Accessibility links

Лейборист Садық Хан Лондон мэрі сайлауында үшінші рет жеңіске жетті


Лейбористік партия атынан сайлауға түскен Лондон мэрі Садық Хан сайлауда үшінші рет жеңіске жетті. Мұндай жайт қала тарихында алғаш рет болып отыр – Ханға дейін қала басқарғандар тек екі мерзім ғана қызметте отырған.

Сайлауда Ханның жеңгенін 4 сәуірде британдық ақпарат құралдары хабарлады. Сайлау 2 мамырда - Англияның өзге аймақтарындағы жергілікті кеңес сайлауымен қатар өткен. Ханға миллионнан астам адам (сайлауға қатысқандардың 43,7 пайызы) дауыс берген. Оның қарсыласы, консерваторлар атынан сайлауға қатысқан Сьюзен Холл шамамен 10 пайыз артта қалды.

Хан 2016 жылы Лондон мэрі болып сайланып, Борис Джонсонның орнына келген. 2021 жылы екінші мерзімге сайланды.

Жалпы алғанда Англияда оппозициялық лейбористер жергілікті сайлауда айтарлықтай жетістікке қол жеткізді. Бұл олардың парламент сайлауында да жеңу мүмкіндігі барын білдіреді. Парламент сайлауы келесі жылы өтеді.

Сайлаудың алдын ала нәтижесі бойынша лейбористер аймақтық кеңестен қосымша 231 орын алды, ал басқарушы консерваторлар 396 орыннан айырылды. Нәтижесінде консерваторлар тек лейбористер ғана емес, либерал-демократтардан да артта қалып, мандаттар саны жағынан үшінші орынға жайғасты. Англияда 50 аймақтық кеңес лейбористердің бақылауында болмақ. Консерваторларда тек алты орын қалды.

Британ ақпарат құралдары сайлау кезіндегі ерекше оқиғалар туралы да жазды. Сайлау комиссиясының мүшелері бұрынғы премьер-министр Борис Джонсонның жеке басын куәландыратын құжатында суреті болмағандықтан оған дауыс беруге рұқсат бермеген. Джонсон Daily Mail-дағы мақаласында оларға заңды қорғағаны үшін алғыс айтқан. Дәл осы Джонсон үкіметі 2022 жылы аталған құжат түрінде сурет болуы қажет деген бастама көтеріп, қабылдаған болатын. Себебі Британияда ішкі төлқұжат деген жоқ, оған жүргізушілер куәлігі, зейнеткер куәлігі және өзге де бірқатар құжаттар жарай береді.

XS
SM
MD
LG