Accessibility links

Адвокат: «Елбасы» мәртебесі Ефимованың ісін қалыңдата түсуі мүмкін


Еуропалық сот Ресейдің БТА банктің бұрынғы қызметкері Вероника Ефимованы Қазақстанға экстрадициялауын тоқтататын жарлық шығарды. Мәскеулік адвокаттар Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевқа «елбасы» мәртебесін беретін заң күшіне енуіне байланысты Ефимоваға өз отанында әлі талай айыптар тағылады дейді.


СОТ АРАША ТҮСТІ

Бір жылға жуық Ресей абақтысында отырған БТА банктің бұрынғы корпорациялық басқарма бастығы Вероника Ефимова әзірше Қазақстан билігіне берілмейтін болды. Ресейлік «Коммерсант» газетінің хабарлауынша, Адам құқықтары жөніндегі еуропалық сот Ресей билігінен банкирді Қазақстанға экстрадициялауды тоқтатуын сұрады. Қазақстан билігі ірі көлемде қаржы ұрлады деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген Ефимова 2009 жылы шілденің 3-і күні Қазан қаласындағы вокзалда ұсталған.

Еуропалық соттың мұндай талап қоюына Ефимованың осы сотқа берген арызы түрткі болып отыр. Мәскеу абақтысында отырған банкир халықаралық сотқа жазған арызында өзін Қазақстан билігіне тапсыруға жол бермеуін өтінген.

Халықаралық соттың талабы болмағанда, Ресей банкирді қазақстандық билікке тапсыруға дайын отыр еді. Ресей бас прокурорының орынбасары Александр Звягинцев биыл сәуірдің 21-і күні Ефимованы отанына қайтару туралы шешім шығарды. Ал маусымның 18-і күні Мәскеу қалалық соты прокурор шешімін заңды деп тапты.

ЕФИМОВА ЖӘНЕ ЕЛБАСЫ

Ресейлік сот инстанцияларының барлығынан өткен банкирді мәскеулік адвокаттар - Константин Барановский, Валентина Бокарева және Сергей Бровченко қорғап жатыр.
Мұхтар Әблязов
Адвокат Барановскийдің айтуынша, Ефимова өзінің бұрынғы бастығы Мұхтар Әблязовтің Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевтың «қас жауы» саналатындықтан өзінің ісі отанында әділ өтетіндігіне күмәнмен қарайды. Бұған қоса, адвокат Назарбаевқа ұлт көшбасшысы мәртебесін әперген жаңа заң өз қорғауындағы азаматшаның күдігін одан әрмен қоюлата түседі деп есептейді.

«Вероника Ефимова Қазақстан билігі БТА банкті 2009 жылы ақпанда рейдерлік әрекет арқылы мемлекет меншігіне айналдырды деп есептейтіндігін ескере отырып, «біз өз қорғауымыздағы азаматқа қазақ президентінің биографиясындағы мәліметтерді бұрмалады деген қосымша айып тағылуы мүмкін екендігін жоққа шығармаймыз» деді.

«Өйткені Қазақстан парламенті Назарбаев мырзаны биылғы көктемде ұлт көшбасшысы деп жариялаған соң, құқық қорғау органдарының пікірінше, президенттің биографиясын бұрмалаудың өзі қылмыстық іспен қудаланады», - деп мәлімдеді Барановский «Коммерсант» газетіне.

БТА банктің бұрынғы басқарма төрағасы, қазір Лондонда тұратын Роман Солодченко халықаралық соттың бұрынғы әріптесіне қатысты шығарылған шешімін дұрыс деп есептейді. Дүйсенбі күні Азаттық радиосына берген сұхбатында Солодченко қазақстандық соттың БТА банктің бұрынғы қызметкерлеріне қатысты әділ шешім шығаратындығына күмәнмен қарайтындығын айтып, ұлт көшбасшысы туралы заң Ефимова үшін қауіпті деген тұжырымға қатысты жеке пікірін білдірді.
БТА банктің бұрынғы басқарма төрағасы Роман Солодченко.
23 қазан 2008 жыл.


«Әлбетте, мен еуропалық соттың экстрадициялауды тоқтату туралы шешімін қолдаймын. Жақында ғана қабылданған ұлт көшбасшысы туралы заңның Вероника Ефимоваға қаншалықты зияны тиетіндігін мен нақты білмеймін. Бірақ оған Қазақстаннан гөрі Ресейде ұзағырақ қалғаны тиімді болары анық. Өйткені Қазақстанда үкім заң ережелері аясында емес, белгілі бір тапсырмаларға сай шығарылатындығы ешкімге жасырын емес», – дейді банкир.

Қазақстан соты 2009 жылы желтоқсанның 25-і күні БТА банкінің бұрынғы 12 қызметкерін аса ірі көлемде қаржы жымқыру үшін қылмыстық топ құрған деп айыптап, оларға екі жылдан сегіз жылға дейін жаза кескен.

Ал банктің бұрынғы басқарма төрағасы Мұхтар Әблязовқа халықаралық іздеу жарияланды. Оған аса ірі көлемде қаржы жымқырған деген айып тағылып отыр. Әблязовке қатысты қылмыстық іс жеке топтастырылған.
XS
SM
MD
LG