Accessibility links

Украинадағы соғысқа қатысты деп сотталған қырғыз азаматы Ресейден саяси баспана алады


Қырғыз азаматы Асқар Құбанышбекұлы.
Қырғыз азаматы Асқар Құбанышбекұлы.

Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін сотталып, кейін пробациялық жазамен босап шыққан қырғызстандық Асқар Құбанышбекұлы Ресейден саяси баспана алады. Бұл туралы 27 сәуірде Ресей ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Ирина Волк өз телеграм-арнасында хабарлады.

Оның айтуынша, 18 сәуірде Құбанышбекұлының Ресейден уақытша баспана сұраған құжаттарын қабылдаған. "Белгіленген тәртіптегі дәлелдер болса, азаматтық алу туралы мәселе шешілетін болады", - деді Ирина Волк.

Бішкектің Бірінші май аудандық соты Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген жауабында Қылмыстық кодекстің 83-бабына ("Қадағалау талаптары мен пробация міндеттері") сәйкес, сотталушыға қадағалау талаптарын орындау міндеті жүктелгенін, оның ішінде елден тыс кетпеу талабы барын хабарлады.

"Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 83-бабының 4-бөлігіне сәйкес, пробация бақылауын пробация органы жүргізеді", - деді сот.

Асқар Құбанышбекұлы ресейлік журналистерге берген сұхбатында сот үкімінен соң Қырғызстаннан Қазақстан арқылы кеткенін айтты. Ол Ресей азаматтығын алып, сол жақта тұратынын мәлімдеді.

Қырғызстан әділет министрлігі жанындағы пробация департаменті Құбанышбекұлының шетелге шығып кеткеніне қатысты түсініктеме берген жоқ.

2023 жылы қаңтарда Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) Асқар Құбанышбекұлын ұстаған. Сол жылы мамырда Бішкектің Бірінші май аудандық соты оны Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін 10 жылға бостандығынан айырды. Маусымда Бішкек қалалық соты бұл үкімді күшінде қалдырды. Құбанышбекұлы сотта Украинада "соғысқа емес, гуманитарлық жәрдем жеткізуге ғана көмектескенін" айтты.

Құбанышбекұлына шыққан үкімге кейін Ресей шенеуніктері назар аударды. 2023 жылы тамызда Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Құбанышбекұлына Ресей азаматтығын беру мәселесі "қаралып жатыр" деп хабарлады. Кейін Қырғызстан Жоғарғы соты Құбанышбекұлына шыққан үкімнің күшін жойып, қылмыстық істі аудандық соттың қарауына жібергені белгілі болды.

Қырғыз сарапшылары ресейлік шенеуніктердің әрекетін Украинадағы соғысқа бейтарап ұстанымдағы Қырғызстанның ресми билігіне қысым деп бағалады.

2024 жылы қаңтарда Бішкектің Бірінші май аудандық соты Құбанышбекұлының ісін қайта қарады. Сот оны 416-баптың 1-бөлігі ("Басқа мемлекеттердің қарулы қақтығыстарында немесе мемлекеттік билікті құлатуға немесе аумақтық тұтастықты бұзуға бағытталған зорлық-зомбылық әрекеттерінде пайдалану мақсатында жалдамалыларды жалдау, қаржыландыру, материалдық қамтамасыз ету, оқыту") бойынша кінәлі деп таныды. Сот Құбанышбекұлына жеті жыл түрме жазасын кесіп, үш жылдық пробациялық жазамен сот залынан босатқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG