Accessibility links

"Тіл мен ділден айыру". Нөкістегі оқиғаның Қазақстандағы қарақалпақ диаспорасына әсері


Қарақалпақ диаспорасының Алматыдағы кездесуіне қатысушылардың бір тобы. 2022 жылы маусымда түсірілген фото.
Қарақалпақ диаспорасының Алматыдағы кездесуіне қатысушылардың бір тобы. 2022 жылы маусымда түсірілген фото.

Қазақстан жақында елде тұратын қарақалпақ ұлтының өкілдері Қошқарбай Төремұратов пен Жангелді Жақсымбетовке босқын мәртебесін беруден бас тартты. Олар 2022 жылдың қыркүйегінен бастап Өзбекстанның сұрауымен тергеу изоляторында отыр. Ташкент бұл азаматтарға "Өзбекстанның конституциялық құрылымына қарсы әрекет жасады" деген айып тағып, халықаралық іздеу жариялаған. Қазақстанда бес қарақалпақ азаматы қамауға алынған. Олардың бәрі – Ақылбек Мұратовтың достары мен серіктері. Мұратов – Қазақстанда қарақалпақ диаспорасының басын қосқан белсенді. Азаттық белсендімен қарақалпақтар қауымдастығы қалай құрылғанын және қазір не болып жатқанын талқылады.

"БАЛАЛАРЫМА НЕ АЙТАМЫН?"

Ақылбек Мұратов – 35 жаста, программист. 22 жасына дейін шетелдегі қарақалпақ диаспорасының басын қосумен айналысамын деп ойламаған.

Ақылбектің бойында қазақтың да, қарақалпақтың да қаны бар. Бұрын шыққан тегі жайлы көп ойланбағанын айтадды. Өз сөзінше, Өзбекстанның Науаи облысында мектепте оқып жүргенде бәрі оны "қазақ" деп атаған. Үйде анасының үйретуімен қазақша сөйлеген, бірақ ұлты туралы түсінік кейін балалы болуды ойлаған кезде бір-ақ қалыптасыпты.

– 2013 жылы үйленіп, балалы болуды армандап жүрдік. Сол кезде ғана "Ұлтым кім? Балаларыма не айтамын?" деп ойлана бастадым. Балаларым "түпсіз, тексіз" болғанын қаламадым, – дейді Акылбек.

Қарақалпақстан тарихы

Қарақалпақтар – түркітілдес халық. Алтын Орда хандығының құрамында болған. 18-20 ғасырларда қарақалпақтар Хиуа хандығының құрамында болды. Коммунистер бастаған көтерілістен кейін хандық құлап, РСФСР құрамындағы Хорезм Халықтық Советтік Республикасы пайда болды. 1924 жылы билік Қарақалпақ автономды облысын құрды. Облыс Қазақ АССР-іне қарады. Бес жылдан кейін астанасы Нөкісте орналасқан Қарақалпақ АССР тіркелді. Тағы бес жылдан кейін облыс Өзбек ССР-іне қосылды. Совет Одағы тараған соң, Қарақалпақ АССР Жоғарғы кеңесінің отырысында "Қарақалпақстан Республикасын 20 жылға Өзбекстан Республикасының құрамына кіргізу" туралы мемлекетаралық келісім жасалды. Келісімде тәуелсіз Қарақалпақстан Республикасы референдум арқылы кез келген сәтте Өзбекстан құрамынан шыға алады деп жазылды. Қазір Қарақалпақстан Өзбекстандағы ең үлкен өңір саналады (ел территориясының 40 пайызы). Қарақалпақстан жерінің көбін шөл алып жатыр.

Мұратов қарақалпақтардың тарихы мен мәдениеті туралы ештеңе білмейтінін түсінген.

– Өзім туған Науаи облысы 1936 жылға дейін Қарақалпақ автономиясының құрамында болған. Бірақ жергілікті қарақалпақтар тілі мен ділінен, ұлттық болмысынан айырылып қалған. Мәдени, тілдік естелік қалған жоқ. Қарақалпақтар тарихын ешкім білмейді. 2000-жылдардың басында Өзбекстан үкіметі қарақалпақ мектептерін аша бастады. Бірақ бұл мектептерде аз ғана бала оқиды, – дейді Ақылбек.

2013 жылы ол өзімен көзқарасы ортақ адамдарды іздеп, әлеуметтік желіден бүкіл әлем қарақалпақтары араласатын топты тапқан. Сол жақта Қошқарбай Төремұратовпен танысқан.

– Алматыда қарақалпақ диаспорасын ашайық деп ұсындым. Келісті. Топтарға хабарлама жіберіп, танысу үшін бәрін Панфилов саябағына шақырдық. Екеуіміз ғана бардық. Сол кезде түскен суретіміз де бар. Соны салып, астына "Қарақалпақтардың Алматыдағы бірінші съезі" деп жазып қойдық. Ол кезде кеңсем бар еді. Әр жексенбі сайын қарақалпақтарды кездесуге шақыра бастадым. Басында халық аз болды, бірінші күні – үш адам, келесі демалыста бес адам жиналды. Ештеңеге қарамастан, әр жексенбі жинала бердік. 2014 жылға дейін солай болды, – дейді Ақылбек Мұратов.

Ақылбек Мұратов (оң жақта) пен Қошқарбай Төремұратов. 2022 жылы түсірілген фото.
Ақылбек Мұратов (оң жақта) пен Қошқарбай Төремұратов. 2022 жылы түсірілген фото.

Мұратовтың айтуынша, Қазақстанда, оның ішінде Алматыда нақты қанша қарақалпақ тұратыны жөнінде нақты дерек жоқ. Қарақалпақтар қауымдастығы алғаш Ақтауда ашылған. Екіншісін Алматыдан Ақылбек мен Қошқарбай құрған. 2022 жылы Өзбекстан Ақтаудағы қауымдастық басшысы Ниетбай Оразбаевқа іздеу жариялап, оны "билікті басып алу және конституциялық құрылымды бұзу мақсатымен астыртын сөз байласу" бабы бойынша сырттай 12 жылға соттаған.

Жаңа бірлестіктің жұмысы жақсы жүрген. Олар тіпті сайт жасап, қарақалпақтар туралы тарихи жазбалар жариялап отырған. Ақылбек қарақалпақтардың тарихы мен мәдениеті туралы кез келген ақпарат іздеп, Қошқарбай аударма жасайтын. Сайтта онлайн радио да болған.

ТӨРЕМҰРАТОВҚА ҚАРСЫ ІС

2014 жылы көктемде диаспора белсенділері, оның ішінде Ақылбек Мұратов пен Қошқарбай Төремұратов Наурыз мерекесіне орай той жасамақ болады. Шараның мақсаты – бірлестікке адам тартып, тұрақты ұйым құру. Ұйымдастырушылар елу шақты адам келер деп ойлаған. Бірақ қонақтардың саны 180-ге жеткен. Бұл – үлкен жетістік. Мәдени шара туралы хабар Қазақстанға ғана емес, Қарақалпақстанға да тарады.

Наурыз мерекесін тойлау. Алматы, 21 наурыз, 2022 жыл.
Наурыз мерекесін тойлау. Алматы, 21 наурыз, 2022 жыл.

Көп ұзамай Ресей Қырымды тартып алды. Бұл геосаяси шок болды. Елде сепаратистік көңіл-күй туралы қауіптің күшеюі Алматыдағы қарақалпақ диаспорасына да кері әсер етті.

2014 жылы шетелде тұратын қарақалпақ белсендісі Аман Сағидуллаев Ресей президенті Владимир Путинге хат жазып, Тәуелсіз Қарақалпақстан Республикасын құруға көмектесуді сұрады.

– Сағидуллаев "Біз де "туған жерімізге" оралғымыз келеді. Қарақалпақ АССР бір кезде РСФСР құрамында болған" деген ашық мәлімдемелер жасады. Ақпарат құралдары, әсіресе, ресейлік басылымдар бұл туралы жарыса жазды. Содан бізге де назар ауа бастады. Сағидуллаев Өзбекстаннан тыс жердегі этномәдени орталықтардың бәрі – Қарақалпақстанның бөлініп, жеке мемлекет болуын қолдайтын астыртын ұйымдар деп, бәрін ушықтырып жіберді. Біз ешқандай астыртын іспен айналысып, Қарақалпақстанның тәуелсіздігі туралы мәлімдеме жасаған емеспіз, – дейді Мұратов.

Бұл диаспораға да әсер еткен. Ақылбектің айтуынша, адамдар саясатқа араласудан қорқып, ұйымның жиындарына келуді қойған. Ұйымдастырушылар сайтқа "Ешқандай қозғалыс, партия не ұйымға қатысымыз жоқ. Бізді қарақалпақтардың тарихы мен мәдениеті ғана қызықтырады" деп жазып қойған.

2014 жылы қыркүйекте Қошқарбай Төремұратовқа туыстары хабарласып, анасы хәл үстінде жатқанын жеткізген. Ол үйіне тез жету үшін шекараны заңсыз кесіп өткен. Ақылбек төлқұжатына мөр бастырмаған, өйткені асығып, анасымен қоштасып үлгермеймін деп қорыққан. Шекараның арғы бетінде Төремұратовты арнайы қызмет өкілдері күтіп алған. Анасы туралы хабар жалған болып шыққан. Ақылбекті шекараны заңсыз кескені үшін ұстап әкеткен.

Мұратов серігіне қарсы қозғалған істі саяси себептермен және этнобірлестік қызметінен қауіптенумен байланыстырады.

– Төремұратовты 6,5 жылға бостандығынан айырып, Қаршы қаласындағы түрмеге жіберді. Ол жақта терроризм, саяси экстремизм және діни себептермен қамалған адамдар отырады. Түрмеде қарапайым адам жоқ, бәрі – саяси қудалаумен ұсталғандар. "Шекараны заңсыз кесіп өту" бабымен сотталғандарды ол жаққа жібермейді. Қошқарбай түрмеде саясат, экстремизм мен дінге қатысы жоқ баппен сотталған жалғыз тұтқын болған, – дейді Мұратов.

Қошқарбай Төремұратов 2017 жылы Өзбекстан президенті Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін түрмеден мерзімінен бұрын босатылды. Бостандыққа шыққан соң Төремұратов блог бастап, саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді көтере бастады. Ақылбек Мұратов диаспорадағы қызметін жалғастырды: ол қарақалпақтарға құқықтық көмек көрсетумен айналысады.

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекелік шараға қатысқан диаспора өкілдері.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекелік шараға қатысқан диаспора өкілдері.

– Жұрт әртүрлі мәселемен келеді: құлдықта болған, құжаттарын ала алмай жүрген, жұмыста жарақат алған кісілерді консулдықпен байланыстырып, көмектесемін. Мәдени шаралар өткізіп тұрамыз, жылда Наурыз тойлаймыз, – дейді ол.

"ОРЫНДЫҚҚА БАЙЛАП ҚОЙЫП, КӨЗ АЛДЫҢДА ТУЫСТАРЫҢДЫ АЗАПТАП ЖАТҚАНДАЙ СЕЗІМ БОЛДЫ"

2022 жылдың жазына дейін бәрі тыныш еді. Кейін Ташкент Өзбекстан Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар ұсынып, Қарақалпақстанды автономия мәртебесінен және Өзбекстан құрамынан кез келген сәтте шығу құқығынан айырмақ болды.

– 25 маусымда Қапшағайдан (қазіргі Қонаев қаласы – ред.) келе жаттым. Көлікке отырып, әлеуметтік желіні ашсам, жаңалық тұр екен. Конституцияға енгізілмек өзгерістер жарияланыпты. Қарақалпақ топтарында наразылық өршіп тұр, халық конституциялық өзгерістерге қарсылығын жазып жатыр. Бәрі маған хабарласа бастады. Үйде жаңалықтарды қарап шықтым, бәрі [Өзбекстан президенті Шавкат] Мирзияевтің президенттік мерзімі ұзаратын болды деп жазып жатыр, ал Қарақалпақстан туралы бірде-бір сөз жоқ, – дейді Мұратов.

Мұратов петиция бастап, Қазақстанда тұратын қарақалпақтардан қол жинамақ болған. Кейін петицияны Өзбекстан елшілігі арқылы Ташкентке беріп жіберемін, осы арқылы Қарақалпақстан мәртебесін өзгертуге көп адам қарсы екенін көрсетемін деп ойлаған. Ақылбек қол жинап тұрғанда, бірнеше кісі келген.

– "Алматы қаласының ішкі саясат басқармасынан келдік" деді. Астанадан хабарласып, "тоқтатыңдар" деп айтыпты. "Ешқандай заң бұзған жоқпын" дедім, бірақ бұл "мемлекетаралық қатынас, дипломатия" деп түсіндірді.

Нөкістегі оқиға

2022 жылғы 1 шілдеде Өзбекстан Конституциясының жаңа жобасы талқыланып жатқанда Шымбай және Мойнақ қалаларында наразылық акциясы басталды. Көп ұзамай наразылық Қарақалпақстан астанасы Нөкіске жетті. Конституция жобасында Қарақалпақстан референдум өткізіп, Өзбекстан құрамынан шыға алады деген бапты алып тастау ұсынылған.

1 шілдеде ішкі істер органдары жергілікті оппозиция басшысы Дәулетмұрат Тәжімұратовты ұстап әкетті. Ол бейбіт наразылық өткізуге рұқсат алғанын айтқан. Көшедегі халық саны көбейіп, наразылар Тәжімұратовты босатуды талап ете бастады.

Бейбіт жиын наразылар мен Өзбекстан Ұлттық гвардиясының қақтығысына ұласып, халыққа оқ атылды. Өзбекстан бас прокуратурасының дерегінше, 21 адам қаза тапқан. Құқық қорғаушылар құрбан болғандар саны әлдеқайда көп дейді.

2022 жылғы 2 шілдеде Нөкіске Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев барды. Ол Конституциядағы Қарақалпақстан мәртебесіне қатысты баптарды өзгеріссіз қалдыруға уәде берді.

2023 жылғы 30 сәуірде Өзбекстанда Конституцияны өзгерту жөнінде референдум өтті. Конституцияға енгізілген өзгертулерден кейін президент Мирзияев осы қызметке тағы екі мерзімге сайлану құқына ие болды. Қарақалпақстан мәртебесі туралы толықтырулар референдумге шығарылған жоқ.

Мұратов Нөкісте наразылық болған күнді ұмыта алмайды.

– Ол күндері көз ілген жоқпыз. Орындыққа байлап қойып, көз алдыңда туыстарыңды азаптап жатқандай сезім болды. Осының бәрін көруге мәжбүр болдық, – дейді ол.

Нөкістегі наразылық күшпен басылды. Осыдан кейін Өзбекстанның қауіпсіздік қызметкерлері Мұратов пен Қазақстандағы басқа да қарақалпақтарды тергеуге шақырды.

Нөкістегі наразылық акциясы.
Нөкістегі наразылық акциясы.

Кейін Ташкенттің сұрауымен белсенділер бірінен кейін бірі ұстала бастады.

Қазір Ақылбек Мұратов тұтқында отырған Қошкарбай Төремұратов, Жангелді Жақсымбетов, Тілеубике Юлдашева, Зиуар Мирманбетова, Раиса Құдайбергеновамен тұрақты байланыста. Бәрінің жағдайы жақсы дейді. Ақылбектің айтуынша, алда Қошкарбай Төремұратовтың үш соты келе жатыр.

Өзбекстан Путинге хат жазып, бүкіл әлемді шулатқан Аман Сағидуллаевқа да іздеу жариялап, сырттай оны 18 жылға соттаған.

Азаттық Төремұратов пен Жақсымбетовқа қатысты тараптардың, оның ішінде Қазақстандағы Өзбекстан елшілігінің пікірін ала алмады. Қазақстандағы адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро босқын мәртебесін бермеу туралы шешім әлі келмегенін айтты.

Мұратовқа "Сіз неге әлі бостандықта жүрсіз?" деген сұрақ көп қойылады.

– Мұнда екі фактор бар деп ойлаймын. Біріншісі, құқық қорғаушылармен және журналистермен үнемі байланыстамын, тіпті Еуропарламент саясаткерлері де хабарласты. Сондықтан ақпараттық қауіп жоғары. Екіншісі, тіл мәселесі. Басқалармен салыстырғанда осыған дейін қарақалпақ тілінде видео түсіріп, қарақалпақ аудиториясына үндеу жасап көрмедім. Үнемі осында жұмыста жүретінмін, – дейді ол.

Өзбекстан билігі Нөкістегі наразылыққа "сыртқы күштерді" кінәлады. Бұл шетелдегі, оның ішінде Қазақстандағы қарақалпақ белсенділерін қудалауға жақсы себеп болды.

Халықаралық ұйымдар мен Еуроодақ Ташкентті Нөкіс оқиғасын жан-жақты зерттеп, бейбіт демонстранттарға қарсы оқ атқандарды жауапқа тартуға шақырған. Өзбекстан бұл талаптарды орындамады. Құқық қорғау ұйымдары Қазақстаннан да ұсталған қарақалпақ белсенділерін Ташкентке бермеуді сұраған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG