Accessibility links

Ресей тәжік мигранттарын қалай жазалап жатыр?


"Крокустегі" шабуылдан кейін Ресей аумағында полицейлер тәжік мигранттарын тексеруді күшейтті.
"Крокустегі" шабуылдан кейін Ресей аумағында полицейлер тәжік мигранттарын тексеруді күшейтті.

Ресей көп тәжік мигрантын елге кіргізбей, біраз азаматты себебін түсіндірместен Тәжікстанға депортациялады. Кей азаматтар 22 наурызда Мәскеуде болған терактіден кейін мигранттарға қарсы көңіл-күй қалыптасқан шақта өздерін полиция ұстап, ұрып-cоққанын айтады. Ресейдегі ахуалдың қиындығына қарамастан, мигранттардың көбі елде қалғысы келеді. Өйткені көбінің нәпақа табатын басқа барар жері жоқ.

Тәжікстанның Рогун қаласында туған Киемиддин Фахриддинов 22 жылдан бері Мәскеуге маусымдық жұмыс істеуге барады.

Ол қазірге дейін ешқашан заң бұзбағанын, Ресей билігімен еш мәселе болмағанын айтады.

1 сәуірде Душанбе-Мәскеу рейсімен Внуково әуежайына ұшып келген Фахриддиновты Ресейге кіргізбей қойған.

«[Ресей Федералды қауіпсіздік қызметінің] өкілдері біздің рейстен 8 адамды ұстап, жертөлеге апарып, тергеді. Офицерлер “Ақша үшін адам өлтіресің бе?” деп сұрады. “Жоқ” дедім. Олар “Отандастарың кісі өлтірді ғой” деді. Бізді жертөледе 8 сағат ұстады. Кейін жоғары қабатта тағы 26 сағат ұстады. Сосын себебін түсіндірместен, бізді депортациялады, — дейді Фахриддинов.

Киемиддин Фахриддинов.
Киемиддин Фахриддинов.

Фахриддинов пен депортацияланған басқа азаматтарға Ресейге кіруге 5 жылға тыйым салынған.

Кейінгі күндері Ресей тәжік мигранттардың көбін депортациялап немесе елге кіргізбей қойған. Кей азаматтарды ұрып-соғып, намысына тиіп, қоқан-лоқы көрсеткен. 22 наурызда Мәскеуде болған терактіден кейін Ресейде Орталық Азиядан келген мигранттарға қарсы қысым күшейді.

«Крокус Сити Холл» концерт залына шабуыл жасады немесе терроршыларға көмектесті деген күдікке ілінгендердің бәрі — Тәжікстан азаматтары.

Душанбе тұрғыны, 21 жастағы Зикрулло Саидовты 31 наурызда Ресейге кіргізбей қойған. Внуково әуежайындағы бірнеше сағатқа созылған тергеуден кейін оны Тәжікстанның басқа 9 азаматымен бірге Душанбеге қайтарған.

— Офицерлерден “Бізді неге себепсіз депортацияладыңыздар? Ресейге қанша жыл кіре алмаймыз?” деп сұрадық. Бірақ сұрақтарымызға ешкім жауап бермеді, — дейді Саидов.

Зикролла Саидов
Зикролла Саидов

Көші-қон қызметінің өкілі Саидовтың төлқұжатынан Түркияның мөрін көріп, оны тергеуге алған. Зикрулло Стамбулға жұмыспен барғанын айтады.

Ресейдің құқық қорғау органдары «Крокус Сити Холға» шабуыл жасағандар қару қолдануды Түркияда үйреніп, арнайы әскери дайындықтан өткен деп есептейді.

"10 ЖЫЛҒА ТЫЙЫМ"

Аты-жөнін атағысы келмеген 27 жастағы тәжік құрылысшысы Ресейде жүргенде полицияның тексеруінен қорқып, құжаттарын үнемі реттеп жүретінін айтады.

Бірақ осы аптада ол Ресейде тұруға және жұмыс істеуге рұқсаты бола тұра, елге кіре алмай қалған. Внуково әуежайындағы көші-қон офицері төлқұжатына “депортацияланды” деген мөр қойып, оған 10 жылға Ресейге кіруге тыйым салған. Екі баланың әкесі Душанбеге отбасын көруге бірнеше аптаға демалысқа кеткенін, қайтып оралғанда Ресейге кіре алмағанын айтады.

— Офицерлерден неге олай жасағандарын сұрадым. Олар маған «Үйіңе қайт та, 10 жыл бойы Ресейге оралма» деді.

Ресейлік ақпарат құралдары "Мәскеудегі концерт залына Тәжікстан азаматтары шабуылдады" деп хабарлағаннан кейін тәжіктер мен Орталық Азиядан келген мигранттарға қарсы реакция күшейді.

Кей ресейліктер тәжік жүргізуші келсе, көлікке отырудан бас тартқан. Қиыр Шығыстағы Благовещенск қаласында белгісіз біреулер тәжік дәмханасын өртеп жіберген. Көшеде тәжіктерді балағаттап, ұрып-соққандар да болған.

Кей ресейліктер мен саясаткерлер Душанбемен визасыз келісімнен бас тартуға шақырған тұста мигранттарға қарсы көңіл-күй өрши түсті.

Шабуылға ұшыраған тәжіктер саны туралы ресми дерек жоқ. Бірақ полиция құжаттары дұрыс болғанына қарамастан, ондаған адамды ұстап, айыппұл салып, депортациялаған.

Шухрат есімді өзбек азаматы полиция 20 шақты тәжік, өзбек мигранттарын ұстап, тергегенін айтады.

— [Полиция] тәжіктерді ұрып-соқты. Өзбектерді ұрған жоқ, бірақ бізге дөрекі сөйлеп, қорлады. Полиция бәріміздің телефонымызды тексеріп шықты, — дейді ол.

ЖҰМЫС ЖОҚ

Депортацияланған немесе Ресейге кіре алмай қалған тәжіктер ендігі күнін қалай көрерін білмей отыр.

Ресейде 1 миллионға жуық тәжік және қос азаматтығы бар басқа ұлт өкілдері жұмыс істейді. Олардың негізгі табыс көзі – Ресейдегі жұмысы. Өйткені Тәжікстанда жұмыс жоқ.

Толық аты-жөнін атағысы келмеген тәжік дәрігері Замира Ресейдегі өзі танитын мигранттар қысымға қарамастан, елден кетпеуге бекініп отыр дейді.

Замира мен күйеуі Ресейдің Иванов облысындағы ауылдық ауруханада істейді. Олар ауылдан үй салып, дос тауып, жергілікті адамдардың арасына сіңісіп кеткен.

— Ешкім бетіме келіп сөйлеген жоқ. Бірақ адамдар терактіні айтып, ашуланғанда, өзімді кінәлі сезінемін. Шабуылдаушылардың тәжік болғаны жаныма батады. Бұл терактінің мүлде болмағаны жақсы еді, — дейді Замира. Ол Ресейдегі тәжіктердің көбі осындай күйде жүргенін айтады.

Замираның әулетінен 20 шақты адам Ресейде жұмыс істейді. Олардың бәрінің тұрғылықты мекенжай анықтамасы бар. Кейбірі азаматтық алуға өтініш берген.

— Ешқайсымыз Тәжікстанға қайтпаймыз. Осында қаламыз. Бәрі басылар деген үмітпен ақырын күтеміз, — дейді Замира.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG