Accessibility links

Үш баласын жеті жыл жалғыз асырап отырған Садриддин Шыңжаңда қалған әйелін қайтарғысы келеді


Алматы облысында үш балалы әке Қытайда қамалған әйелін қайтарғысы келеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:39 0:00

Алматы облысында үш балалы әке Қытайда қамалған әйелін қайтарғысы келеді

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылының тұрғыны Садриддин Аюповтың әйелі Миясар Мухедам Шыңжаңға кетіп, жеті жылдан бері отбасына орала алмай жүр. Қазақстан азаматы Садриддин қазір үш баласын өзі қарап отыр. Әйелі Миясар Қазақстан азаматтығын алу машақатына тап болып, Қытайға құжаттарын алуға барып бергі бетке оте алмай қалған.

"АНАЛАРЫ БОЛҒАНДА БӘРІ БАСҚАША БОЛАР ЕДІ..."

Шелек ауылының орталығындағы темір қабылдайтын жер. Бұл – 44 жастағы Садриддин Аюповтың жұмыс орны. Жеті жылдан бері көзі тірі анасын көре алмай өсіп келе жатқан үш баланы жалғыз асырап отырған әкенің қазіргі кәсібі – жарамсыз болып қалған ескі темірлерді қабылдау. Ол айына бір рет жиналған темірлерді "КамАЗ" көлігіне тиеп, Алматыға апарып өткізіп нәпақа табады

Садриддин жұмыс орнына үлкені ұлы 15 жасар Елзатты қалдырып, бізді үйіне бастады. Есіктен 9 және 11 жасар қыз бен ұл бала қарсы алды. Қазақша сәлемімізге орысша жауап қатты.

– Қазақша балабақшаға бердім. Бірақ тілі орысша шықты. Қазақша, ұйғырша түсінеді. Бірақ айта алмайды. Егер аналары болғанда бәрі басқаша болар еді ғой, – деді әкесі ақталғандай болып.

Үшінші қабатта орналасқан екі бөлмелі пәтер тап-тұйнақтай. Барлығымыз ас бөлмедегі үстелге жайғастық. Садриддиннің 11 жасар ортаншы ұлы Мүсілім мен 9 жасар кенже қызы, Фатима тым бұйығы, ашылып сөйлемейді. Көбінде қойған сауалыңды жауапсыз қалдырады. Алдына қойған айранды асығыс-үсігіс іше салып, әкесінің бетінен сүйген Мүсілім үстел басынан тез тұрып кетті. Ал Фатима бізге бір кесе су құйып әкеп берді де, әкесінен кетуге рұқсат сұрады.

– Үш жыл ешқайда шықпадым. Тек таксист болып, бала-шаға қарап отырдым. Ол кезде бұлар балабақшада болды. Студент кезімде тамақ істеп үйренген едім. Бірақ бәрібір де әйелдің жасағанындай болмайды екен. Бірде ыстық, бірде суық тамақ ішіп жүре бердік. Кей күндері дайын кеспені әкеп жеп жата салатын едік. Қызымды төрт жасына дейін өзім шомылдырып, жуындырып жүрдім. Ол кезде қызым жиі ауыратын еді. Жылына екі рет 15-20 күн екеуміз ауруханада жататын едік. Әйелімнің құжаттары өзімен бірге кеткендіктен балаларға тиесілі жәрдемақыны да алған жоқпын. Тек өзіммен тетелес өскен тәтем қол ұшын созып тұрды, – дейді Садриддин бастан кешкен қиындығы туралы сөз етіп.

Садриддин Аюповтің әйелі жеті жыл бұрын Қытайға құжатын жаңарту үшін барып, содан бері Қазақстанға орала алмаған. Үш баласын бағып отырған Аюпов Қазақстан билігінен көмек сұрайды. Шелек, Алматы облысы, 20 шілде 2023 жыл.
Садриддин Аюповтің әйелі жеті жыл бұрын Қытайға құжатын жаңарту үшін барып, содан бері Қазақстанға орала алмаған. Үш баласын бағып отырған Аюпов Қазақстан билігінен көмек сұрайды. Шелек, Алматы облысы, 20 шілде 2023 жыл.

ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТЫҒЫН АЛУ МАШАҚАТЫНАН ЛАГЕРЬГЕ ДЕЙІН

Садриддиннің әйелі 37 жастағы Мясар Мухедам – Қытай азаматы. Қазір Қытайдың Қашқар аймағына қарасты Атуш қалашығында қалып, Қазақстанға өте алмай отыр. Екеуі 2006 жылы Египетте танысып, бас қосқан. Садриддин 2007 жылы әйелімен Египеттен Қазақстанға оралып, Алматы қаласындағы мешіттердің бірінде имам болып жұмыс істеген. Екеуінің де ұлты ұйғыр.

– Елге келген жылы үлкеніміз дүниеге келді. 2009 жылы әйеліме Қазақстан азаматтығын алу үшін құжат жинай бастадым ("Азаматтық туралы" заңда Қазақстан азаматымен кемінде үш жыл некеде тұрғандар азаматтыққа тапсыра алады – Ред). Оның ішінде сотталмаған, қашпаған, ұрлық істемеген, іздеуде емес деген он бес түрлі құжатты Қытайдан алып келдік. Оған алты ай уақыт кетті. Құжаттарымызды уақытында қараған жоқ. Ал Қытайдан әкелген анықтамалардың жарамдылық мерзімі бір ай ғана еді. Осылай екі рет бардық. Үшінші ретінде паспорттың мерзімі аяқталып кетті де, әйелім Қытайға қайта баруға мәжбүр болды. Қайтарда Қазақстан елшілігі әйеліме туристік виза берді. Онымен азаматтық берілмейтін еді. Оны ауыстыру үшін Қытайға тағы баруға тура келді, – дейді Садриддин.

2016 жылы Шыңжаңда аз ұлт өкілдеріне діні мен салт-дәстүріне қысым басталып, Қытай билігі өлкеде лагерьлер салып жатқаны туралы хабар тараған кез еді. Миясар Мухемадтың Қытайға кезекті сапары осы кезбен тұспа-тұс келген. Садриддиннің айтуынша, әйелі 2016 жылы қыркүйекте "Қорғас" кедендік бекетінен өтіп Үрімжі қаласына барғанда полиция Миясардың паспортын алып қояды, ал 2017 жылы наурызда саяси лагерьге қамайды.

– Әйелімнің Қытайға кетуіне бірінші құжат мәселесі себеп болса, екінші жағынан, анасы Миясарға "әкеңді алып кетті. Сақшылар саған қоятын сұрақтарымыз бар, келсін деп жатыр. Сен келсең әкеңді жібереді екен" деді. Сосын кетті ғой. Бірақ сол кеткенінен бүгінге дейін оралмады, – дейді күрсініп.

Аюпов әйелі Қытайдан қайта алмағалы балаларын бағуды түгел өз қолына алған.
Аюпов әйелі Қытайдан қайта алмағалы балаларын бағуды түгел өз қолына алған.

Садриддин дін жолына түскен қайын атасы мен қайын ағасы да үш жыл саяси лагерьде болғанын, 63 жастағы енесі кіші қызын Египетке апарып құран жаттатып, діни оқу оқытқаны үшін сотталғанын айтады. Ол Египетте білім алған балдызының қазір қайда екенін білмейді. Ал Миясар 2017 жылдың наурызынан бастап саяси лагерьде төрт жыл отырған.

– Миясардың лагерьге қамалуына қазақстандық азаматқа тұрмысқа шыққаны және Египеттен діни білім алғаны себеп болған. 2017 жылы наурызда ол маған "Қазір маған полиция келіп тұр, алып кетеді, қашан шығатыным белгісіз" деп қоңырау шалды. Одан кейін он бес күн өткенде лагерьдің ішінен телефон шалды. Арада екі ай өткенде ауруханадан бір медбикенің телефонынан хабарласты. Содан кейін хабарсыз қалдық, – дейді Садриддин әйелі жайлы.

"ӘЙЕЛІМ ӘЛДЕКІМНЕН ҚОРҚЫП ОТЫРҒАНДАЙ..."

Бұған дейін Қытай билігі Шыңжаңдағы "кәсіпке баулу орталықтары" 2019 жылдан бастап жұмысын тоқтатқаны туралы айтқан еді. Алайда Миясар Мухедам 2021 жылы ғана күйеуіне "лагерьден шықтым" деп қоңырау шалған. Қазір жылына бір-екі мәрте Қытайдың WeChat әлеуметтік желісі арқылы хабарласады. Биыл сәуірде Садриддин мен Миясар шекарадағы "Қорғас" сауда орталығында жолықпақ да болған. Бірақ Қытай тарапы әйелінің құжатын бермеген.

– Әйелім бізбен емен-жарқын сөйлесе алмайды, тіпті балалармен де көп тілдеспейді, әлдекімнен қорқып отырғандай. Балаларым бұрын "мамамыз қашан келеді, сөйлестің бе?" деп сұрай беретін. Қазір тіпті айтпайды да. Өткенде "мамаларың жайлы сұрамайтын болыпсыңдар ғой" деп едім, "мамамыз сөйлессе, өзің де айтасың ғой" деді. Бұлардың да мына өмірге еттері өліп кетті, – дейді ол.

Садриддин әйелін елге алдыру үшін Қазақстан билігінен бір емес, бірнеше мәрте көмек сұраған. Бірақ оның жазған арыздарына мүлде жауап келмеген. БҰҰ-ны Брюссельдегі жиынына да қатысып сөз сөйлегенін айтады.

– Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына екі рет, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына бір рет хат жаздым. Сыртқы істер министрлігіне жіберген хаттарымда есеп жоқ. Бірақ бірде-біреуіне жауап келмеді. Екі рет "бізге виза беріңдер, балаларымның анасына барып келейін" деп Қытайдың Алматыдағы консулдығына бардым. Қағаздарымды да қабылдамады. Есіктен итергендей қылып шығарып жіберді, – дейді ол ренішін жасыра алмай.

Садриддин "балаларыма аналар бір көрсетсем арманым жоқ" деп терең күрсінді.

– Әйелім Қазақстан азаматы болса, Қытайға бармайтын да еді. Қытай ол "Қазақстан азаматы, келмейді" деп әңгімені жауыпы тастайтын еді. Қазақстанның паспорт бермегені, азаматтық бермегені бізге үлкен себеп болды, - дейді ол.

Азаттық радиосы да Садриддин Аюповтың мәселесіне байланысты сыртқы істер министрлігі ресми хат жолдады, әзірге жауап келген жоқ. Ал Қытайдағы қазақтардың құқығын қорғаумен айналысатын "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Ербол Дәулетбекұлы ұйым атынан сыртқы істер министрлігіне Аюповтың мәселесін көтеріп, бірнеше рет хат жазғанын, бірақ ешқандай жауап болмағанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG