Accessibility links

Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасарлары ауысты


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының екі орынбасарын ауыстырды.

Бұған дейінгі төраға орынбасарлары Акбаржон Исмаилов пен Аурика Дяк қызметтерінен босатылды. Олардың орнына төрағаның жаңа орынбасарлары болып Лугмар Буларов және Юрий Шин тағайындалды.

Лугмар Буларов бұған дейін Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, ал Юрий Шин Қазақстан кәрістер қауымдастығының төрағасы болған деп жазды ҚазТАГ.

Мәслихат сайтындағы ақпаратқа қарағанда, Лугмар Буларов 1962 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданы Сортөбе ауылында туған. Дүнгендердің республикалық этномәдени орталығы бақылау кеңесінің төрағасы. Жамбыл облысындағы "Вынхуа" дүнген мәдени орталығы қауымдастығының құрметті төрағасы. Жамбыл облысы Қордай ауданының құрметті азаматы.

Былтыр қазан айында Ақорда сайты Лугмар Буларов "ұлт бірлігін нығайтуға және қоғамдық келісімді дамытуға еңбек сіңіргені үшін" "Ел бірлігі" орденімен марапатталғанын хабарлаған.

20 сәуірде Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының 33-сессиясын шақыру туралы бұйрыққа қол қойған. 24-25 сәуірде "Бірлік. Жасампаздық. Ілгерілеушілік" атты күн тәртібімен ассамблея жиыны өтеді.

Қазақстан халқы ассамблеясы төрағаларының орынбасарлары 2020 жылы ақпандағы Қордай оқиғасы бойынша ондаған адамға шыққан үкімге үш жыл толған шақта ауысып отыр. 2021 жылы 27 сәуірде Тараз соты Қордай ауданының төрт ауылындағы ойранға байланысты 51 айыпталушыға үкім оқыған. 19 айыпталушыға 5-20 аралығында түрме жазасы берілді. "Шығынды өтеген және айыпты мойындаған" 31 адам" шартты жаза алды. Бір адам ақталып шықты.

2020 жылы 8 ақпанға қараған түні Жамбыл облысы Қордай ауданындағы дүнгендер көп тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты және Бұлар батыр ауылында болған ойран салдарынан 11 адам (көбі – дүнген) қаза тауып, жүзден астам адам (соның ішінде 19 полиция өкілі) жараланды. 20 мыңнан астам адам, негізінен дүнгендер үй-жайын тастап, көрші Қырғызстанның дүнгендер көп тұратын ауданына қашуға мәжбүр болды. Кейін Қазақстан үкіметі көрші мемлекетке қашқан дүнгендердің көбі үйіне оралды деп мәлімдеген.

Қордай ауданында болған бұл жанжал Қазақстанның жаңа тарихындағы ең ірі қантөгіске айналды. Жанжалдың тұтануына жол үстіндегі екі оқиға себеп болған деп айтылады. Полицияның мәліметінше, жолға таласқан екі көліктің жүргізушілері қол жұмсауға дейін барып, салдарынан бір адам – егде жастағы қазақ зардап шеккен. Келесі бір оқиғада дүнген жігіті көлігін тоқтатпақ болған полиция қызметкерлеріне бағынбай, туыстарымен бірге билік өкілдеріне қарсылық көрсеткен. 8 ақпанға қараған түні Ауқатты, Бұлан батыр, Масанчи мен Сортөбе ауылдарына топтасып келген көп адам (кей дерек бойынша, бірнеше жүзден бірнеше мыңға дейін) ойран салып, дүнгендердің дүние-мүлкі бүлініп, өртенген.

Ресейлік "Мемориал" орталығы тергеу ашық жүргізілмегенін, ұсталғандар азапталғанын хабарлаған. БҰҰ-ның нәсілдік алалауды жою жөніндегі комитеті 2020 жылы тамызда Қазақстан нәсілшілдікті жою жөніндегі ковенцияға қатысушы ретінде Қордай оқиғасын жан-жақты тергеуі керек, іске тәуелсіз бақылаушыларды жіберуі керек деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG