Accessibility links

Ресейде 900-ден астам адам соғысқа қарсы шыққаны үшін қудаланып жатыр


Ресейде кемінде 902 адамға соғысқа қарсы шыққаны үшін қылмыстық іс қозғалған. 261 адам еркінен айырылған: тергеу изоляторы, колония немесе күштеп емдеу мекемесінде отыр. Бұл жөнінде ресейлік "ОВД-Инфо" медиажобасы хабарлады.

Жоба мәліметінше, 285 адам жалған ақпарат тарату, 172 адам Ресей әскерінің беделін түсіру бабы бойынша қудаланып отыр. Бұл 2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін пайда болған баптар.

Ресей соты Ресей қорғаныс министрлігінің пікірімен сәйкес келмейтін соғыс туралы хабарламаларды "жалған ақпарат" деп таниды. Мысалы, Украинадағы соғысқа қатысты "соғыс" сөзін қолдану да Ресей әскерінің беделін түсіру болып саналады. Сол үшін ұзақ жыл түрме жазасы берілуі мүмкін.

Терроризмді ақтау бабы бойынша 175 адам айыпталып отыр. Қылмыстық істердің қозғалуына өзге жайттардан бөлек, әскери блогер Владлен Татарскийдің өлімі, Қырым көпіріндегі жарылыс, Ресей билігін күшпен өзгертуге шақыру туралы жазбалар түрткі болған.

Соғысқа қарсы шыққаны үшін қылмыстық іс қозғау жайттары Ресейдің төрт аймағында ғана жоқ: Шешенстан, Қарашай-Шеркес, Ненецк автономды өлкесі және Брянск облысы. Қылмыстық істер Мәскеу (159 адам), Санкт-Петербург (77) және Свердловск облысында (29) көп.

Кемінде 67 адам азаптауға ұшыраған: құқық қорғау органдары оларды ұрып-соққан, зорлаған, электр тоғымен азаптаған, ауыздарын скотчпен желімдеген. Соғысқа қарсы шыққаны үшін қудаланғандардың 260-ы Ресейде емес: оларға сот үкімі мен бұлтартпас шаралары сырттай шыққан.

Айыпталушылар арасында 122 белсенді, 46 журналист, 43 саясаткер және 37 мәдениет қайраткері бар. Бұған қоса, әскери қызметкерлер, блогерлер мен оқытушылар да қудаланып жатыр.

XS
SM
MD
LG