Accessibility links

"Әкемнің жерленген жерін білмеймін, анам мен інілерімнен хабар жоқ". Шыңжаңдағы жақындарын іздеген музыкант


Ақиқат Қалиолла студиясында сағынышты музыканы ойнап отыр. 18 тамыз 2022 жыл.
Ақиқат Қалиолла студиясында сағынышты музыканы ойнап отыр. 18 тамыз 2022 жыл.

Шыңжаң өлкесі Тарбағатай аймағы Дөрбелжің ауданында туған 38 жастағы Ақиқат Қалиолла – 2015 жылы Қазақстанға қоныс аударған кәсіби музыкант. Алматы қаласында тұрып жатқан өнерпаз төрт жылдан бері Қытай билігінің Шыңжаңдағы аз ұлттарға жасаған қысымына қарсы күресіп келеді. Оның Шыңжаңда қалған анасы мен екі бауырынан хабар алмағалы екі жылдан асқан. Ал "Қытай түрмесінде қайтыс болған" әкесінің қайда жерленгенін білмейді. Ол Қазақстан президенті Тоқаев 14 қыркүйекте Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездесуде Шыңжаң қазақтарының мәселесін көтереді деп үміттенеді.

Ақиқатпен Алматы қаласындағы жекеменшік балабақшаның жертөлесіндегі шағын студияда кездестік. Алакөлеңке студия ішінде дауыс өңдейтін екі компьютер мен электронды пианино, бір диван, шағын үстел мен бірнеше музыкалық аспап тұр. Студия табалдырығын аттаған сәтте ол рояльда әлдебір мұңлы музыка ойнап отырды. Ақиқат қазір көңілді музыка ойнауға құлықсыз, себебі ол Шыңжаңда қысымға ұшыраған ет жақындарын ойлап сары уайымға салынып жүр.

"Көз алдыма тек анам келеді". Шыңжаңда қалған жақындарына араша түсіп жүрген музыкант
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:36 0:00

Ақиқат 2018 жылдан бері Қытай билігінің Шыңжаңдағы аз ұлттарға жасаған қысымына қарсы шығып, күресіп келеді. Әуелі тіркелмеген "Атажұрт" ұйымының жиынына қатысып, арғы бетте қалған жақындарының көрген азабын айтудан басталған оның күресі уақыт өте келе Қытайдың Алматыдағы консульдығы алдындағы наразылыққа ұласты. Консулдық алдында ол Қытай басшысы Си Цзиньпиннен туғаандарын босатуды, Шыңжаңдағы геноцидті тоқтатуды талап етіп жүр. Бірақ екі жылға жуықтаған бұл наразылыққа Қытай консульдығы бірде-бір рет жауап бермеді.

Ақиқат Қалиолла Алматыдағы Қытай консулдығы алдындағы наразылық шарасында.
Ақиқат Қалиолла Алматыдағы Қытай консулдығы алдындағы наразылық шарасында.

Ақиқат Қалиолланың Қытай қысымына қарсылығы тек Алматыдағы Қытай консульдығы алдындағы наразылықпен шектелген жоқ. Нұр-Сұлтан қаласындағы Қытайдың Қазақстандағы елшілігіне де бірнеше мәрте барып, жақындарын босатуды сұрап хат тапсырды. Қазақстан үкіметі мен сыртқы істер министрлігінен де тұрақты көмек сұрап келеді. Бірақ Қазақстан тарапы "Қытайдың ішкі ісіне араласа алмайтындарын" айтып, сыпайы жауап беруден әрі аспады.

"ШЫҢЖАҢ ЖҰРТЫ АМАН БОЛСЫН ДЕП БАЛАМНЫҢ АТЫН ЕЛАМАН ҚОЙДЫМ"

Ақиқаттың айтуынша, 2018 жылы наурызда Шыңжаңда әкесі түрмеге, 63 жастағы анасы мен екі інісі – 35 жастағы Мұқият пен 33 жастағы кенже інісі Парасат лагерьге қамалған. 2019 жылы анасы мен екі інісі лагерьден шыққан соң бір жыл үйқамақта отырған. Ал әкесі түрмеде қалған.

Ол 2020 жылы АҚШ-тың сол кездегі мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қазақстанға жұмыс сапарымен келгенде онымен жолығып, Шыңжаңда қысымға ұшыраған туыстарына көмектесуді сұраған еді. Ақиқат осы кездесуден соң Шыңжаңдағы анасы мен екі бауырынан хабар үзілгенін айтады, ол екі жыл өтсе де жақындарының қайда екенін, өлі-тірісін білмейді. Ал анасы мен інілерінен хабар ала алмай жүргенде ауылдастарынан әкесі Қалиолла Тұрсынұлының түрмеде қайтыс болғанын естіген. Ақиқат анасы мен бауырларының хабарсыз кеткенін өзінің Қытай билігіне қарсылығымен байланыстарды.

- Олар туыстарымды біраз уақыт менімен сөйлестірмей қойған еді. 2020 жылы 14 шілдеден бастап үш күн қатарынан сөйлестім. Яғни, Қытай билігі туыстарымды менімен сөйлестірді. Олар анама "Сен Ақиқатпен сөйлес, ұлың үкіметке қарсы, оны басқалар пайдаланып отыр" деп айтады. Бұған қоса "үшеуің Ақиқатқа қарсы "бізде бәрі жақсы, Ақиқат өтірік айтады" деп видео арқылы сөйлеңдер" деп үгіттейді. Анам "бізде бәрі жақсы" деп қана айтқан. Бірақ менің атымды атамаған. Ертеңінде олар "Кешегі видео жарамайды екен. Қайтадан сөйлеңдер. Сіздер Ақиқатты қаралауларыңыз керек" деп келген. Мұны туыстарым маған айтып отырды. Мен мына жақтан WeChat (Қытайдың әлеуметтік желісі – Ред.) арқылы анамның сөйлеген сөзін жазып алып, үзіндіні Youtube желісіне жариялап жібердім. Содан кейін туыстарым жоқ болып кетті, – дейді ол.

Ақиқат Қалиолланың отбасы. Артқы қатарда солдан оңға қарай Парасат, Мұқият, Ақиқат және оның әйелі Қорлан Кәртенбаева. Алдыңғы қатарда ортада Ақиқаттың әкесі Қалиолла Тұрсынұлы мен анасы Венера Мұқатайқызы.
Ақиқат Қалиолланың отбасы. Артқы қатарда солдан оңға қарай Парасат, Мұқият, Ақиқат және оның әйелі Қорлан Кәртенбаева. Алдыңғы қатарда ортада Ақиқаттың әкесі Қалиолла Тұрсынұлы мен анасы Венера Мұқатайқызы.

Ақиқат "Қытай түрмесінде қайтыс болған" әкесінің нақты қайда жерленгенін білмейді, ауылдастарынан "түрме ауласына көмген" дегенді естіген.

- Әкемнің өлгенін естігенде бірінші күні сенбедім. Өтірік ақпарат шығар деп ойладым. "Бәлкім, Қытай мені өтірікші қылу үшін жалған ақпарат таратқан шығар" деп те ойладым. Бірақ жан жақтан сұрастырып, растығына көзімді жеткізгеннен кейін 20 күн үйге келмедім. Студияда жатамын, студия отырып жылаймын. Көз жасымды балаларыма, отбасыма көрсеткім келмеді. Бес жастағы қызым Тамаша мен үш жастағы ұлым Еламанның алдында жылап отыру қиын болды. Әкем екінші немересі Еламанның дүниеге келгенін де білмей кетті. Ұлымның атын бір ай бойы қоймадым ғой. Неге Еламан қойдым, білесіз бе? Арғы бетте тыныштық болсын. Шыңжаңда қалған ел аман болсын деп "Еламан" қойдым. Басында "әкем түрмеден шығады, немересінің атын өзі қояды" деп жүрдім ғой, - дейді ол.

Ақиқат Дөрбілжінде аудандық мәдениет үйінде қарапайым қызметкер болып жұмыс істеген әкесін "әділет іздеуші адам" еді деп еске алады.

- Әкем әділетсіздікке тап болғандардарға ара түсіп, жергілікті жердегі жемқорлықты жиі сынайтын еді. Қытай басшысы Си Цзиньпинге хат та жазған. Әкемнің бұл қылығы шенділерге ұнамады. Іштеріндегі ұзақ жылдық қыжылды шығарып, кектерін алды, - деп күрсінді ол.

Ақиқат бауырлары Мұқият Шыңжаңда жеке кәсіпкер болғанын, Парасат Пекинде білім алған кәсіби музыкант екенін айтады. Ол шешесі мен інілері жайлы айтқан кезде көзіне жиі жас алады.

- Марқұм әкем сол жас күнінен әділдікті жаны сүйген болуы керек. Бірінші баласына Ақиқат, екіншісіне Мұқият, үшінші ұлына Парасат деп ат қойыпты. Соған қарағанда мен түсінбейтін, мен түбіне жете алмаған, өзінің бір іздеген ақиқаты болған-ау.

ТОҚАЕВ-СИ ЦЗИНЬПИН КЕЗДЕСУІНЕН ҮМІТ

Музыкант көп уақытын студияда өткізеді. Аптасына үш рет – дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері Қытайдың Алматыдағы консульдығы алдында наразылыққа шығады. Айтуынша, бұл наразылық шарасының басталғанына да 600 күнге жуықтаған. Ақиқат Қытай консулдығы алдындағы наразылыққа қатысқаны үшін "бейбіт митинг заңын бұзды" деген айыппен бірнеше рет айыппұл да төлеген.

Алматыдағы Қытай консульдығына апта сайын барып жүрген Ақиқат 14 қыркүйекте Қазақстанға Қытай басшысы Си Цзиньпин келетінінен де хабардар. Ол Қытай басшысының сапары алдында өздерін қамап тастай ма деп қауіптенеді. Ақиқат 5 қыркүйек күні Шыңжаңдағы туыстарын іздеп жүрген бір топ тұрғынмен Алматыдағы саябаққа барып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұрады. Олар Тоқаевтан Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін Си Цзиньпинмен кездесуде көтеруді сұрайды.

Шыңжаңда туысы қамалғандар Алматыда жиналып, президент Тоқаевтан көмек сұрады. Ақиқат Қалиолла да (оң жақта) бұл шараға қатысты. 5 қыркүйек 2022 жыл.
Шыңжаңда туысы қамалғандар Алматыда жиналып, президент Тоқаевтан көмек сұрады. Ақиқат Қалиолла да (оң жақта) бұл шараға қатысты. 5 қыркүйек 2022 жыл.

- Мәселемізді билік бәлкім естіп те отырған шығар. Сондықтан осы жолы Қазақстан президентінен үлкен үміт күтеміз. Арызымызды Қытай коммунистік партиясының төрағасы Си Цзиньпинге жеткізіңіз, - деді Ақиқат саябақтағы шарада президент Тоқаевқа қайырылып.

"ЕҢ ҚИЫНЫ – ЖАНАСЫЗ КӨМІЛГЕН ӘКЕНІҢ ҚАСІРЕТІН ҰМЫТУ"

Ақиқат анасы мен інілері хабарсыз кеткелі жүрегінің де жиі сыр бере бастағанын айтады. Жақындарына алаңдайды, көп түндерін ұйқысыз өткізеді. Түрмеде қайтыс болған әкесінің ауыр тағдыры да үнемі ойына оралады.

- Ақша табу, бала-шағаңды қыдырту, консульдық алдындағы наразылыққа қатысу, одан қалса ұсталып, айыппұл төлеу – мен үшін қатардағы көп нәрсенің бірі. Маған қиыны – жаназасыз көмілген әкеңнің қасіретін ұмыту. Маған қиыны – хабарсыз кеткен анам мен екі інімінің тағдырын санадан шығару. Маған қиыны – өз қолыңмен жақыныңды арулап көме алмау, - дейді музыкант.

Ақиқат қазір өнер екінші орынға ығысып, күнкөріс көзі болып қалғанын айтады. Ол "мақсатым – анам мен інілерімді босатып, Қазақстанға алып келу" дейді.

- Білесіз бе, кейінгі төрт жылда бір рет болса да тойға бармаппын. Әкем түрмеде адам төзгісіз азаппен өліп, қалған жақындарымнан бейхабар қалған шақта той тойлап, жарқылдап жүруге дәтім жетпейді. Көңілім құлазыған кездері бала шағамды алып, тауға шығып кетемін, - деп түйіндеді ол сөзін.

Ақиқат Қалиолла Алматыдағы музыка студиясында. 18 тамыз 2022 жыл.
Ақиқат Қалиолла Алматыдағы музыка студиясында. 18 тамыз 2022 жыл.

Пекиннің Шыңжаңдағы қазақтарға қысым көрсетіп жатқаны туралы Қазақстанда 2017 жылдың сәуірінен бастап айтыла бастады. Сол кезден бастап қазақтардың діни құқықтарының шектелгені, шетелге шығу үшін төлқұжат берілмей жатқаны, саяси лагерьлерге қамалғандары туралы ақпараттар тарады.

Саяси лагерьде отырып шыққан азаматтар да Азаттыққа сұхбат беріп, ондағы басынан кешкендері туралы баяндады. Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз де Шыңжаңдағы саяси лагерьлер, күштеп жұмысқа жегу, балаларды ата-аналарынан айыру, дінге тыйым салу туралы жиі жазды. Батыс елдері мен АҚШ Қытайдың бұл саясатын сынға алды. Пекиннің Шыңжаңдағы саясаты Қытай мен Батыстың қарым-қатынасының бұзылуына бір себеп болды.

БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаңдағы лагерьде бір миллион мұсылман қамалған. Пекин Шыңжаңдағы саясатын ішкі ісіміз әрі экстремизммен күрес, кәсіп меңгеру деп мәлімдейді.

Қытайды экономикалық серіктес санайтын Қазақстан Пекиннің Шыңжаңдағы саясатына қатысты ресми мәлімдеме жасамаған. Алматыда сот Шыңжаңда жақынымыз қалды деп Қытай консулдығына барып жүрген бір топ адамға бірнеше рет айыппұл салып, кейбірін қамаған.

Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық арналар арқылы Шыңжаңда қалған қазақтарды біртіндеп қайтарып жатқанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG