еуропада диверсия жасауы мүмкін деп ескертті. Бұл жөнінде Financial Times жазды.

Барлау өкілдерінің дерегінше, Мәскеу өз бетінше немесе делдалдар арқылы жарылыс, өрт, инфрақұрылымдарға зиян келтіруді белсенді түрде қолға алған. Мұндай пікірді Германияның конституцияны қорғау жөніндегі федералдық ведомствосының жетекшісі Томас Хальденванг айтты.

Хальденвангтың мәлімдемесі Баварияда әскери және инфрақұрылымдық нысандарға шабуыл жасады деп күдікке ілінген Ресей және Германия азаматтары ұсталған шақта тарап отыр.

Financial Times басылымының жазуынша сәуірдің соңында Ұлыбританияда Украинаға арналған гуманитарлық жүк сақталған қойманы өртеді деп екі адам күдікке ілінген. Британ прокурорлары айыпталушылардың Ресейге қатысы барын айтып отыр.

Швеция мен Чехия арнайы қызметі Ресейге қатысы болуы мүмкін адамдар жасады деп айтылатын теміржолдағы оқиғаларды тергеп жатыр.

Францияның қорғаныс министрлігі француздың әскери нысандарына ресейліктер диверсия жасауы мүмкін екенін ескертті.

Өз кезегінде барлау қауымдастығының өкілі журналистерге Ресей жалған ақпарат тарату, диверсия немесе хакерлік шабуылдар арқылы Еуропаға барынша қатты қысым жасауға тырысып отырғанын айтқан.

Ресейдің әрекетінің салдарынан Еуропаның арнайы қызметі өте жоғары дайындық режиміне көшті деп жазды мақала авторы. Бұған Уэльсте BAE Systems оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс пен 3 мамырда Берлинде Diehl қару-жарақ компаниясындағы өрт түрткі болған. Екі кәсіпорын да украин әскеріне қару-жарақ өндіреді.

XS
SM
MD
LG