Accessibility links

Кремль қалай Путинге 85 пайыз дауыс әпермек?


Автобус аялдамасы жанындағы баннерде президент сайлауына шақырып тұр. Санкт-Петербург, Ресей.
Автобус аялдамасы жанындағы баннерде президент сайлауына шақырып тұр. Санкт-Петербург, Ресей.

Өткен айда жарияланған Кремльдің сайлауалды стратегиясы туралы құжатта Ресей билігінің 15-17 наурызда өтетін президент сайлауында Владимир Путинге қалай 85 пайыз дауыс жинап бергелі жатқаны сипатталған.

Өткен аптаның соңында Астраханьдағы газ өңдеу зауытының басшылары жұмысшыларға 15-17 наурызда өтетін президент сайлауында қалай дауыс беру керегін түсіндіретін нұсқаулық таратқан. Бұл туралы "Осторожно, новости" телеграм арнасы жазды.

Нұсқаулыққа қарағанда, зауытта істейтін 5 мың адамға хабарлама түрінде сілтеме келеді. Сайлау учаскесіне барғанда жұмысшылар осы сілтемені ашуы керек. Зауыт басшылығы осылай жұмысшылардың дауыс бергенін көре алады. SMS келмесе, жұмысшылар "сайлау учаскесіндегі адам" берген QR-кодты сканерлеуі тиіс.

7 наурызда Ресейде қызметіне тыйым салынған "Голос" тәуелсіз бақылаушылар тобы билік партиясы "Единая Россия" дәрігерлер, мұғалімдер және мемлекеттік қызметкерлердің сайлауға қатысуын қадағалайтын GEO-SMS деген жоба дайындағанын хабарлады.

Биылғы жылдың жаңалығы – сайлаушылар санын арттыру үшін геолокация бағдарламасын пайдалану болды. Ресей президенті Владимир Путин алдағы сайлауда бесінші мерзімге сайланғалы жатыр. Бұрын Мәскеудегі Ломоносов ауданының әкімшілік басшысы болған, қазір шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Ольга Сидельникова әшкере болған құжат мәтінін өткен айда Telegram арнасына жариялады. Онда Владимир Путин туралы көп айтылады.

Ресей президенті Владимир Путин "Әлем жастары форумының" қатысушыларымен бірге. Сочи түбіндегі "Сириус" федералды аумағы, Ресей. 6 наурыз 2024 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин "Әлем жастары форумының" қатысушыларымен бірге. Сочи түбіндегі "Сириус" федералды аумағы, Ресей. 6 наурыз 2024 жыл.

Құжат Кремльдің 1,5 миллион халқы бар Удмуртиядағы сайлау стратегиясының презентациясына ұқсайды. Сидельникова бұл құжатқа қалай қолы жеткенін айтудан бас тартты. Бірақ қолында құжаттың түпнұсқасы барын, сондықтан оның шынайылығына күмән келтірмейтінін ескертті.

– 38 беттен тұратын слайдтар Ресейде сайлау қалай өтетінін көрсетеді, – деп жазды Сидельникова.

Оппозиционер Астрахань есебі сияқты елдің түкпір-түкпірінен келіп жатқан ақпараттар басқа өңірлерде де бәрі құжатта көрсетілгендей өтетінін көрсетеді дейді.

Удмуртияда саяси кеңесші болып істеген, қазір шетелде тұратын Сергей Антонов Сидельникова жариялаған құжат шынайы, Ресейдің басқа өңірлерінде де осыған ұқсас құжаттар бар дегенге сенеді.

– Жұма күні [15 наурыз] түскі 14:00-ге дейін мемлекеттік қызметкердің бәрі геолокациясын қосып, серверге хабарлама жіберуі керек. Бұл – жаңа технология. Әр сайлау сайын жүйе жетіліп келе жатыр, – дейді саяси кеңесші.

САЙЛАУҒА ҚАТЫСУШЫЛАР САНЫН АРТТЫРУ

Бақылаушылар мен Кремль сыншыларының айтуынша, Путиннің билігі кезіндегі сайлаулардың бір де бірі әділ өтпеген. Мемлекет полиция мен соттан бастап, сайлау комиссиялары, ақпарат құралдары мен жергілікті билік органдарына дейінгі әкімшілік ресурстың бәрін өз мүддесі үшін пайдаланады. Бірақ Украинадағы соғыс пен билік сыншыларын қудалаудан кейінгі сайлау соңғы 25 жылдағы бәсекеге толы сайлау деп көрсетіліп жатыр.

Ақпарат құралдарындағы хабар мен өкілетті тұлғалардың мәлімдемелеріне қарағанда, Кремль сайлауға қатысу деңгейін кемі 70 пайызға жеткізіп, Путинге 80-85 пайыз дауыс жинап бергісі келеді. Сарапшылар Путин мен президент әкімшілігі сайлауды өз легитимдігін арттыру үшін пайдаланады дейді.

Сидельникованың сөзінше, үкіметтің ең үлкен мәселесі – сайлауға көп адам қатыстыру.

– Кейінгі жылдардағы тәуелсіз бақылауды жою, онлайн дауыс беруді кеңейту, барлық деңгейдегі сайлау комиссияларын бақылау сияқты өзгерістерге қарамастан, оларға әлі де адамдардың сайлау учаскесіне келіп, дауыс бергені керек. Ал сайлауға қатысу деңгейін бақылау қиын. Үкіметтің әлсіз тұсы – осы. Оларға адамдардың орнынан тұрып, сайлауға барғаны қажет. Сайлауға келушілер үлесін реттеп алса, қалаған нәтижесін жаза алады. Өйткені тәуелсіз мониторинг жоқ, ал сайлау комиссиялары толықтай мемлекетке бағынады, – дейді Сидельникова.

Ішкі деректерге қарағанда, Сидельникованың қолына түскен құжат Удмуртия шенеуніктеріне 2023 жылдың маусымына дейін – президент сайлауын жоспарлау қарқынды жүріп жатқан кезде таныстырылған. Құжатта сайлауға қатысу деңгейін Удмуртиядағы қалыпты 55 пайыздан жоспарлы 80 пайызға дейін көтеру мәселесіне баса назар аударылады.

Геолокация жіберуге арналған бағдарламадан бөлек, құжат халықты сайлауға "Единая Россия" партиясының кеңсесі, муниципалды әкімшіліктер мен депутаттар арқылы біріктіруге шақырады. Құжатта сондай-ақ муниципалды әкімшіліктерге сайлау учаскелеріндегі өкілдері арқылы халықтың сайлауға қатысуын қадағалау тапсырылған.

Антоновтың сөзінше, "Единая Россия" жұмысшыларды біріктіріп, әртүрлі байқаулар мен патриоттық шаралар өткізіп, әкімшілік ресурс есебінен сайлауға қатысудың базалық деңгейін көтеріп алғысы келеді.

Бірақ партия көбіне халықтың сайлауға қызығушылығының төмендігінен мұндай жоспарларын жүзеге асыра алмайды.

– Осындай идеяларды жүзеге асыруға келгенде, жергілікті партия бөлімдерінде ештеңе істемейтін немесе қысым көріп жүрген адамдар бары анықталады, – дейді сарапшы.

Құжатта Кремльдің қоғамдық пікірді бақылауға талпынысы жайлы да айтылады. Онда әлеуметтік желілерге де көңіл бөлінген. Жоспарға сәйкес, Путиннің сайлауалды штабы негативті ақпарат пен оппозициялық бастамаларды бақылау үшін әлеуметтік желілердегі чаттар мен дискуссиялық топтарға мониторинг жүргізіп отырады.

Құжатқа пайдалы контент түсіру, кез келген наразылық акцияларының алдын-алу, контрконтент жасап, тарату, мем, фейк, лонгрид, зерттеу фильмдер дайындап, жариялау сияқты бөлімдер бар. Жоспарда "Тазарту" жобасы да қарастырылған. Жобаның мақсаты – интернеттен оппозициялық, агитациялық, пропагандистік материалдарды тауып, өшіру.

Үкімет сонымен қатар билікшіл белсенділерден тұратын "аумақтық қоғамдық өзін-өзі басқару ұйымдарын" құрып, оның құрамынан "тәуелсіз" сайлау бақылаушыларын іріктеп алады.

Үкімет өңірге жібергелі жатқан 4500 бақылаушы туралы Антонов "Олар – жалған қоғамдық бақылаушылар" дейді.

"Олардың міндеті – "провокация" мен "фейкке" жол бермеу", – дейді ол. – "Яғни бұл бақылаушылар үнемі ешқандай заңбұзушылық болмады дейді. Сұхбат беру керек болса, солай айтады. Соны үйретіп қойған. Удмуртиядағы сайлау кезінде [2017 жылы қыркүйекте] олар бір де бір заңбұзушылық анықтаған жоқ".

Құжатқа сәйкес, Путиннің Удмуртиядағы сайлау науқанын аймақ басшысы Александр Бречаловтың өзі басқарады. Ол 2020 жылғы шілдеден бастап "Единая Россия" партиясының аймақтық өкілдігіне жетекшілік етеді. Оның штаб жетекшісі Александр Журавлев – сайлау науқанын "ұйымдастыруға" жауапты орынбасарларының бірі. Қалған екі орынбасары – Удмуртия басшысының орынбасары Роман Ефимов пен Удмуртия облыстық сайлау комиссиясының басшысы Светлана Пальчик. Ефимов штабта қаржыға жауапты болса, Пальчикке сайлау учаскелерінің жұмысын үйлестіру мен "партияны жұмылдыру" міндеті жүктелген.

Антоновтың сөзінше, құжатта көрсетілген сайлау алды кампаниясының құрылымы "шын мәнінде Удмуртия үкіметінің құрылымын қайталайды".

– Путин басқаратын Ресейдегі сайлау логикалық соңына жетті. Бәрі СССР үлгісімен жалғыз кандидат қатысатын "сайлаусыз сайлау" түрінде өтеді, – дейді Антонов.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG