Accessibility links

Шығыс Қазақстанда сот белсенді Серік Ыдырышевқа салынған айыппұл мөлшерін азайтты


Серік Ыдырышев.
Серік Ыдырышев.

Шығыс Қазақстан облысы Глубокое аудандық соты белсенді Серік Ыдырышевқа салынған 172 мың теңге айыппұлды 30 пайыз төмендетті. Шешім 25 сәуірде шыққан. Бұл жөнінде Азаттыққа бүгін, 29 сәуірде хабарлаған белсендінің өзі шешімге келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.

Серік Ыдырышевқа айыппұлды былтыр 12 желтоқсанда "тіркелмеген бірлестік қызметіне қатысу" бабы бойынша полиция салған. Ол полиция хаттамасына қол қоюдан бас тартып, сотқа жүгінген.

Осы шағым бойынша өткен аптада шыққан сот шешімінде белсендінің арызы "ішінара қанағаттандырылып", айыппұл 172 мың теңгеден 120 мың теңгеге азайтылғаны жазылған.

Қаулыға сәйкес, Серік Ыдырышевтің әлеуметтік желіде "Марат Жыланбаевты қолдау бейнежазбасын жариялағаны", Жыланбаев жетекшілік ететін "тіркелмеген ұйым ісіне қатысқаны" расталған және "билік өкілдерін қорлағаны" анықталған. Дегенмен судья "айыппұлды жеңілдетуге болады" (Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 829-11-бабы бойынша — ред.) деген қорытындыға келген.

Ал белсенді айыппұлды мүлдем алып тастауды сұрайды.

— Заңға қайшы келетін әрекетке барған жоқпын. Конституцияда адамның ой-пікірін ашық білдіруіне тыйым салынбайды. Сондықтан хаттаманың күшін жою керек деп санаймын. Алдағы уақытта апелляциялық шағым береміз, — деді Серік Ыдырышев Азаттық тілшісіне.

Белсенді сотта өзін Марат Жыланбаев жетекшілік ететін, тіркелмеген "Алға, Қазақстан" қозғалысының мүшесімін деп атайды.

Марат Жыланбаев 2023 жылы қарашада "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деп айыпталып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу орындары Жыланбаев тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының негізін қалаған қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов пен оның "шетелдегі штабымен" байланыс орнатып, нұсқаулар алып отырған деп есептейді.

ҚДТ қозғалысы Қазақстанда сот шешімімен "экстремистік" деп танылып, қызметіне тыйым салынған. Ал Еуропарламент оны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

"Алға, Қазақстан" қозғалысы бірнеше жылдан бері партия ретінде тіркеле алмай келеді. Министрлік өкілдері құжаттар дұрыс толтырылмаған, оны қолдаған адамдар арасында марқұмдар бар деген себеппен тіркемеген. Жақында ұйым өкілдері тіркеу туралы құжаттарын әділет министрлігіне 24-рет тапсырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG