Accessibility links

Еурокомиссия TikTok-қа қатысты екінші тергеуін бастады


Europe TikTok
Europe TikTok

Еуропа комиссиясы TikTok онлайн-платформасына қатысты екінші тергеуін бастады. 22 сәуірде Еурокомиссия сайтында жарияланған хабарламада тергеу "компания Франция мен Испанияда TikTok Lite қосымшасын іске қосқанда цифрлық қызметтер туралы заңды (Digital Services Act, DSA) бұзғанын немесе бұзбағанын анықтауды" көздейтіні айтылған. Бұл туралы Deutsche Welle сайты хабарлады.

Тергеу жүргізуге TikTok Lite қосымшасының қолданушыларға ұпай жинауға мүмкіндік беретін функциясы түрткі болған. Еурокомиссия мәліметінше, бұл сыйақы жүйесінің "қауіп-қатері алдын ала мұқият бағаланбай тұрып іске қосылған. Нақтырақ айтқанда, бұл жерде тәуелді қылу әсеріне қатысты қатер" жөнінде сөз болып отыр.

17 сәуірде Еурокомиссия TikTok компаниясынан TikTok Lite қосымшасындағы қауіп-қатерді бағалауға қатысты есеп сұрады. Компания құжаттарды ұсынуға бір күн уақыты болғанымен ол мүмкіндікті пайдаланбады. Әйткенмен TikTok-та есепті беруге бір күн және басқа да сұралған ақпаратты тапсыруға 3 мамырға дейін уақыты бар.

Егер TikTok бұл шартты орындамаса, Еурокомиссия оған айыппұл салуы немесе Еуроодақ аумағында TikTok Lite сыйақы қосымшасын тоқтата тұруы мүмкін.

TikTok Еурокомиссия тергеуінен көңілі қалғанын мәлімдеді.

"Бұл шешімнен көңіліміз қалды. TikTok Lite сыйақы жүйесін 18 жасқа толмаған адамдар қолдана алмайды және видеоны қараудың күнделікті шегі бар. Біз Еурокомиссиямен талқыны жалғастырамыз", – деді компания өкілі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG