Accessibility links

Қазақстандық дипломат ТМД бас хатшысының орынбасары болып тағайындалды


ТМД туы.
ТМД туы.

Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) бас хатшысының орынбасары болып Нұрлан Сейтімов тағайындалды. Бұл жөнінде 25 сәуірде ТМД атқару комитетінің баспасөз қызметіне сүйенген қазақстандық ақпарат агенттіктері хабарлады.

60 жастағы Нұрлан Сейтімов ТМД бас хатшысының орынбасары міндетін атқарушы болып 22 сәуірде тағайындалған. Ертесінде ұйымның атқару комитетінің бас хатшысы Сергей Лебедев оны ұжымға таныстырған.

Қазан айында ұйымның сайтында бас хатшының орынбасарлары тізімінде қазақстандықтар болмаған еді.

Сейтімов 1986 жылы инженер-механик мамандығы бойынша Семей технологиялық институтын бітірген. 1988 жылы құқықтану мамандығы бойынша Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін тәмамдаған. Ресей сыртқы істер министрлігі дипломатиялық академиясының (2013) түлегі.

2007-2010 жылдар аралығында президент әкімшілігінің сыртқы саясат жөніндегі орталық жетекшісінің орынбасары, бас инспектор қызметтерін атқарған. Одан кейін сыртқы істер министрлігінде түрлі қызмет атқарды: Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің уәкіл-кеңесшісі (2010–2013), Қазақстанның Франкфурттегі консулы (2013–2016), Қазақстанның Тәжікстандағы елшісі (2016–2019) болды. Кейін сыртқы істер министрлігінде жауапты хатшы болды.

Өткен айда Нұрлан Сейтімов Қазақстанның Эстониядағы елшісі қызметінен босатылған. Ол бұл қызметті 2019 жылдан бері атқарып келген. Оның орнына бұрынғы вице-премьер Алтай Көлгінов келді.

XS
SM
MD
LG