Accessibility links

НАТО бас хатшысы Киевке сапарлап барды


Йенс Столтенберг (сол жақта) пен Владимир Зеленский.
Йенс Столтенберг (сол жақта) пен Владимир Зеленский.

29 сәуірде НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Киевке барды. Әскери одақ басшысының сапары жөнінде алдын ала хабарлаған жоқ.

Столтенберг Украина президенті Владимир Зеленскиймен бірге өткізген баспасөз мәслихатында НАТО елдері Киев алдындағы міндеттерін толық орындамады деп мойындады. Бас хатшы алты айға созылған пікірталастан кейін мақұлданған АҚШ-тың әскери көмегі мен Еуропа одағының снарядтар жіберу ісіндегі мәселелер жөнінде айтты.

Столтенбергтің сөзінше, алдағы уақытта жағдай өзгермек. "Украинаның жеңіске жетуіне әлі кеш емес. Бірақ НАТО одақтастарының уәдені шынымен орындауы және қару-жарақ пен оқ-дәріні нақты жеткізуі өте маңызды" деді ол.

Столтенберг НАТО мен Киев ынтымақтастығы Украинаны одаққа қосылу ниетінен қайтпайтындай етеді деп мәлімдеді. Бірақ шілдеде Вашингтондағы альянс саммитінде Украинаның одаққа қосылуы жөнінде келіссөздер болмауы мүмкін. НАТО жарғысы бойынша, жаңадан мүше болу үшін ол мемлекетті одақ құрамындағы 32 елдің бәрі қолдауы шарт.

Зеленскийдің айтуынша, Столтенберг соғыс басталғалы Киевке үшінші рет келіп отыр. Ол Украина мен НАТО қатынасы ел тәуелсіздігіндегі ең жоғары деңгейге жетті, бірақ бұдан да жоғары деңгей бар деді.

Сәуірдің басында The New York Times газеті дереккөздерге сүйеніп, Украинаның НАТО-ға кіруіне Германия мен АҚШ қарсы болып отыр деп хабарлаған. Берлин мен Вашингтон 1945 жылдан бергі Еуропадағы ең үлкен соғысқа араласудан қорқады. Украинаның тезірек одаққа қосылуын ең алдымен Шығыс және Орталық Еуропа елдері қолдап отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG